МОМЫШҰЛЫ МЕКТЕБІ

Бауыржан Момышұлы – қазақ тарихында ерекше орын алған батыл жауынгер және стратег. Ол Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі арқылы танылды. Момышұлының басты қасиеттерінің бірі – жауынгерлік әділдігі мен елін қорғауға деген шексіз сүйіспеншілігі болды. Соғыстағы ерліктері ғана емес, оның адамгершілігі мен достарына деген адалдығы да көпке үлгі. Әскери тактика мен батылдықты үйлестіре білетін Бауыржан Момышұлы өз замандастарына ғана емес, кейінгі ұрпаққа да тәлімгер болды.

Админ

Бүгінде Момышұлының есімі – батырлық пен намыс символы. Оның ерлігі қазақ халқының жауынгерлік дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін үлгі болып отыр. Бауыржан Момышұлының «Жаяу әскер ұрыс даласында не мерт болады, не жаралы күйде қалады» деген сөзі бар. Бұл – ХХ ғасырдың ең қанды шайқастарын бастан өткерген қолбасшының өмірлік тәжірибесінен туған ащы ақиқат.

Ол туған халқының жадында батыр комбат ретінде сақталды. Дүниеден өткен соң Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Биыл Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толып отыр. Ол 1941-1942 жылдары Мәскеу түбіндегі шайқастарда ерекше ерлік көрсетті.

Оның жаудың басым күшіне қарсы қолданған «Момышұлы спиралі» тактикасы бүгінгі күні музейлерде таныстырылып, әскери тәжірибе ретінде әлемнің бірқатар елдеріндегі әскери оқу орындарында оқытылып келеді.

Бауыржан Момышұлы 316-шы атқыштар дивизиясының батальон командирі ретінде генерал-майор Иван Панфилов басқарған құрамда Мәскеу үшін Волоколамск бағытындағы шайқастарда ерекше ерлік көрсетті. Ол жауынгерлерін талай рет шабуылға өзі бастап шықты.

Өзінің «Қолбасшы күнделігі» еңбегінде Бауыржан Момышұлы жаяу әскердің ұрыстағы шешуші рөлін айқындайды. Батырдың пайымдауынша, жаяу әскер жақын қашықтықта шайқасып, жауды атыспен тықсыра отырып, бетпе-бет қоян-қолтық ұрыста түбегейлі жоюға тиіс. Маневр мен атыста дербес әрекет ететін жаяу әскер – ұрыстың ең қатал, ең қауіпті кезеңінде шешуші күшке айналып, жау шебін басып алып, оны берік ұстап тұра алатын әмбебап әскер түрі.

«Момышұлы спиралі» тактикасы жау колонналарына тұтқиылдан соққы беріп, жедел шегіну арқылы қарсыласты титықтатып, бекінуге мүмкіндік бермейтін әдісімен ерекшеленді. Оның осы жартылай партизандық соғыс жүргізу тәсілдері Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» повесінде көркем суреттеледі. Кезінде бұл туындыны қазақ жұртына мәлім, Куба революционері Эрнесто Че Гевара да өзімен бірге алып жүрген.

Бауыржан Момышұлы соғыс күнделігін «Москва үшін шайқас», «Біздің генерал» сынды шығармаларында егжей-тегжейлі баяндады. Батальон, полк, дивизия басқару барысында жинаған мол тәжірибесі арқылы ол «Солдаттан қарапайым жан жоқ. Оған сергек те, ықыласты әрі әділ болған жөн» деген тұжырым жасайды.

Бауыржан Момышұлының алғашқы ұрыс тәжірибесі артиллерия офицері ретінде жапон әскерлерімен болған шайқастарда қалыптасты. Кеңес әдебиетінде бұл қақтығыстар сексен жеті жыл бұрын Қиыр Шығыстағы Хасан көлі маңындағы «Аты жоқ төбе» үшін болған ұрыстар ретінде белгілі. Ал Жапония тарихнамасында аталған оқиғалар «Чжангуфэн биіктігіне қатысты инцидент» деген атаумен сипатталады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында даңқты қазақ перзенті дивизия басқарып, полковник шенінде зейнетке шықты. Жастайынан ол өзін әскери қызметке арнады.

