Бұл оқиға туралы әйгілі «Дос-Мұқасан» тобын құрушылардың бірі Ұлықпан Сыдықов айтты
Әйгілі «Дос-Мұқасан» тобының репертуарындағы «Той жыры» әні екі орыс офицерінің өмірін құтқарған. Бұл туралы «Дос-Мұқасан» тобын құрушылардың бірі, «Той жыры», «Қуанышым», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз» сияқты көптеген әннің авторы Ұлықпан Сыдықов отандық телебағдарламаның бірінде айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Досым (Сүлеев – ред.) 60-қа толғанда мейрамханада шағын отырыс жасадық. Мен сол отырысты басқарып отырғанмын. Бір кезде сол жерге сом денелі, еңгезердей орыс ұлтының өкілі, қасында жас жігіт бар екеуі есік қағып, біздің ортамызға келді. Жасы шамамен бізден 2-3 жасқа үлкен сияқты. Төрге шығарып, дастарханға отырғыздық. Шай ішіп отырып, рұқсат сұрап, сөз алды. Мәскеуден келген екен. «Досмұқасанның» басқосуы туралы естіп, Алматыда жүрген соң бізге арнайы келгенін айтты», - дейді Ұлықпан Сыдықов.
Сөзін жалғай отырып, офицердің өлімнен қалай аман қалғанын баяндап өтті.
«Келген себебім мынау еді. Мен орыс офицері ретінде Шешенстанға қарсы соғысқа қатысқан адаммын. Бірде қасымдағы қаруласым екеуміз тұтқынға түсіп қалдық. Жанымдағы жігіт оның алдында Қазақстанда, Петропавлда туғанын айтатын. Бірақ онысына аса мән бермеппін. Содан шешендердің командирі өз тілдерінде бізді оқ шығындамай-ақ пышақпен өлтіруді бұйырғанын түсіндік. Командирлер бұрылып кетіп қалды. Жендеттер пышақтарын жалаңдатып тұрғанда жанымдағы жігіт: «Мен Қазақстаннанмын!» деп айқайлады. Соны естіген командирлер кері бұрылып, қасымызға қайтып келіп: «Қазақстаннан екеніңді қалай дәлелдейсің?» деп сұрады. Сол кезде қолы-аяғы байлаулы жатқан жігіт қазақша «Той жыры» әнін шырқата жөнелді. Бірінші шумақтың бастапқы екі-үш жолын айтқан соң шешендердің бәрі әнді қосыла орындай кетті. Кейбірі көзінің жасын сүртіп жатыр. Командир: «ән айтқан жігітті босатыңдар!» деді. Содан ол: «жанымдағы серігімді қоса босатпасаңдар, мені де өлтіре салыңдар!» деді. «Бұдан былай екеуің шешендерге қарсы қару көтермейсіңдер! Соған уәде беріңдер!» деп, қалтамызға жейтін ас пен тиын-тебенімізді салып, қоя берді. Осы «Той жыры» әнінің арқасында жарық дүние бізге сый болды. Соны айтып, сіздердің алдарыңызда бас июге келдім» деді», - деп әңгімеледі «Той жыры» әнінің авторы Ұлықпан Сыдықов.