Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт-берекең атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат.
Мейірімді апаң қымбат.
Асқар тауың әкең қымбат.
Туып – өскен елің қымбат.
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат – деп,
Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз айтып өткендей, ер үшін Отанның, елдің, жердің қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өмірге шыр етіп келген сәттен бастап, ер жігіттің бойына ана сүтімен өз халқының ұлы мұраты мен қасиетті парызы даритыны ақиқат. Қай кезде болмасын өн бойындағы Отан қорғау жолындағы бабалар өсиетін орындау үлкен мәртебе саналған.
Осы орайда біз – ағайынды Малайдар әулетінің ұлдары Жасұлан мен Олжас Павлодар облысынан Отан алдындағы борышымызды өтеу мақсатында өткен мамыр айында әскер қатарына шақырылдық. Жасыратыны жоқ, басында бәрі күмәнді, бойымызда үрей мен аздап қорқыныш сезімі болғанынын жасырмаймыз. Қанша дегенмен де мектеп табалдырығын бітіргенше ата-анамыздың қолында өсіп, туған жерден жыраққа кетіп көрмеген бауырымыз екеуміз үшін біздің өміріміздегі бұл айтулы оқиғаға асқан жауапкершілікпен қарадық.
Қазір тәубе дейміз, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әуе Қорғаныс Күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің Семей қаласындағы 31767 әскери бөліміне қарасты Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Күршім ауылындағы 31767 «В» әскери бөлімінде әскери қызметімізді атқарудамыз. Әскерге дейінгі бойымыздағы қорқыныш пен үрейдің қазір тамшылары да қалмаған. Себебі біз ойлаған, біз білмеген дүниені елестету мен шын мәніндегі айырмашылықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әскери істі оқып – үйрену осыншама қызықты боларын білмеген екенбіз. Ата-анамыз біздің Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына келіп, Отан алдындағы борышымызды өтеп жүргенімізді мақтан тұтады. Біз туған елдің игілігі үшін, халқымыздың тыныш ұйқысы үшін өзіміздің міндетімізді толықтай орындап, абыроймен өз ортамызға оралғымыз келеді. Себебі ата-анамыздың, бауырларымыздың, бізге қымбат жандардың үкілеген үмітін ақтауды үлкен мәртебе санаймыз. Сол жолда аянбай тер төгуден шаршамаймыз.
Қатардағы ағайынды жауынгерлер Жаслан және Олжас МАЛАЙДАР