ЦАХАЛ соңғы күндері 600-ден аса нысанға соққы берді

Бұл туралы Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) мәлімдеді

Нұрдәулет Кәкіш
30/10/2023 - 22:01

Фото: REUTERS

Фото: REUTERS

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) бүгін, 30 қазан күні қақтығыстың соңғы бірнеше күнінде әскерилердің 600-ден аса ХАМАС нысандарына соққы бергенін мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Израиль армиясының Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Соңғы бірнеше күнде ЦАХАЛ 600-ден астам террористік нысандарды, соның ішінде қару-жарақ қоймаларын, танкке қарсы зымырандарды ұшыруға арналған ондаған позицияларды, сондай-ақ ХАМАС пайдаланатын баспаналар мен операциялық базаларға соққы жасады», - делінген Израиль армиясының Telegram арнасында.

Сонымен қатар Израиль армиясының әскери қызметшілері Әл-Азхар университетінің аймағында қарулы террористерді және танкке қарсы зымырандарды тауып, оларға соққы беру үшін жойғыш жібергені атап өтілді.

ЦАХАЛ сонымен қатар ғимараттар мен туннельдерге тосқауыл қойып, әскерлерге шабуыл жасамақ болған Газа секторындағы ондаған террористің жойылғаны туралы хабарлады. Сондай-ақ Израиль армиясы ХАМАС-қа тиесілі ғимараттың ішіндегі плацдармға ауадан соққы берді. Онда Палестина қозғалысының 20-дан аса мүшесі болды.

Бұған дейін, 29 қазан күні ЦАХАЛ өкілі, бригада генералы Даниэль Хагари Израиль армиясының қосымша күштері түнгі маневрлер арқылы Газа секторына еніп, қазіргі уақытта жердегі операцияларды кеңейтіп жатқанын айтты.

«Анклавта кепілге алынған 230 адам бар, олардың отбасыларына бұл туралы хабарланды», - деп қосты ол.

Таяу Шығыстағы соғыс 7 қазан таңертең ХАМАС қозғалысының Израиль аумағына Газа секторынан жаппай зымырандық шабуылынан басталған болатын. Сонымен қатар хамастықтар елдің оңтүстігіндегі шекара маңындағы аудандарға басып кірді. Сол күні Израиль Газа секторындағы нысандарға қарсы соққы бере бастады.

Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соғыс басталғаннан бері қаза тапқандар саны 8 мыңнан асты, оның ішінде 3,2 мыңға жуығы бала, тағы 20 мыңға жуығы жарақат алды. Қазіргі уақытта Израиль тарапынан 5,4 мың адам жарақат алып, 1,4 мыңнан аса адам қайтыс болды.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85