Бауыржан Момышұлы 1932-1934 жылдары Жұмысшы-шаруалардың Қызыл армиясы қатарында қарапайым қатардағы жауынгерден бастап қызмет жолын бастады. 1933 жылы полк мектебі мен артиллериялық әскери училищені тәмамдап, Қиыр Шығыста қызмет атқарды. 1938 жылдың шілде-тамыз айларында Хасан көлі маңындағы жапон әскерлеріне қарсы шайқастарда артиллериялық батареяны басқарды.

Сол кезеңде-ақ ол артиллерияның ұрыстағы маңызы артып келе жатқанын терең ұғынды. Алайда болашақ дивизия командирі үшін басты мақсат әскери өнерді меңгеру ғана емес, ең алдымен нағыз жауынгерлерді тәрбиелеу болатын.

Мәскеу үшін болған шайқастар кезінде Бауыржан Момышұлы тәжірибесіз сарбаздардан шыңдалған жауынгерлер тәрбиелеп, оларды Еуропаны жеңіспен кезіп өткен жаудың өзіне ойсырата соққы бере алатын қуатты күшке айналдырды. Неміс генералы Эрих Гепнер Гитлерге жолдаған хатында Момышұлы батальонымен бетпе-бет келгендегі әсерін «Барлық ережелерді елемейтін, бірде-бір сарбазы тұтқынға түспейтін, өлімнен тайсалмайтын, шексіз фанатизмге толы жабайы дивизия» деп сипаттаған.

1963 жылы Куба революциясының аңызға айналған команданты Фидель Кастро испан тіліндегі бір басылымға берген сұхбатында Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының кейіпкері Бауыржан Момышұлын өзіне рухани үлгі болған тұлға ретінде атайды. Ал кубалық әскери қайраткер Фернандо Мартинес Эредиа Кубада көптеген адамдар марксизм-ленинизмді зерттемей тұрып, алдымен осы повесті оқитынын атап өткен.

Қазақ батырының бейнесі жасалған бұл кітаптың кубалық революцияның қажырлы партизаны Эрнесто Че Гевараның рюкзагында жүруі де заңды еді. Өйткені кубалық команданттар аз қаруланған партизан жасақтарын басқарып, жақсы даярланған сыртқы күштерге қарсы соғыс жүргізді. Сол себепті Бауыржан Момышұлының диверсиялық тактикасы олар үшін маршалдар әзірлеген ірі операциялардан гөрі әлдеқайда жақын әрі тиімді болды.

«Соғыс психологиясы» кітабында Бауыржан Момышұлы тек соғысты жүргізу өнерін ғана емес, сонымен бірге әскери тақырыпқа кірісетін жазушының мәселелерін де талдайды. Автордың пікірінше, соғысты шынайы жазу үшін жазушы әскери жарлықтарды білуі керек. Тек сол жағдайда ол шайқас пен сарбаздық ерліктің мәнін түсініп, офицер мен сарбаз бейнесін дұрыс көрсете алады.

Өз кітабында Момышұлы: «Соғыс тақырыбына жазылған шығарма ұрыс кезіндегі адамның психологиясын басты тұлға етіп, сауатты әрі өткір түрде көрсетуі тиіс. Мұндай кітап оқырманға соғыстың шындығын түсінуге мүмкіндік беретін әскери ағартушылық құрал, тек роман емес, тәрбиелік мәні бар шығарма болуы керек» дейді.

