Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекжан ТӨЛЕПОВ: «БАҒЫНДЫРАР БЕЛЕСТЕРІМ КӨП»

Админ

Қазақ даласын дүбірлеткен V дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінен қоржынымызға 8 алтын түсті. Жарыстың алғашқы күнінен-ақ ұлттық құрама балуандары ептілікпен көзге түсті. Сынға түскен барлық балуандарымыз айтулы сайыста жеңімпаз атанды.

Соның бірі – 55 кг салмақта белдескен Әлем чемпионы, ҚР Қарулы Күштерінің қызметшісі  Бекжан Төлеповпен шағын сұхбаттасудың орайы келген еді. Төменде назарларыңызға ұсынамыз.

 

Бекжан Әлімжанұлы, алғашқы күннен-ақ қоржынымызға алтын түсірдің. Қуанып жатырмыз, құтты болсын! Финалда қырғызстандық  Кимал Оболбековты қапы қалдырдың. Жалпы қарсыластармен белдесу қиынға соқпады ма?

 

– Өздеріңіз білесіздер, мен 55 кг салмақ дәрежесінде бақ сынастым. Бірінші кездесуімде грузин балуанымен күрестім. Ол – дзюдо күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Және де қазақ күресінен Еуропа жеңімпазы. Одан кейінгі  жартылай финалдағы қарсыласым – өзбек балуаны. Ол да осал емес. Қазақ күресінен 2023 жылы өткен Азия чемпионатының жеңімпазы. Екеуі де мықты. Бірақ айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Ал ақтық айқастағы сіз айтқан қарсыласым Кимал Оболбеков –  қырғыз елінің балуаны. Ол – самбо күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері.  Бәрі бірдей кіл мықтылар дер едім.

 

– Өзің осы кіл мықтылардың арасына қалай келіп қалдың? Қашаннан бері осы спорт түрімен айналысасың?

Қазақ күресімен 2007 жылдан бастап айналысып келе жатырмын. Оған себепкер – өз әкем Әлімжан Тұрғанбаев. Алғашқы бапкерім де осы кісі.  Тәлім-тәрбие беріп, күрестің қыр-сырын меңгертуге әкем барын салды. Мұнан соң тәлімгерлерім Мейрембек Тәжібенов,  Болатбек Кенеевтер жаттықтырды. 2020 жылдан бастап ҚР ҚМ Орталық спорт клубының спортшылар құрамына кіріп, қазір осында жаттығып жүрмін.

– Біздің әскери салада жүріп, алғашқы жеңіске де қол жеткізіпсің. Сол кез есіңде ме?

Әрине, ондай ерекше сәт естен кетпейді. Румыния елінде әлем кубогының жеңімпазы болдым. Сол жылдары қазақтың көк Туы көкке көтерілді. Барлық спортшының есінде қалатын кез деп айтар едім. Бір минуттық Әнұранымыз шырқалып, Туымыз көкке көтерілгенде оның артында қаншама жылғы еңбек жатыр. Оған дейін талай жарақат аласың.

Мәселен, осы сайыс алдында Қазақстан кубогы кезінде 60 кг салмақ дәрежесінде күресемін деп, иығымды сындырып алған жайым бар. Арада бір жарым ай демалып, қайта сынға түсіп,  жеңіске ұмтылдым. Бірақ жеңіс тұғырынан көрінген кезде осы қиындықтың бәрін ұмытасың.

 

– Талай сында бақ сынап, бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтеріліпсің. Бүгінде 2022 жылғы Әлем чемпионатының, одан бөлек әлем кубогының екі дүркін жеңімпазысың. Енді келіп, елімізде өтіп жатқан V дүниежүзілік көшпенділер ойынының алтын иегері атанып отырсың. Бұл айтулы шараның куәгері ретінде пікіріңді білсек...

 

– Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. 2014, 2016 және 2018 жылдары алғашқы ойындар Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өткен еді. 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды. Енді міне, қыркүйектің 8-інен бері біздің елімізде төрткүл дүниені көз тіктірген көшпенділер ойыны болып жатыр.

