Әзербайжанның мемлекеттік елтаңбасы да орнатылды
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ханкенди қаласында (Қарабақтың әкімшілік орталығы) мемлекеттік туды көтерді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Azertag агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Он бесінші қазанда Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Ханкенди қаласында Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, қала орталығындағы әкімшілік ғимаратта Әзербайжанның мемлекеттік елтаңбасы орнатылды.
«Біз бұл жерге қайта келетінімізді білдік. Мен мұны сездім. Осыдан 20 жылдай бұрын – 2003 жылдың 15 қазанында мен Әзербайжан халқына және өзіме осы жерге қайта келетініміз туралы уәде бердім. Иә, 20 жыл күтуімізге тура келді, дәлірек айтсақ, 17 жыл күттік. Дегенмен өзіміз қалаған нәрсеге қол жеткізіп, әзербайжан халқының ондаған жылдар бойғы арманын жүзеге асырдық», - деді Ильхам Әлиев.