ОТАНШЫЛДЫҚ СЕЗІМІ ОТБАСЫНДА ҚАЛЫПТАСАДЫ

«Нағыз патриот ол – өз Отанын, туып-өскен жерін шынайы сүйетін, еліне адал қызмет ететін әрі мемлекет мүддесінің жолында өз мүддесін құрбан ететін адам». Отанға деген сүйіспеншілік жайында осындай ойын ортаға салған – Абай облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан ОМАРОВ.

Админ

 

Руслан Серікханұлы! Міндетті әскери қызметке азаматтарды шақыру қорғаныс істері жөніндегі басқармалардан басталады. Әңгімеміздің әлқиссасын әскерге шақыру жөніндегі мәліметтерден  бастасақ. 

 

2024 жылы Абай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы әскери міндетті 700-ден астам азамат әскер қатарына шақырылды. Осынша адамды биыл да мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарда бар. Үкіметтің 2024 жылдың 26 қыркүйектегі қаулысымен ҚР Президентінің «Әскери міндеттілерді резервке және Қазақстан Республикасы азаматтарын 2024 жылы міндетті әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлығын іске асыру туралы қаулысына өзгерістер енгізілгені белгілі. Түзетулер облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастыруды, наурыз-маусым және қыркүйек айларында кейінге қалдыруға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 40 202 азаматты әскерге шақыруды қамтамасыз етуді талап етті. Бұған дейін 2024 жылы 39 180 қазақстандықты әскерге шақыру жоспарланған болатын.

 

Ресми деректерге жүгінсек, 2022 және 2023 жылдары еліміздің Қарулы Күштерінде белгіленген мерзімді қызметтерін өткеру үшін 146 әскери бөлімге 52 мың жауынгер шақырылған екен. Бұл мерзімді әскери қызметтің артықшылығы көп, мүмкіндігі зор екенін көрсетсе керек.

 

Әрине. Мысалы, елімізде 2023 жылы мерзімді әскери қызметке тартылған 17 927 сарбаз үшін жоғары оқу орнында тегін оқуға 1500 грант бөлінді. Конкурсқа қатысқан сарбаздарды іріктеудің ашықтығын «Срочник 2.0» цифрлық ақпарат жүйесі қамтамасыз етеді. Оған күш құрылымдарының 161 әскери бөлімі қызметтің барлық кезеңінде сарбаздардың үлгерімі мен тәртібі бойынша нәтижелерді енгізді. Нәтижесінде 1031 сарбаз әскери жоғары оқу орнына түсуге өтініш берді. Мерзімді әскери қызметті өтегендер үшін тағы бір мүмкіндік – запастағы офицер бағдарламасы бойынша әскери кафедраға конкурссыз қабылдану. Әскери кафедрада ол тегін оқи алады. Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздардың несиелері де автоматты түрде тоқтатылады. Кейінге қалдыру мүмкіндігі әскери қызметті өткеру кезеңінде және запасқа шығарылғаннан кейін екі ай ішінде қолданылады. Төлемдерді кейінге қалдыру авттоматты түрде проактивті форматта белгіленеді. Яғни, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге несие беретін ұйымдарға жүгінудің қажеті жоқ. Бұған қоса биылдан бастап білім беру жеңілдіктерін алуға қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Екі бейіндік пән бойынша тестілеу қосылады. Одан басқа мемлекеттік грант берілген сарбаздар шәкіртақы алады. Алғашқы оқу жылында студенттердің жатақханасына орналасуына да басымдық берілмек.

 

Еліміздің Қарулы Күштерінде белгіленген мерзімді қызметтерін өтеу үшін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери гарнизондардағы әскери бөлімдерге қанша адам шақырылды?

 

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдеріне 2023 жылдың екінші шақырылымында 1575 азамат шақырылды. Оның 1137-і түрлі жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірді. Нәтижесінде 140 сертификат, оның 22-і жоғары әскери оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін ұсыным алды. 2024 жылдың бірінші шақырылымында шақырылған 1358 мерзімді әскери қызметшінің 814-і жоғары білім алуға өтініштерін жеткізген. Бұл шақырылымдағы жауынгерлер үшін жоғары оқу орнында тегін оқуға бөлінер гранттың қорытындысы 2025 жылдың маусым айында белгілі болады. Бүгінгі күні әскери борышын өтеп келгендер саны 916-дан асса, әскери борышын өтеп жатқандар саны 1 мыңға жуықтайды.

 

Өткен жылы «Шығыс» түраралық полигонында Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының қорғаныс істері жөніндегі басқармалары арқылы шақырылған запастағы офицерлер, әскери міндетті сержанттар мен сарбаздар қатысқан әскери міндеттілердің оқу жиынының басы-қасында өзіңіз жүрдіңіз. Биыл да осындай жиын бола ма?

