«Рекордтар кітабына енбей қалған трюктерім қаншама»: Тимур Спатаевтың басынан кешкен оқиғалары

Ол 400 келілік түйені көтеріп, 30 қадам жасап, рекорд жасаған

Нұрдәулет Кәкіш

Бұрын әскери салада қызмет атқарып, бүгінде жастарға отаншылдық рух, мотивация беріп жүрген азаматтар жоқ емес. Солардың бірі – запастағы капитан, ҚР ҚК әскери потриоттық ән жеңімпазы, Б.Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері, қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Қазақстанның 7 дүркін рекордшысы, ҚР Қарулы күштерінің жігіт сұлтаны, «Қазақтың темір адамы» атанған Тимур Спатаев. Ол Sarbaz.kz тілшісімен болған сұхбатта жетістікке жету жолында басынан кешкен оқиғаларымен сыр бөлісті.

Тимур Спатаев көпшілікке «Темір адам» лақап атымен танымал. Қара күштің иесі бір қолымен 32 келілік бірнеше гір тасын да, 70 келілік адамды да көтере алады. Сонымен қатар ол қалың шегені жалаң қолымен майыстырып, тұмар жасайды. Сол шегелерді алақанымен ағашқа қағады. Тісімен автобустарды тартатын да қыры бар. Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойында 400 келілік түйені көтеріп, 30 қадам жасап, рекорд жасаған болатын. Бұдан басқа да екінің бірінің қолынан келмейтін трюктерді жасап, көпшілікті таңқалдырып жүрген Тимур Спатаев Қажымұқанның жолын жалғап, Алматыдағы мемлекеттік циркте біраз уақыт еңбек еткен.

«2018 жылы Қарулы күштеріндегі қызметім аяқталды. «Ерлік – елдіктің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ер жігіт қайда жүрсе де елін, жерін қорғауға дайын болады. Жүрегінің түгі бар патриот азамат мейлі ол шетелде жүрсе де елі үшін ештеңеден аянбайды. Шетел демекші, Францияда болғанымызда Мұстафа Шоқайдың басына барып, Құран бағыштап, оның өмірбаянына үңілдік. Сол кезде оның нағыз патриот болғанына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ол кісі Францияда, Германияда, Италияда жүрсе де, «елім, жерім, Отаным» деп өмір сүрген қайсар азамат болған ғой. Сол сияқты біздің ойымызда да, бойымызда да, ісімізде де сол әрекет бар», - дейді қара күш иесі.

Сөзін жалғай отырып, Қарулы күштердің сапында жүргенінде де осы спортты алып жүрген. Онда да ойымда тек Отанымды, елімді, жерімді қорғау, өзімді тәрбиелеу болды, дейді ол.

«Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, «қайтсек мықты боламыз, өзімізді жеңеміз, қайтсек өтірік айтпай, шыншыл болып таза жүреміз» деп мінезімізді тәрбиеледік. Соның арқасында мінезімізді қалыптастырып, ерте тұрып, жалқаулықты жеңіп, Құдайдың қалауымен біраз жетістікке де жеттік. Сортпен шыңдалып, біліммен нұрланған әр азамат міндетті түрде жетістікке жетеді деп сенемін. Менің өз басым саясатқа араласып, я болмаса ғылым-білім саласында жүрмесем де өзімізге қажетті ілімді бойымызға сіңірдік деп ойлаймын. Бірақ біздің білмейтін дүниелеріміз әлі де көп», - дейді Тимур Спатаев.

Айтуынша, өнер көрсету – ол үшін тек хобби. Тойларға шығып, табыс табу ойында жоқ көрінеді. Дегенмен сыйлап, шақырып жатса, қалмауға тырысатынын, мектептер мен университеттерде жастармен кездесіп тұратынын айтады.

«Жасап жүргендерім кейбір адамға таңсық болып көрінуі мүмкін. Ал мен үшін ол үйреншікті жағдай. Өйткені 30 шақты жылдан бері үзбей спортпен жаттығып келемін. Бала күнімнен мықты болсам деп армандайтынмын. Соған орай Құдай маған күш-қуат берді. Екіншіден, өзімнің еңбегім. Таңның атысынан кештің батысына дейін түрлі жаттығу жасаймын, көп еңбектенемін. Кейде түн ішінде де жаттығамын. Түрлі ой келеді санама. Шегені жалаң қолмен майыстыру, тіспен көлікті сүйретудің бәрі көп дайындықпен келді. Мысалы, бірден барып ауыр техниканы тіспен тарта салған жоқпын. Күнделікті ауыз қуысыма, тістерімнің айналасына резіңке салып, сонымен біраз жүремін. Арнайы спорт залдарға барамын. Қазір өз-өзіме бапкермін», - дейді темір адам.

