Әскерге шақыру, кредиттік демалыс және айлық: Қарулы күштердің полковнигі эксклюзив сұхбат берді

Елімізде 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды ел азаматтары міндетті түрде әскерге шақырту алады. Әдеттегідей, былтырғы жылы бұл науқан тиісінше өтті. Жаңашылдық та жоқ емес. Өзгерістер де болды

Админ

Осы жайында толық білмек ниетте ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары – Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының бастығы, полковник Фархат Айдарбаевты әңгімеге тартқан едік. Сұхбатымыз төмендегідей өрбіді.

– Фархат Қайсаұлы, былтырғы 2023 жылғы әскерге шақырту барысында Қазақстан азаматтарының қаншасы әскери борышын өтеді? Жоспарларыңыз толығымен орындалды ма?

– Иә, өздеріңізге белгілі, көктем және күз айларында Қазақстан азаматтары мерзімді әскери қызмет өткеруге шақыртылды. 2023 жылы әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенінің арқасында бұл науқандар мерзімінен бұрын аяқталды. 

Жалпы былтыр 37 мың азамат әскер қатарына қосылды. Осы 37 мың әскерге шақырылушының 16 мыңнан астамы Қарулы Күштерге жіберілді. Қалған 21 мың азамат Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін толықтырды.

–  Былтыр әскери есепке алу қағидатына өзгеріс енгізілген еді. Ол тиімді болды ма?

– Иә, 2023 жылғы 8 қарашадан бастап әскери есеп жаңа форматта жүзеге асырылуда. Қарулы Күштердің жүргізіліп жатқан цифрлық трансформациясы әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізуге мүмкіндік берді.

Біріншіден, тұрақты тұратын жерін ауыстырған кезде әскери комиссариаттарға немесе ХҚКО-ға жүгірудің қажеті жоқ. Мекенжайы өзгерген кезде сіздің әскери есебіңіз автоматты түрде өзгереді.

Екіншіден, әскери қызмет өткермеген, оның ішінде 27 жасқа толған адамдарға бұдан былай әскери билеттерді алу үшін жүгінудің қажеті жоқ. Оларға әскери билеттер берілмейді. Оның орнына әскери міндеттіліктің мәртебесі, оның әскери есебі Егов жеке кабинетінде көрсетіледі.

Үшіншіден, жұмысқа орналасу кезінде енді әскери қызметке қатысты анықтамалар алу үшін әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Сіздің жұмыс берушіңіз бұл ақпаратты Еговта өз бетінше көре алады.

Төртіншіден, шетелге тұрақты тұруға барған кезде әскери комиссариаттардан бас тартудың қажеті жоқ. Біз өзіміз қажетті ақпаратты көші-қон қызметіне береміз.

Бесіншіден, мемлекеттен жеңілдіктер алу үшін растайтын анықтамалар алу үшін әскери комиссариаттарға барудың қажеті жоқ. Біз бұл ақпаратты сұраныс кезінде Еңбек министрлігіне береміз.

Алтыншыдан, 17 жастағы балаларға енді жеке істі жинап, әскери комиссариатқа тіркелу үшін келудің қажеті жоқ. Біз бұл процесті толығымен жойдық. Тіркеу жүйелердегі қолда бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады.

Жетіншіден, зейнеткерлікке шықпас бұрын әскери қызмет өткергенін растау туралы анықтама алу үшін әскери комиссариаттарға жүгінудің қажеті жоқ. Қажетті ақпарат зейнетақы төлемдерін есептеу жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

Сегізіншіден, егер Еговтағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе немесе жоқ болса әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Сіз Еговтан тікелей растайтын құжаттарды қоса бере отырып, мәліметтерді түзету үшін өтініш бере аласыз.

Инновациялар Мемлекет басшысының «Көрінбейтін үкімет» Invisible Government құру туралы талаптарына толық сәйкес келеді және Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінің басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен қамтамасыз етілген интеграциялық өзара іс-қимылының арқасында қолжетімді болды.

Былтырғы жылы «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесінің арқасында аталған санаттағы 300 мыңнан астам әскерге шақырудан кейінге қалдыру туралы SMS-хабарлама жіберілді. 

–  Енді сол жаңа цифрлық әскери жүйенің нәтижесі қандай?

–  Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі цифрлық трансформация шеңберінде 16-дан 60 жасқа дейінгі ер азаматтар бойынша деректерді алу бөлігінде басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялық өзара іс-қимылы қамтамасыз етілген. 

Бұл бізге бүкіл ТМД-да ешкімде жоқ ақпараттық жүйені құруға мүмкіндік берді. Аталған іс-шараны іске асыру Мемлекет басшысының «Көрінбейтін үкімет» (Invisible Government) құру туралы талаптарына толық сәйкес келеді.

