Орталықтың ашылу күні Defence Tech Battle қорғаныс саласындағы стартаптар байқауы өтті
Астанада Defence Tech Center қорғаныс технологиялары орталығы ашылды. ҚР Қорғаныс министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub халықаралық технопаркінің қолдауымен орталықтың ұйымдастырушысы болып отыр. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Орталықтың ашылу күні Defence Tech Battle қорғаныс саласындағы стартаптар байқауы өтті. IT-компаниялардың өкілдері «Қорғаныс саласындағы үздік инновациялық технология», «Қауіпсіздік пен қорғаныс үшін үздік шешім» және «Қорғаныстағы революциялық шешім» номинациялары бойынша өз әзірлемелерін ұсынды.
Бәсекеге қабілетті деген 10 жоба алдын ала таңдалып алынды. Сараптамалық қазылар алқасына Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиев, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов, «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ басқарма төрағасы Ания Байкенова кірді.
Конкурс қорытындысы бойынша Денис Зиновьевтің «Геотактика» үш өлшемді тактикалық симуляторы қорғаныс саласындағы үздік инновациялық технология болып танылды. Ол топографияны, атыс жаттығуларын, артиллерияны тактикалық дайындауды, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды үйренуге арналған.
Қауіпсіздік пен қорғаныстың ең жақсы шешімі ретінде танылған Оспан Бауыржанның «Beren» дрондардың рұқсатсыз белсенділігінен сенімді қорғауды қамтамасыз етуге арналған.
Абылайхан Жақановтың Game of Drones жобасы қорғаныстағы революциялық шешім деп танылды. Ол онлайн режимде техниканы басқару бойынша симулятор болып табылады. Елдің кез келген шетіндегі әскери қызметшілер дрондарға телефон немесе компьютер арқылы қосыла алады және оларды басқаруды үйренеді. Тренажер сонымен қатар командалық шайқастар түрінде оқу жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді.
3 жеңімпаз да 5000 доллардың сертификаттарын иеленді. Дархан Ахмедиевтің айтуынша, болашақта бұл жобаларды Қарулы күштерде қолдану бойынша жұмыстар жалғаса бермек.
«Биыл біз осы жобалардың іске асыруға мүмкіндік береміз және өз тарапымыздан кері байланыс орнатылады. Feedback өнертапқыштардың өз өнімдерін жақсартуы үшін қажет, ал келесі жылы біз нақты келісімшарттарға қол жеткізуге тырысамыз», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Қорғаныс министрлігінің өкілдері Astana Hub IT-комьюнитиіне Defence Tech Center құру идеясы үшін алғыс білдірді. Іс-шараның екінші бөлімінде Networking-сессия ұйымдастырылып, онда жиналғандар пікір алмасып, ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Defence Tech Center инноваторлармен, өнертапқыштармен, ғалымдармен және стартап-кәсіпкерлермен кең ауқымды өзара іс-қимыл негізінде идеяларды іздеу және іріктеу мақсатында құрылған.
Қорғаныс министрлігі инновациялық әзірлемелерді іс жүзінде іске асыру үшін мемлекеттік тапсырма алу бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта қорғаныс ведомствосы үшін өзекті жобаларды сүйемелдеу Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.