Соның аясында қазақ күресінен сайысымыз Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Оған 40 мемлекеттен 300-ге жуық спортшы қатысты. Ақтық кезеңге өткен ұлттық құрамдағы сегіз балуан аянып қалмадық. Сегіз салмақ дәрежесінде белдесіп, жүлдегер атанып, ел мерейін үстем еттік. Жалғыз мен ғана емес, ерлер арасында Мейіржан Берекетов (60 кг), Дидар Тұқышов (66 кг) және Жұмажан Қожамбеков (74 кг) алтыннан алқа тақты. Ал әйелдер арасында Айжан Жылқыбаева (48 кг), Назерке Азаматова (52 кг), Рауза Нұрмахамметова (56 кг), Бақыт Куссакбаева (60 кг) жеңімпаз атанды. Бұл – қазақ халқы үшін үлкен мәртебе.

 

– Иә, ел мәртебесін көтеріп жүрген сіздердей азаматтарды мақтан тұтамыз, қолдаймыз. Алайда, жақын адамдардың қолдауы ерек қой...

– Оныңыз рас. Қолдау көрсетіп келген отбасым, достарымның арқасында күш-жігерім тасып, намысты қолдан бермеуге тырыстым. Осы орайда алтын уақыттарын бөліп, арнайы Астанаға келген Райымбек, Мейіржан бауырларыма, Дәурен, Дінмұхаммед, Ержан ағаларыма, бір туғаным Нұржан ағама алғысым шексіз. Және де осы ҚР ҚМ Орталық спорт клубының басшысы Арман Әбеуов мырзаға, бапкерлер Асан Мәмбетқұлов, Ғұмыр Қырғызбаев ағаларымызға, ұлттық құрама бас бапкері Ғани Келдіғұловтар бізге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, қолдау білдірген еді. Оларға да ризашылығымды білдіремін.

Оған қоса, тыңғылықты дайындығымыз да жеңімпаз болуыма әсер етті. Қазақстанның 4 қаласында,  Қырғызстан мен Грузияда, әртүрлі аймақтарда оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл біз үшін таптырмас тәжірибе болды.

 

– Елден, шетелден алған сол тәжірибеңді шәкірттеріңе үйретіп жүрген боларсың?

– Иә, біреу білсе, біреу білмес, Батыр атты жеке қазақ күрес спорт клубым бар. Онда 70-тей жас тәрбиеленіп келеді. Оларға білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісіп жүремін. Арасында республикалық, облыстық жарыстардан жүлделі орын алып, жеңімпаз болып жүрген балуандарым бар. Мысалы, ағайынды Жарқынбектер, тағы бір ағайынды Қапановтар, Бекзат Оразбай сынды шәкірттерімнен үлкен үміт күтемін. Әр шәкіртімнің жеңісін көргенде төбем көкке жетіп, бір марқайып қаламын.

 

– Отбасы жайында айтып өтсең...

– Біз төрт ағайындымыз. Үйдің үшінші баласымын. Бағана айтқанымдай, әкем спорт саласына қатысы бар адам, ал анам тігіншілікпен айналысады. Өзім осыдан үш жыл бұрын шаңырақ құрдым. Хамза есімді ұлдың әкесімін. Шаңырағымыз ұлғайып, екінші сәбиіміз дүниеге келер күнді күтіп отырмыз.

 

– Алда қандай жоспар бар?

– Ендігі аптада Грузияға оқу-жаттығу жиынына барамыз. Дайындығымызды жалғастырып, ептілігімізді нығайтамыз. Өйткені қараша айында бізді тағы бір сайыс күтіп тұр. Үнді елінде қазақ күресінен әлем чемпионаты өтеді. Ол жерде Қазақстан намысын қорғайтын боламын. Яғни, біздің бағындырар белесіміз әлі көп.

 

– Онда ақжолтай хабар күтеміз. Жеңісті, қуанышты күндерің көп болсын! Шаңырағың шаттыққа тола берсін!

 

                                               Сұхбаттасқан Рима БІЛӘЛҚЫЗЫ

 

__Последние новости

  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

Бүгін, 12:54
Админ
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

Кеше, 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59
  • Басты назарда

44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

15/11/2024 - 14:28
  • Басты назарда

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

15/11/2024 - 13:39
  • Басты назарда

Қабілетіне қанат бітірген азамат

14/11/2024 - 14:22