Тәрбиеші-офицерлердің алар орны тіпті ерекше

Әскер – өте күрделі құрылым. «Мемлекет ішіндегі мемлекет» деген анықтама осы әскерге қатысты айтылғандай. Тектері, түрлерінің әралуандығы өзінше, күнделікті қызметін реттейтін, белгілі бір жүйеге келтіретін қызмет түрлері тіпті жетіп артылады. Барлығы маңызды, барлығы қажет. Бұл тізімде Отан қорғаушысы – сарбаздың қас-қабағына қарап, дұрыс бағыт-бағдар беретін тәрбиеші-офицерлердің алар орны тіпті ерекше. Тек сарбаз емес, жалпы, әскери қиім кигендердің әлеуметтік және құқықтық түрғыда қорғалуы маңызды мәселелер қатарынан екені белгілі. Сондықтан, төл әскеріміз құрылған тұста, қабылданған алғашқы Заңдардың бірі осы мәселені қамтыған құжат еді. Дәлірек айтқанда, Қарулы Күштер жүйесіне Тәрбиеші-офицерлер институтын енгізу туралы болған. Қазақ әскерінің, орын алған қиындықтарға қарамастан, аяғынан нық тұрып кетуіне бұл қадам да өзінің оң ықпалын тигізгенін кейінгі жерде уақыт дәлелдеп берді.

Админ
Бүгін, 08:38

Қаламмен қаруланған әскери тілшінің ең сенімді досы да, серігі де осы тәрбиеші-офицерлер екенін толықтай дәлелдей аламын. Қызметтік іссапармен алысты-жақынды, үлкенді-кішілі әскери бөлім табалдырығын аттағаннан бастап қасымыздан бір елі кетпей, жәрдем көрсететін осылар еді. Қажетті ақпараттан бастап, жатар орының мен ішер тамағыңа дейін септігін тигізетін. «Адам жанының инженерлері» деген теңеу тегін айтылмаған. Сондықтан болар, бұл қызмет түріне қатысы болған және әлі де бар офицерлерді күні бүгінге дейін, осы «замполиттерді» ерекше құрметтеймін.

 Аталмыш құрылымды бір сөзбен «идеологиялық майданның» майталмандары дер едім. Идеологияға, патриоттық тәрбиеге қатысты барлық мәселеге жауапты. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орган. Өзім табаны күректей 15 жыл қызмет еткен әскери басылым, дәл осы тәрбиешілер құрылымының тікелей қол астында болғандықтан әрі тарихын сонау 1993 жылы бастаған сол бір тәрбиешілер ортасын жақыннан көргендіктен тарихқа шағын саяхат жасағанды жөн санап отырмын. 

 1992-ден 1993-ке қараған қыс. Ол уақытта Орталық аппараттың белді буыны болса да тәрбиешілер ұжымы Басқарма мәртебесінде еді. Бастығы полковник Мэлс Шәмпиев еді. Табиғаты ерекше жан еді марқұмның. Жеке әңгіменің арқауына лайық деп білемін. Генерал атағына лайық офицер болатын. Есесіне, министрдің орынбасары болған Айтқали Есенғұловтың генерал-майор атануын офицерлер корпусы «әбден лайық» деп бағалаған. Басқарма офицерлерінің басым көпшілігі басқа ұлттың өкілдері. Қазақтардың саны бір қолдың саусақтар саны жетеді. Дәлірек айтсам 3 ғана болған. Подполковниктер Жұмағали Есенов, Байзақов (есімін ұмытыппын) және Мұратбек Баиров (мені Әскери журналистика әлеміне аттатып жіберген офицер). Қалғандары Мешков, Зайцев, Кашталян дегендей тәрбие жұмысының жілігін шағып, майын ішкен білікті офицерлер еді. Кадр жетіспегендіктен запастағыларды жаппай шақырып жатқан тұс. Лейтенант Қайдар Құсаинов солардың қатарынан болатын, мен сияқты. Басқа елдерден туған жерге оралып жатқандар да болды. Теңізші-офицер 2 рангалы капитан Батыр Балтабаев солардың бірі болатын. Әскери орта болғандықтан, Басқарма бойынша тәуліктік кезекшілік деген ұғым бар. 20-ға жуық офицердің басым көпшілігі жоғары лауазымда болғандықтан «нарядқа» түспейді. Жоғарыда тоқталған қос қазақ күнара кезекшілікке түседі, «жауапкершілік көп, көмектесу қажет» деп басшылық бағыныстағы бөлім ретінде редакциядан офицер сұрайтын. Редактор мені жіберетін. Шыны керек, аптасына 1-2 қана болса да ол жер мені шыңдаған еді. Әр кезекшілігім әсерге толы болатын. Өзімді таныттым, басқаларды таныдым дегендей. Әсіресе, өзім құралпас қазақ жігіттеріне тәнті едім. Полковнигің не, майор көрсем екі тізем дірілдеп қоя беретін мен олардан үлгі алдым.

 Қайдар оқыған, білімді жігіт. Орысшасы жетік, мінезді. Ұлтжанды. Басынан сөз асырмайды. Жиналыстарда, ешкімнің қабағына қарамай кітап оқып отыратын. Менің таңырқауыма «одан несіне қорқасың, бұл сасық орыстар бізден үйренсін» дейтұғын. Қайдар кейіннен мықты психолог болды. Ғылыми атағы да бар. Жазған ғылыми еңбектері де жетерлік. Батыр замандасым да табысты болды. Шет мемлекеттермен қарым-қатынас саласында алғысқа бөленді. Ұзақ жылдар бойы Пәкістан, Үндістан тәрізді іргелі мемлекеттерде Қазақстанның әскери Атташесі болып қызмет атқарды. Кездесіп қалғанда, қызыққа толы сол бір жылдарды еске алысамыз.

 Әскери қызмет тағдырым тәрбиешілер ортасында қызмет ету бақытын да бұйыртты. 2007 жылы газетімізді жауып тастады. «Қызмет іздеңдер, болмаса шалғайдағы гарнизондарға барасыңдар» деді. «Алғашқы күннен келе жатырмын ғой, соңына дейін шыдайын» деп, газет тігінділерін реттеп, құжаттарды буып-түйіп мұрағатқа тапсырып, ең соңында ғана қозғалдым. Әскери білім және ғылым деген жаңа Департамент құрылып жатқан. Жұмыс іздеген 7 офицердің 3, подполковниктер Жүніс Омаров, Құдайберген Медиманов (марқұм) және аға лейтенант Диас Сүлейменовтер сол жерден орын тапты. Біреу мені күтіп тұрғандай, дәмеленіп мен де бардым. Полковник Дубовцев деген бастығы бар еді. Көп оқығаны көрініп тұратын. «Ғылыми атағыңыз болмаса, бізге қажет емессіз» деп кері қайтарған еді. Сол тұста басым салбырап, сол «родной», тәрбиешілер департаментіне барған едім. Сол жақсылығын қалай ұмытамын. 9 ай ғана қызмет етсем дағы, тәрбиеші офицерлер ортасында болған қызмет уақытымды сағынышпен еске аламын.

 19 қаңтар сол әріптестерімнің төл мерекесі екенін тағы бір ескеріп, бұл қызметке қатысы бар барша азаматтарды мерекелерімен құттықтағым келеді.

 

Сәндібай Күмісбеков

Сондай-ақ оқыңыз

×

Редакция

$ 512.16  594.72  6.57