Сонымен қатар қара күш иесінің ауыр көліктерді орнынан қозғап, батып қалған кезде көлікті көтерген, екі жақ қапталға бір топ жігітті тұрғызып, арқан тартысқан кездері болыпты. Оның күшіне сенімсіздік білдіргендер болса, оларды жеке қабылдап, бірге өнер көрсетуге дайын екенін айтады.

«Күш атасын танымас» демекші, мүмкін бойымда бір аттың күші бар да шығар. Бірақ мен сондаймын деп айта алмаймын, оның бағасын халық береді ғой. Дей тұрғанмен көпшілік тарапынан «сіз мықтысыз, күшіңіз көп» деп айтылып жатады. Менің жасағандарымды қайталауға әрекет жасайтындар да жетерлік. Күш сынасқысы келетіндер өте көп. Егер менің майыстырып жүрген шегелерімді «алюминий», көтеріп жүрген ауыр темірлерімнің салмағы «жеңілдеу» деп ойлайтындар болса, маған келулеріне болады. Мықтымын деген азаматтарды қабылдаймын. Олармен күш сынасайық, бірге темірлерді майыстырайық», - дейді рекордшы.

Өзінің денсаулығын өзі тексеріп отыруды дағдыға айналдырған ол медициналық көмекке көп жүгіне бермейтінін, дегенмен тексерістен өткенде денсаулығының жақсы болып шыққанын айтады. Дұрыс тамақтану дәстүрін ұстанатынын, көңілі қаламаса кейбір әрекетті жасамайтынын да тілге тиек еткен ол қол күрестен жеңілген сәттері де аз болмағанын жасырмады.

«Спорт ұтыстар мен ұтылыстардан тұрады ғой. «Кейде өсесің, кейде өшесің» дегендей, өмірдің өзі де солай. Әлем аренасында өзінің мықтылығын дәлелдеп жүрген әйгілі Майк Тайсон да бірнеше мәрте жеңіліс тапты. Сол сияқты көк туымызды желбіретіп жүрген Геннадий Головкин бауырымыз да жеңіліске ұшырады. Спортта кез келген адам қарсыласын «жеңемін» деп барады, «жеңілемін» деп бармайды. Сол сияқты менің де жеңілген кездерім болды, жеңістерім де аз емес.

2012 жылы Иранда болған жарыс ерекше есімде қалды. Онда әзербайжандық алыппен күш сынастық. Сонда оң қолмен жеңіліп, сол қолмен жеңіп, І орынға ие болғанмын. Содан кейін онымен дос болып, кейіннен араласып тұрдық. Сол жарыста маған халықтың қошеметі күш берді. Жалпы, жүрегіме үңіліп қарасам, халық қолпаштаған кезде мен кез келген ісімді жақсы жүзеге асырамын. Егер халықтан қолдау болмаса, біртүрлі қорашсынып тұрамын. Бәлкім, өзім де жүрегімді сондайға үйретіп тастаған шығармын. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, қолпаштап, абыройымызды асырып жүрсек, әр қазақтың баласы жеңістің туын жықпайды деп ойлаймын», - дейді қара күш иесі.

Айта кетсек, Тимур Спатаев өнер спорт жұлдыздарымен бірге бейнебаяндарға, деректі фильмдерге түскен. Мысалы, әнші Ибрагим Ескендірмен бірге түскен «Менің Қазақстаным» атты патриоттық-рухты әннің бейнебаяны телеарнадан талай мәрте көрсетілген. 2018 жылы боксшы Бақтияр Артаевпен бірге «Реалити-шоу Номад» фильмінде бой көрсеткен.

«Мен әркез «Қазақтың әр жігіті – батыр» деп айтып жүремін. Кезіндегі Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыз, одан бергі Бауыржан Момышұлы батырымыз бар, кейінгі Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов ағаларымыз бар, олардың бәрі – қаһарлы, айбынды батырлар. Осы тұлғаларды үлгі тұтып, оларды көбірек насихаттап, сол кісілердің ізімен жүрсек, әр қазақ баласы батыр боламыз. Ал біздің соңымыздан еріп келе жатқан небір батыр бауырларымыз көп», - дейді ол.

