ӘСКЕРГЕ КЕЛ, БАУЫРЫМ!

Мен Маңғыстау облысы, Орал қаласының тумасы Ерасыл Ерікұлы. Былтырғы жылдың күзінде, мектепті тәмамдаған соң, өз еркіммен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштеріне қарасты 29011 әскери бөліміне, нақтырақ айтқанда коменданттық ротаға аға атқыш болып, Отан алдындағы борышымды өтеуге келдім.

Админ
Бүгін, 13:49

Әскерге келудегі басты мақсатым – жігерімді шыңдау, тәртіп пен табандылықты бойыма сіңіру, сондай-ақ әкем мен ағамның жолын жалғау болды. Отбасымызда әскерге деген құрмет ерекше. Әкем Ерік – Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған азамат. Әлі күнге дейін оның сол кездегі киімдері көздің қарашығындай сақтаулы. Ал ағам Дінмұхамед мерзімді қызметтен кейін теңіз жаяу әскері қатарында келісімшарт негізінде қызмет етіп жүр. Қазір отбасылы, бірнеше баланың әкесі.

Мен – үйдің кенжесімін. Бала күнімнен әкем мен ағамның әскери өмір жайлы қызықты естеліктерін тыңдап өстім. Сол сәттер мені армияға қарай жетеледі.  Әскери-теңіз күштерінде қызмет ету – үлкен абырой, зор жауапкершілік және өміріңе берілетін бірегей мүмкіндік. Табиғаты көркем, салқын самал ескен теңіз жағасында Отанға қызмет ету – мақтаныштың ең биік шыңы дер едім.

Бұл жерде мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтармен танысып, достасып жатырмын. Әскер – тек сарбаздық қана емес, ол – үлкен мектеп. Уақытты тиімді пайдалануды, жауапкершілікті сезінуді, ертеңге жоспар құруды, ұжыммен жұмыс істеуді үйрететін өмірлік тәжірибе алаңы.

Осы хат арқылы өсіп келе жатқан інілеріме үн қатқым келеді:

«Әскер – абыройлы міндет! Отан алдындағы борыш – азаматтық парыз. Бұл мектептен алған тәжірибе болашақ өміріңде көп көмек болады. Ертең отбасылы болып, жолға шыққанда, ескі достармен ғана емес, қарулас жолдастарыңмен бас қосқан ерекше болады. Сондықтан, бауырым, әскерге кел! Бұл өміріңе тек жақсы әсер әкеледі!»

Халқымызда «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» деген дана сөз бар. Осы орайда, алыста сағынышпен күтіп жүрген анашым Индираға, әкем Ерікке, апайыма, ағама шын жүректен сәлем жолдаймын.

Алла қаласа, күзде орталарыңызға аман-есен ораламын.

Сағына сүйдім!

Ізгі ниетпен:

ұлдарыңыз Ерасыл ЕРІКҰЛЫ

×

Редакция

$ 512.16  594.72  6.57