 

Қорғаныс министрлігінің жауынгерлік дайындық жоспарына сай еліміздегі әскери міндеттілердің жиыны 2007 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бұған дейін Отан алдындағы әскери борышын өтеген азаматтар жауынгерлік әзірлік, әскери іс, әскери қару-жарақ пен техниканың ерекшеліктеріне теориялық және практикалық негізде қайта оқытылады. Сержанттар мен сарбаздар 50 жасқа дейінгі, офицерлер 60 жасқа дейінгі құрамда қайта дайындықтан өтеді. Оқу жиынының кестесі 30 күнге бекітілген. Еліміз бойынша 2023 жылы әскери міндеттілердің оқу әскери жиынына 1500 адам шақырылса, 2024 жылы олардың саны екі есеге артты. Себебі, бұл бағытта жергілікті әскери басқару органдарымен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көптеген жұмыс жүргізілді. Запастағы әскери міндеттілердің оқу әскери жиыны – ол қалыптасқан дағдыларды нықтап, жаңартып, әскердегі тапшы мамандықтар бойынша жаңа әдістерді үйренуге жақсы мүмкіндік. Биыл да жиын ұйымдастырылып, 3 мың әскери міндетті  шақырылады.

 

Өткенге баға бермей, болашақты болжау мүмкін емес. 2024 жылдың еншісінде қалған іс-шаралардың бірқатарын атап өтсеңіз.

 

2024 жылы еліміз аймағындағы су тасқыны кезінде Абай облысы жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы көп көмектесті, гуманитарлық жүк те жіберді. Белсенділік танытқаны үшін Абай облысынан мерзімді қызметтегі 9 әскери қызметші ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтан қол сағатын алды. Жергілікті әскери басқару органдары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясынан да қалыс қалмады. «Семей орманы – менің орманым» экологиялық акциясында 5 мыңға жуық көшет отырғызды. «Таза Қазақстан» жобасының негізінде «Абай қырандары» әскери-патриоттық клуб мүшелерімен бірге Семейдегі қарттар мен мүгедектер үйінің ауласын да қоқыстан тазалады.

 

Полковник мырза! Мемлекет басшысы – еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау баршаға ортақ парыз екенін атап өтті. Адамзат тарихында бұрын соңды болмаған сұм соғыстың оты 40 елдің территориясын шарпығаны шындық.

 

Расында, 1939-1945 жылдары соғысқа 1,5 миллион қазақстандық аттанды. Олар соғыстың алғашқы күнінен бастап барлық майданда фашистік Германияға қарсы кескілескен шайқастың алдыңғы шебінде болды. Шамамен 603 мыңға жуығы ұрыс даласынан оралмай, 271 мыңнан астам солдат пен офицер із-түссіз жоғалып кетті. Бұрынғы Семей облысында 330-шы гвардиялық және 8-ші атқыштар дивизиялары, көптеген әскери бөлімдер жасақталып, майданға 100 мыңға жуық адам шақырылды. Кеңес Одағы бойынша ең жоғарғы атақты алған 12 мыңнан астам адамның 103-і – қазақ. Мәселен, семейлік 53 адам Кеңес Одағының батыры атанса, 12 адам үшінші дәрежелі Даңқ орденімен, 30 мыңнан астамы орден-медальдармен марапатталды. Қазір Абай облысында Ұлы Отан соғысының 4-ақ ардагері қалды. Ел басына күн туғанда Отан үшін от кешкен батырларды мәңгілік ету – баршамыздың борышымыз.

 

Яғни, өскелең ұрпақты Отанға қызмет етуге адалдық рухында тәрбиелеу мақсатындағы шаралар одан әрі жалғаса бермек қой?

 

Дәл солай. Жуырда Абай облысының білім басқармасымен бірлесіп, алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушыларымен бір күндік оқу-әдістемелік жиынын өткізуді жоспарлап отырмыз. Басты тақырып – жас жеткіншектерді отансүйгіштік, патриоттық рухта өз елінің нағыз қорғаушысы болуға тәрбиелеудің құндылық негіздері.

 

Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

 

 

                                                                                      Алуа СӘКЕНҚЫЗЫ

«ШЫҒЫС» өңірлік қолбасшылығы

__Последние новости

  • Басты назарда

"Білек күші - ер азамат белгісі"

28/01/2025 - 19:19
Админ
  • Басты назарда

ЖАРАЛЫ ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖАН СЫРЫ

28/01/2025 - 16:38
  • Басты назарда

Курсанттардың білімі таразыланды

28/01/2025 - 10:34
  • Басты назарда

ЖЕКЕ ҚҰРАММЕН ӨТКЕН ДӘРІС

27/01/2025 - 17:33
  • Басты назарда

Айтулы күндегі пресс-тур

26/01/2025 - 16:30
  • Басты назарда

Тәрбиешілер күніне арналған шара

25/01/2025 - 10:24
  • Басты назарда

103 жастағы майдангерді құттықтады

21/01/2025 - 16:31
  • Басты назарда

ЕРЛІГІ ЕЛ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙДІ

21/01/2025 - 10:30
  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ШЕРУГЕ ДАЙЫНДЫҚ

19/01/2025 - 16:22
  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ТӘРБИЕШІЛЕРДІҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ

19/01/2025 - 11:19