Өміріне қауіп төнсе де, кейбір трюкті тәуекелге бел буып жасайтын Тимур әр жасаған трюкті өзі үшін рекорд деп санайтынын қозғап өтті. Сол сияқты көп адамның ісінің алға баспайтыны жалқаулықтың кесірі екенін тілге тиек етіп өтті.

«Рекордтар кітабына енбей қалғаны трюктерім қаншама. Өткен жолғы Қажымұқан атамыздың 150 жылдық мерейтойында 400 келілік түйені көтеріп, 30 қадам жасап, рекорд жасадым. 30 қадамды Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнадым. Әрине, денсаулыққа да зияны тиетін шығар. Бірақ қазақы намыс мені алға жетелейді.

 Ал жаттығуларды фитнес клубтарда емес, үйде және табиғат аясында жасаймын. Фитнес клубтарға тек тәжірибе алмасу үшін барамын. Алда әлі талай рекорд жасаймын деп ойлаймын. Соған дайындалып та жүрмін. Жалпы әр жігіт рекордшы, мықты спортшы бола алады. Ол үшін мақсат қойып, соның жолында аянбай еңбек ету керек. Көп адамның ісінің алға баспайтынының бірден-бір себебі – жалқаулық. Содан соң спортпен айналыспағандықтан да, талай адам ауруға шалдығып жатады», - дейді рекордшы.

Бір қызығы ол «рекордшы боламын, шетелдерге шығамын, халықтың қошеметіне бөленемін» деп ойламапты.

«Менің мақсатым – өз-өзімді жаттықтыру, мықтылыққа баулу болды. Ал алғаш рет шетелге шығуым Ресейдің Тюмень қаласынан басталды. Онда барғанымда сол жердің қазақтары бізді құшақ жая қарсы алды. Жалпы, ер жігіт шетелге шыққанда ысылады екен. Оның үстіне, менің біраз мақтауымды асырып, «Қажымұқанның бүгінгі ізбасары» деп таныстырды. Сонда менде бір ғана ой болды, ол – қазақ жігіттерінің мықты екенін көрсету, дәлелдеу. Өзімді бәйге аттарша еркін ұстадым. Басымда қара тымақ, ыстықтағаныма қарамастан 40 минуттай бірнеше нөмірді қойып, өнерімді паш еттім. Трюктерім бұрынғыдан да жоғары деңгейде шыққан сияқты. Одан кейін қол күреске қатысып, І орынды жеңіп алдым. Содан соң татарлар күресінде бағымды сынап, одан ІІ орынды еншіледім. Бірінші орын сол жердің қазағы, батыр бауырымызға бұйырды», - деп еске алды.

Өз сөзінде ары қарай Өзбекстанның Қоқан қаласына аттанғанын қозғап өтті. Ол жақта басынан кешкен оқиғаларымен былайша бөлісті:

«Сол жерде менің қылышымды көрген жұрт «бұл қай жақтан?» деп сұрапты. Тимур дегенге ұлтымды да білмесе керек. Сондағы бір үлкен кісі: «Ол Әмір Темірдің ұрпағы» деп таныстырған соң халық мені «Әмір Темір» деп атап кетті. Содан бірнеше күн ұйқымыз да шала болды. Іс-шараны тамашалауға сол елдің президенті қатысады деген соң ертерек тамақтанбастан бардық. Бірақ онда ешкім сенің ұйқыңның қанбағанына, тамақтанбағаныңа қарамайды. Кезегім келгенде сахнаға шығып, 72 елден келген көрерменнің алдында өзімнің мықты деген нөмірлерімді қойдым. Өнер көрсетіп болған соң бірден кетіп қалсам, жүргізуші жігіт келіп, халықтың мені шақырып жатқанын айтты. Содан сахнаға қайта шықсам, көрермен қауым орнынан тұрып, менің өнеріме зор қошемет көрсетті. Қолыма көк туымыз ұсынылып, байрағымызды желбіреттім. Сол сәт ерекше есімде қалды.

