Солтүстік Корея Жапонияға жақын теңізге баллистикалық зымыранын ұшырды

Зымыран Шығыс теңізі деп аталатын Жапон теңізіне құлаған

Sarbaz.kz редакторы
12/07/2023 - 22:42

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Корея сәрсенбіде 70 минуттан аса ұшатын құрлықаралық баллистикалық зымыранды ұшырды. Бұл туралы Жапонияның қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz CNN агенттігіне сілтеме жасап.

Сәрсенбіде Жапонияға жақын теңізге қонған зымыранды ұшыру Пхеньян осы апта басында өз аумағына жақын жерде «дұшпандық тыңшылық» деп атаған америкалық әскери барлау ұшағын атып түсіреміз деп қоқан-лоқы жасағаннан кейін болды.

Зымыранды ұшыру және жалынды риторика Пхеньян үшін ерекше болмаса да, Вашингтон мен Сеул қорғаныс саласының ынтымақтастығын арттыра отырып, түбектегі шиеленістің күшеюіне әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл сондай-ақ Оңтүстік Корея, Жапония және АҚШ басшылары қауіпсіздік мәселелерін, оның ішінде Солтүстік Кореядан келетін қауіпті талқылау үшін жиналатын Литвадағы НАТО саммитіне сәйкес келген тәрізді.

«Үш айда елдегі алғашқы зымыран ұшырылымы 1000 шақырым (621 миль) және 6000 шақырымнан (3700 миль) жоғары ұшты», деп хабарлады Жапонияның қорғаныс министрлігі.

Бұған дейін Жапонияның Жағалау күзеті Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасай отырып, зымыран жергілікті уақыт бойынша сағат 09:59-да ұшырылып, Шығыс теңізі деп аталатын Жапон теңізіне сағат 11:15-те құлағанын хабарлаған.

Кейбір сарапшының мәліметінше, Солтүстік Корея өздері әзірлеген «Хвасон-18» мобильді ҚБР-ін сынап көрген болуы мүмкін. Бұл – солтүстіктің басқа сұйық отынмен жұмыс істейтін ҚБР-ларына қарағанда анықтау және ұстау қиынырақ қатты отын қаруының түрі.

Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын бұған дейін «Хвасон 18» өзінің «ең қуатты ядролық қаруы» деп атаған. Дегенмен зымыранның ядролық жүктемені сәтті жеткізе алатындығы туралы ешқандай белгі жоқ көрінеді.

«Солтүстік Кореяның ұшыруы оның 13 сәуірде алғаш рет ұшырылған «Хвасон-18-дің» екінші сынағы тәрізді. Солтүстік Корея алғашқы сынақ ұшырылымының нәтижелеріне сүйене отырып, зымыран технологиясын үнемі жетілдіріп отыратын сияқты», - деді Сеулдегі Солтүстік Корея зерттеулер университетінің профессоры Ким Донг Юб.

Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ел сәрсенбі күні таңертең Литвада зымыранның ұшырылуына жауап ретінде Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді, деп хабарлады Юн баспасөз қызметі. Ол НАТО саммитіне қатысу үшін Вильнюсте жайғасқан болатын.

Оңтүстік Корея басшысы Солтүстік Кореяның зымыран ұшыруына жауап ретінде НАТО саммитінде «күшті халықаралық ынтымақтастыққа» шақыратынын айтты, деп хабарлайды оның кеңсесі.

Сейсенбі күнгі НАТО отырысының қорытындысында тараптар Солтүстік Кореяны Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің оларға тыйым салатын қарарларын бұзатын баллистикалық зымырандар мен ядролық қару жасау бағдарламаларынан бас тартуға шақырды.

Бірақ Солтүстік Корея Вашингтонмен немесе Сеулмен келіссөздер жүргізуге дайын екеніне ықтиярлық көрсетпеді.

Сонымен қатар сәрсенбідегі құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынау Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның әпкесі Ким Йо Чжонның қоқан-лоққыларынан кейін болған. Ол америкалық барлау ұшағын дүйсенбіде солтүстіктің эксклюзивті экономикалық аймағына кем дегенде сегіз рет басып кірді деп айыптаған еді.

«Егер заңсыз шабуыл қайталанса, АҚШ күштері келеңсіздікке тап болады», - деп ескертті Ким сейсенбіде Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігінің мәлімдемесінде.

АҚШ пен Оңтүстік Корея оның айыптауын жоққа шығарып, Солтүстік Кореяны жалған мәлімдемелермен шиеленісті тоқтатуға шақырды.

Сеулдегі Ewha әйелдер университетінің халықаралық зерттеулер кафедрасының ассистенті Лейф-Эрик Ислидің айтуынша, Кимнің айыптаулары – ішкі қолдауға ие болып, қару-жарақ сынақтарын ақтау үшін Солтүстік Кореяның сыртқы қауіп-қатер үлгісінің бөлігі.

Өткен айда ондаған мың солтүстіккореялық Корея соғысының басталуының 73 жылдығына арналған Пхеньяндағы антиамерикалық митингтерге қатысқан болатын. Nedia state мәліметінше, шерушілер АҚШ-ты «Корей түбегіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бұзушы» деп айыптап, ядролық соғыс туралы ескерткен.

Бұл ретте Оңтүстік Корея, АҚШ және Жапония Солтүстік Кореяның кез келген әскери қаупін болдырмауға бағытталған үш жақты бірлескен әскери жаттығулар өткізуде.

Тегтер

×

Редакция

$ 482.86  533.17  5.08