АҚШ-та соғым сойып, той тойлайтын қазақтар шоғырланған штатты білесіз бе?

Бұл штатта Қазақстанның Тәуелсіздік күні, әз-Наурыз сияқты қазақтың төл мерекелері атаусыз қалмайды

Нұрдәулет Кәкіш

АҚШ-та қазақтың салтын сақтап, жыл сайын соғым сойып, ұлттық мерекелерімізді дәстүрлі түрде атап өтетін қазақтар шоғырланған штат бар. Ол – Огайо штаты. Огайодағы қазақтардың тыныс-тіршілігі туралы «ADL 100 Inc» компаниясының негізін қалаушы Ертөре Оразай Sarbaz.kz тілшісімен болған сұхбатта айтып берді.

Оның сөзінше, Огайо штатын мекен етіп жатқан қазақтар саны 300-ге жуықтауы мүмкін.

«Огайо штатында тұратын қазақтардың нақты санын тап басып айту қиындау. Себебі ішкі миграция бар, осында көшіп келіп жатқандар да, Огайодан басқа штатқа қоныс аударып жатқандар да қаншама. Тек әлеуметтік желілердегі чат-топтарға қарап, болжам жасауға болады. Мысалы, Огайодағы қазақстандықтардың WhatsApp тобында 130-дан аса адам бар. Олардың отбасы мүшелерін қосқанда дәл қазіргі уақытта кемінде 200-300 қазақ Огайо штатын мекен етіп жатыр», - деді Ертөре Оразай.

Сонымен қатар ол Огайодағы қазақтардың ұйымшылдығы ерекше екенін айтады.

«Мен өз басым 4 штатта, яғни Нью-Йорк, Калифорния, Техас, Огайо штаттарында тұрып көрдім. Соның ішінде береке-бірлігі жарасқан ерекше ұйымшылдығымен көңілге жаққаны осы Огайодағы қазақ қауымдастығы. Оның бір себебі мұндағы қазақтардың көбі орта буыннан асқан, отбасылы, балалы-шағалы адамдар болғандықтан да шығар. Мысалы, Нью-Йорк, Лос-Анджелестегі қазақтардың көбі – білім қуып келген жастар. Олардың ойында негізінен сабақ, емтихан, диссертация қорғау сияқты шаруалар тұратындықтан, әрине, уақыттары да бола бермейді. Ал Огайодағы қазақтардың басым көпшілігі емтиханнан, сабақтан қолдары бос, өздерінің кәсібін дөңгелетіп жүрген орта жастағы адамдар болғандықтан ба, ұйымшылдық ерекше көрінеді», - дейді Огайо штатының тұрғыны.

Ертөре Оразайдың айтуынша, бұл штатта Қазақстанның Тәуелсіздік күні, әз-Наурыз сияқты қазақтың төл мерекелері атаусыз қалмайды. Соғым сою, тұсау кесер, сүндет той сияқты ұлттық салт-дәстүрлеріміз де дәріптелетін көрінеді.

«Мерекелік іс-шаралар, тойлар күн жылы кездерде қаладағы саябақтарда ашық аспан астында, ал күн суытқанда мейрамханаларда ұйымдастырылады. Огайоның қазақтары кез келген мерекеде бас қосып отырады. Мысалы, жеке адамның немесе отбасының мерейтойы және кішкентай нәрестенің дүниеге келуі, яғни шілдехана, бесік той, тұсау кесу, құдайы тамақ сияқты рәсімдер тура өз еліміздегідей өтеді. Үлкен тойлар ұйымдастырылып тұрады. Тойлар елдегідей асабалардың басқаруымен ұлттық нақышта өткізіледі. Жыл сайын қыс түскенде елдегідей соғым сойылады. Огайодағы ұйымшылдықтың ерекшелігі осында. Бұл басқа штаттарда жоқ деуге болады», - дейді Е.Оразай.

Ертөренің өзі АҚШ-қа алғаш рет 2003 жылы барыпты. Оқуын жалғастыру үшін АҚШ Мемлекеттік Департаменті қаржыландыратын Эдмунд Маски стипендиясының иегері ретінде Халықаралық қатынастар магистрі болған. Техас штатында, Американың 41-президенті Джордж Буштың Мемлекеттік Басқару Мектебінде білім алған. Екі жылдан кейін оқуын тәмамдап, елге қайтып оралған. Содан отбасын құрып, араға 13 жыл салып, жарымен бірге АҚШ-қа қайтадан аттанған. Жары Дана Садықова білімін жалғастырып, сол жақта колледжде оқыған. Кейін кәсіпкерлік жолына түсіп, көлік-логистика саласында өз компанияларын ашқан.

«Әрине, бір елдің азаматы болған соң қазақ қауымдастығы бір-біріне демеу болып, барынша қолдау көрсетеді. Бұл жақта енді көшіп келіп жатқан отандастарымызға алғашында уақытша тұратын орын қарастырып немесе қасына тұрғызып, оқуға, жұмысқа орналасу бойынша көмек қолдарын созып жатады. Тіпті мекенжай, пошта керек кезде де осында бұрыннан тұрақтаған қазақтар енді кеп жатқандарға пошта мекенжайын беріп, хат-хабарларды алып отыруға, көлік алғанда тіркеуге жәрдемдеседі. Екі көлігі барлар уақытша пайдалануға бір көлігін бере тұратындар да бар. Әлемнің қай түкпірінде жүрсек те, әр қазақтың жүрегі «елім» деп соғады деп ойлаймын. Қайда жүрсе де қазақ – бір қазақ. Әрдайым Қазақстанның жағдайын елдегі қазақтармен бір деңгейде ойлап жүреміз. Елде қандай да бір жағдай болса, елеңдеп, бірінші болып Америкадағы қазақтар көмек қолын созып жатады. Әрдайым «еліміз аман болсын!» деп тілеу тілеп отырамыз», - дейді Ертөре Оразай.

__Последние новости

  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ ТҮСЕДІ

Кеше, 10:21
  • Басты назарда

Білімі мен біліктілігі жарасқан

22/11/2024 - 10:35
  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

21/11/2024 - 12:54
  • Басты назарда

Адал болуға ант берді

21/11/2024 - 12:24
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

20/11/2024 - 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59