Спорттың арқасында талай жерге барып жүрміз. Одан кейін Франциядағы қазақ диаспорасы мен сол елдегі елшіліктің шақыртуымен Дәулеткерей Кәпұлы, Танакөз Толқынқызы сынды бір топ ақын, зиялы қауым өкілдерімен бірге екі аптаға Парижге бардық. Ондағы әр күніміз таңнан кешке дейін қызыққа толы болды. Жай қыдырып барған жоқпыз, деректі фильмге түстік. Көп жерін араладық. Мәнді де мағыналы сапар болды. Ол жақтан кейін Германияның бірнеше қаласына сапар шегіп, қайтар жолда Варшаваға соқтық. Жуырда Түркия елінде де болдық. Өз еліміздің ішінде де талай жерді аралап жүрміз. Жалпы, инстаграмдағы желі қолданушыларын қайда барғанымыздан хабардар етіп отырамыз», - дейді Т.Спатаев.

Әлеуметтік желілерде батырлықты, отансүйгіштікті насихаттайтын кейіпкеріміз адамның бәрі бірдей болып туатынын, ал батырлық өсе келе, өзін-өзі тәрбиелеу арқылы жүре қалыптасатынын айтады.

«Ер жігіт жанын Аллаға тапсырады, жүрегін халқына береді, намысын ешкімге бермейді» дегендей, жігіттің бойында намыс болса, екі сөйлемесе, білімді, иманды болса, халқына қамқор болса, сол батырлық деп ойлаймын. Әрине, мықты жастарымыз аз емес. Бірақ өкінішке қарай қазіргі таңда бірдеңені қүтіп немесе әкімдікке, үкіметке үміт артып, уақытты құр босқа кетіріп жататындар бар. Содан соң олардың уақыты көбіне әлеуметтік желіде, телефонға телмірумен өтіп жатыр. Жоқтан өзге вайндарды қарайтындарға қарным ашады. Кейбіреудің не спортқа, не өнерге, не білімге құлқы жоқ, имандылыққа бет бұруға да асықпайды. Олай дұрыс емес. Сондықтан жастар жалқаулықтан, еріншектіктен ада болса екен деймін. Кітапты көбірек оқып, мидың жұмысын дамыту керек.

Қазақ жастарын мықты, рухты, батыр болуға шақырамын. Ол үшін дұрыс тамақтанып, тынбай ізденіп, аянбай еңбектену қажет. «Ерте тұрған ердің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» демекші, ерте тұрамын. Әрине, сағат 9-10-ға дейін ұйықтауға менің де желкемнен тартып тұрады. Бірақ мен соны жеңуге талпынамын. Уақытты барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Балаларыма, іні-қарындастарыма қамқорлық көрсетуге уақыт бөлемін», - дейді «темір адам».

«Жігітке жетпіс өнер де аз» дегендей, спорттағы небір трюктерді жасап, елдің ықыласына бөленіп жүрген Тимур Спатаев әншілік, ақындық өнерден де кенде емес көрінеді.

«Бала кезден өнерге де әуеспіз. Анам да, бауырларым да әнші. Әкеміз балуан. Батырлық пен ақындық қанымызда бар. Қарулы күштердің сапында жүргенде әскерилер арасында ән байқауларына қатысып, жүлделі болған кездерім де болды. Түркияға жасаған сапарымызда Серікбол Сайлаубек, Азамат деген әнші бауырларымызбен бірге «Алаштың бағы» деген әнді орындадық. Оның әнін өзім жаздым. Жалпы спортшылар бір отбасымыз. Жарым да спортшы. Ұлым мен қызым да спортқа әуес», - дейді спортшы.

Ал оның екі жүздік екі шегені бір-біріне байлап жасайтын өрнегі – отбасының береке-бірлігінің мықтылығын білдіретін тұмар екенін айтады.

«Шеге тағаны ұстайды, таға тұяқты ұстайды, тұяқ атты ұстайды, ат ер тоқымды ұстайды, ер тоқым ер жігітті ұстайды, ал ер жігіт елді ұстайды!» дейді. Сондықтан қазақтың жігіттері шегедей мықты болайық!» - деп Тимур Спатаев сөзін аяқтады.

__Последние новости

  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

Бүгін, 12:54
Админ
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

Кеше, 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59
  • Басты назарда

44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

15/11/2024 - 14:28
  • Басты назарда

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

15/11/2024 - 13:39
  • Басты назарда

Қабілетіне қанат бітірген азамат

14/11/2024 - 14:22