2023 жылы Мемлекет басшысының қатысуымен болып өткен «Диджитал Бридж» халықаралық форумда Қорғаныс министрлігі цифрландыру саласында өз жетістіктерін ұсынды. 

Қарулы Күштердегі цифрлық трансформация жергілікті әскери басқару органдарының халыққа беретін анықтамалар санын айтарлықтай қысқартуға, төрт мемлекеттік қызмет көрсетуді алып тастауға және екі мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыруға мүмкіндік берді, соның ішінде:

әскери билеттерді беруге тыйым салу; әскери есепке қоюды автоматтандыру; жастарды әскери есепке тіркеуді автоматтандыру; әскери қызметті кейінге қалдыруды автоматтандыру.

– Елімізде мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру үшін кешенді шаралар жобасы әзірленіп, соған күш жұмсалып жатқанын білеміз. Соның аясында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылған еді.  Соларды тарқатып айтып өтсеңіз және 2023 жылы қанша сарбаз осы жеңілдіктерге ие болды? 

– Азаматтарды мерзімді әскери қызмет өткеруге ынталандыру мақсатында Қорғаныс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру бойынша екі кезеңдік кешенді шаралар жобасын іске асыру бойынша жұмысты ұйымдастырды. 

Соның ішінде, мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне кредиттік демалыстар ұсыну бойынша қазіргі таңда 4,1 мың адам 1,5 млрд. теңге сомасына төлемдері кейінге қалдырылды; мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін білім беру секторында мынадай жеңілдіктерге қол жеткізілді: 2023 жылы жоғары оқу орындарына 615 адам түсті, оның ішінде грант бойынша – 189 адам, ақылы негізде – 426 адам; 2023 жылы оқу орталықтарында экономиканың нақты секторына қажетті 15 әскери-есептік мамандықтар бойынша 1 195 әскери қызметші даярланды. 

Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға сәйкес мерзімді қызметтің әскери қызметшілері:

мемлекет есебінен киім-кешекпен және тамақтандырумен қамтамасыз етіледі; ай сайын ақшалай үлес төленеді; әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған кезде бір айлық есептік көрсеткіш өлшемінде жәрдемақы төленеді, ал көрсетілген санаттағы әскери қызметшілер жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған болса, бес айлық есептік көрсеткіш өлшемінде жәрдемақы төленеді; техникалық және кәсіби, жоғары білімі бар және алты ай қызмет өткерген әскери қызметшілер келісімшарт бойынша әскери қызметке түсуге мүмкіндіктері бар; жиырма төрт жасқа дейінгі әскери қызметшілер жоғары, техникалық және кәсіптік білім берудің бағдарламаларын жүзеге асыратын әскери оқу орындарына түсуге құқылы; медициналық көрсеткіштері болған кезде мемлекеттің есебінен санаториялық-курорттық емделумен қамтамасыз етіледі; марапаттау түрінде жалпыәскери жарғылармен белгіленген тәртіппен қысқа мерзімді демалыс ұсынылады; қысқа мерзімді демалысқа барған және кері қайтқан кезде мемлекеттің есебінен теміржол, автомобилдік және ішкі су көлігінде тегін жүруге құқылы; мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің әскери-медициналық мекемелерінде (ұйымдарда, бөлімшелерде) медициналық қамтамасыз етілуі бюджеттік қаражаттың есебінен жүзеге асырылады. 

– Қазір көп ата-ананың көңілі күпті. Оларға не айтар едіңіз?

– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әскерге шақырылушылардың ата-аналарына мынаны жеткізгім келеді. Біздің Отанымызды біздің азаматтарымыздан басқа ешкім корғамайды. Бұл кең байтақ жерлер ата-бабаларымыздан мұра ретінде бізге жеткізілді.

Олар өз өмірлерін, жандарын аямай жерімізді қорғады. Осы жерде өз ұрпақтары өмір сүреді, өздері өркендейді және біздің еліміз Қазақстан Республикасын дамытады деген оймен жасады. Осы оймен де қаза тапқандар болды.

Сондықтан болашақта біздің мемлекетіміздің тұтастығы мен оның егемендігі қазіргі жастарды қалай тәрбиелейтінімізге байланысты екенін қаперлеріңізден шығармасаңыздар екен. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Рахмет сізге. Жұмыстарыңыз алға бассын! 

Сұхбаттасқан Рима ӘБЕУОВА

__Последние новости

  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

Бүгін, 12:54
Админ
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

Кеше, 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59
  • Басты назарда

44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

15/11/2024 - 14:28
  • Басты назарда

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

15/11/2024 - 13:39
  • Басты назарда

Қабілетіне қанат бітірген азамат

14/11/2024 - 14:22