«Атпаймыз» деп қызымды өлтірді»: израильдік әйел ХАМАС шабуылы туралы

Гали: содырлар үйімізге басып кіріп, қызымды өлтірді, жұбайымды алып кетті

Нұрдәулет Кәкіш
31/10/2023 - 20:51

Фото: BBC

Фото: BBC

ХАМАС содырлары израильдік Цачи Иданы Газаға алып бара жатқанда оның қолы қанға малшынған еді. Ол қызының қаны болатын. Отбасының көзінше хамастықтар 18 жасар Мааянды атып өлтірген. Қызының өлі денесін бауырына басқан әкені содырлар алып кеткен. Бұл отбасындағы осы жағдайды хамастықтар Facebook-тен тікелей эфирде көрсетіпті. Бұл туралы толығырақ Sarbaz.kz материалында.

Гали Идан Израильдің оңтүстігінде 7 қазан күні ХАМАС-тың шабуылы кезінде болған сұмдық жағдай туралы айтты, деп хабарлады BBC агенттігі.

Ол тірі қалған балаларымен қауіпсіз жерге орналасқан. Алайда содырлар күйеуі Цачиді кепілдікке алып кеткен. Оған дейін үлкен қызы Мааянды атып өлтірген.

Мааян өте байсалды да ұяң, желкілдеп өсіп келе жатқан қыз еді деп еске алады көршілері.

«Ол енді ғана көлік жүргізу куәлігін алған. Мааян оқуды өте жақсы көрді. Қайтыс болардан 4 күн бұрын 18-ге толған еді. Енді ол әрдайым 18-де болып қала береді», - деді анасы.

Ағаштардың көлеңкесіне жайғасқан Гали сол азапты күнді еске түсіргісі келмейтінін айтады.

«Мен оның аман-есен қайтып оралғанын қалаймын», - деді Гали жұбайы Цачи туралы ВВС тілшісіне.

Галидың айтуынша, оның отбасы 7 қазан күні Газадан ұшып келген зымыран соққысы туралы хабарлаған сиренаның дыбысымен оянған. Олар мұндай жағдайларда не істеу керектігін білсе де, бұл жолы бәрі басқаша болған.

«Жарылыстың толқындары қатты болды. Баспанадан сыртқа шыға алмай қалдық. Үй ішіндегі жабық бөлмеге қамалуға тура келді. «Цачи екеуміз бір-бірімізге қарап, қорқынышты нәрсенің болып жатқанын сездік. Қаланың ескерту жүйесінен шабуыл жасалғанын, үйден ешқайда шықпау керектігі туралы хабарлама келді. Содан кейін тыныш отыру керек екені, өйткені лаңкестер қалаға басып кіргені хабарланды. Бұлай ешқашан болмауы керек еді. Бұл ең қорқынышты нәрсе еді. Билік пен қауіпсіздік қызметі әрдайым мұндай жағдайдан басқаша шығудың жолын табуы керек еді. Кенет бұл қорқынышты жағдай шындыққа айналды», - деді ол.

Галидің айтуынша, сыртта бірдеңе жарылған кезде пәтер терезелерінің әйнегі де сынып кеткен. Содан кейін көп ұзамай үйдің дәлізінен бөгде адамдардың дауыстары естілген.

«Бір кезде бір ер адам ағылшын тілінде «біз атпаймыз» деп айқайлады. Цачи есікті оларға ашуға мұрсат бермей, бергі жақтан тұтқаны мықтап ұстап тұрды. Бұл есікте құлып жоқ болатын. Балалар қорқып айқайлайды. Бөлмеде у-шу, тас қараңғы. Мааян не болып жатқанын бірден түсініп, жүгіріп барып, әкесі Цачиге есікті ұстауға көмектесті. Олар «атпаймыз» деп алып, біздің есікті аша алмаған соң бірден оқ атты. «Оқ кімге тиді?» - деп айқайлайды Цачи. Мааян Цачидің жанына құлап түсті. Сол сәтте хамастықтар пәтерге басып кірді. Айқай-шу басталды. Олар шамдарды қосты», - деді Гали.

Көз жасын көл қылған Гали әңгімесін одан әрі жалғастырды.

«Мааян қызым қан жоса болып жатты. Мен оның қасына барып, оқтың басына тигенін көрдім. Бұл тек өлімге әкелетін жарақат. Содырлар бізге айғайлап, бөлмеден шығуды бұйырды. Балаларды сабырға шақырып, 11 жасар Яэль мен 9 жасар Шахарды бөлмеден шығардым. Олар еденде сырттағы атыс дыбысын естіп отырды», - деді Гали.

Бір кезде содырлар бірі Галиден телефонын алып, паролін сұрапты. Сол сәтті олар Галидің Facebook аккаунтынан тікелей эфирден көрсетіпті.

26 минуттық бейнежазбада балалардың атыс дыбыстарынан қорқып ата-аналарының жанында жылап отырғаны, олардан бірнеше метр қашықтықта жатқан Мааянның жансыз денесі, қолы байлаулы Цачи таспаланыпты.

«Бақытымызға орай менің батыл балаларым бар. Олар тіпті террористермен тілдесті. Балалар бұл адамдар неге осында жүргенін, неге адамды атып өлтіретінін сұрады. Цачи екеуміздің жүрегіміз жарылып кете жаздап отырдық. Көз алдымызда қызымыз қайтыс болды. Жақында ғана оның 18 жасқа толған туған күнінде үй шар, құттықтау хаттарға толып еді. Енді алдымызда қан жоса болып, өлі денесі жатыр. Бір кезде содырлар Цачиді алып кетті», - деді Гали жасын тыя айлмай.

Шабуыл кезінде Галидің екінші қызы 15 жасар Шарон Тель-Авивте болыпты. Шарон әкесімен содырлардың шабуылы кезінде телефон арқылы сөйлесіп үлгеріпті.

«Шарон, бізде қиын жағдай болып жатыр. Мен кейінірек қоңырау шаламын. Сені қатты жақсы көремін», - деген Цачи тұтқаны қойып, есікті ұстауға жүгірген.

Бұл олардың соңғы әңгімесі болған. Гали жұбайына айтқан соңғы сөздерін де есіне алды.

«Үйден алып кетіп бара жатқанда мен оған оны жақсы көретінімді, батыр болмай, ақылды болып, аман-есен оралғанын қалайтынымды айттым», - деді Гали.

Мааянның жерлеу рәсіміне қолдарында гүл шоқтары бар жүздеген аза тұтушы жиналған.

Достар мен туыстары Мааянның волейболды жақсы көргенін, өмірге құштар болғанын еске алды.

Жерлеу рәсіміне барғандардың көпшілігі Цачи мен Мааянның фотосуреттері (бейбіт күндері күліп түскен сурет) бейнеленген, «ұрланған әке» мен «өлтірілген қызы» деген жазулары бар жейделер киген. Жейденің арқа жағында «Цачиді қайтарыңыз» деген жазу басылған.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85