«Бірде-бір бейбіт әрі бірде-бір жауынгерлік күн оқусыз, үйренусіз, жаттығусыз босқа өтпесін», – деп үйреткен Бауыржан Момышұлы. Елдің қорғаныс ведомствосының хабарлауынша, 2025 жылы жауынгерлік дайындықтағы негізгі күш-жігер әскерлердің жоғары соғыс қабілетін сақтау, сабақтарды ұйымдастыру мен өткізу сапасын арттыруға бағытталмақ. Жаңа оқу жылында да жеке құрам практикалық сабақтарға қатысып, басты назар тактикалық дайындыққа, яғни батальондық буынды шыңдауға аударылады. Сонымен қатар, атуды, физикалық, арнайы және мемлекеттік-құқықтық дайындықты жетілдіруге де ерекше мән беріледі.

Оқыту деген не? Бұл өте қатал түрде тәрбиелеу жолымен әскери кәсібінің техникасын меңгеруге үйрету. Оның айла-тәсілдерін қолдануын сарбаз снарядтарда жаттығу орындайтын гимнастай, дағдылы түрде істей беретін дәрежеге жеткізу керек. Бауыржан Момышұлы осыны өз командирлік тәжірибесіне сүйене отырып үйретеді.

«Қолбасшы күнделігінде» ол: «Сарбаз бойында жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеуде халықтың жауынгерлік жолы мен ұлттық дәстүрлерінің маңызы аса зор» деп жазады. Сонымен қатар, ғылыми ізденістерінде «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақалға жиі сүйенген. Сол себепті Момышұлының пайымынша, офицер көбіне қол соғысында емес, ой соғысында да жеңімпаз болуы тиіс.

Бүгінде Бауыржан Момышұлының есімі батылдық пен ерліктің символына айналды. «Москва үшін шайқас» және «Ұшқан ұя» сияқты кітаптары Кеңес әскерінің ерліктерін жан-жақты баяндайды. Көзі тірісінде оның ерлігі толық бағаланбағанымен, дүниеден өткен соң Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Қазіргі уақытта бірқатар оқу орындары мен көшелер батыр атымен аталып, оның ерліктері әлі күнге дейін зерттеліп, әскери білімде оқытылып келеді.

Бауыржан Момышұлының өмірі – отанға деген шексіз махаббат, ерлік пен адалдықтың үлгісі. Ол тек батыр ғана емес, өз халқының тарихында мәңгі қалатын дана да болып саналады.

__Последние новости

  • Тарих және тұлға

МОМЫШҰЛЫ МЕКТЕБІ

Кеше, 22:52
Админ
  • Басты назарда

ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ ӘСКЕРІ?

Кеше, 22:25
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

Антыңа адал бол, жас сарбаз!

23/12/2025 - 16:30
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

ӘСКЕРГЕ БАҒЫТТАҒАН БАСЫЛЫМ

23/12/2025 - 15:21
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІМЕН ҚҰРДАС

22/12/2025 - 21:24
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

ӘСКЕРДІҢ ТӘРБИЕЛІК ҚҰРАЛЫ

21/12/2025 - 21:20
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

БАСПАСӨЗ ТАРИХТА ҚАЛАДЫ

20/12/2025 - 10:19
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

Аталар сөзі – өсиет

19/12/2025 - 13:16
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл

18/12/2025 - 11:12
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

Отанға адал қызметтің үлгісі

17/12/2025 - 15:06
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ МҰРАТЫ

16/12/2025 - 09:01
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

РЕДАКТОР

19/11/2025 - 14:21
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

ЖҮРЕКТЕГІ МӘҢГІЛІК АЛАУ…

17/11/2025 - 23:19
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

МІНЕ, НАҒЫЗ МАМАН!

16/11/2025 - 23:18
  • Басты назарда

СОЛ БІР КЕЗ...

15/11/2025 - 13:13
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

Қаламды қару еткен ағаларым

13/11/2025 - 10:46
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

ӘСКЕРИ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

08/11/2025 - 10:36