«Әскерге кетуімнің өзі қызық оқиға»: белгілі күйші басынан кешкен оқиғаларымен бөлісті

Оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң кейіпкеріміз 1980 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған

Нұрдәулет Кәкіш

Сарбаздар сапында салмақты орны болса да, сардар болуды мақсат тұтпағандықтан, өздерінің соқпағымен сан саланы сағалап, сары даланың төсінде жүрген сақа сарбаздарымыздың саны жетерлік. Солардың бірі – Астанадағы мектептердің бірінде ән-күй пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен запастағы лейтенант, күйші Жұмағазы Кәкімжанов. Sarbaz.kz тілшісімен болған сұхбатта кейіпкеріміз КСРО заманында әскердегі басынан кешкен оқиғаларымен бөлісті.

«Жеңіс күнінде әскерге аттандым»

1958 жылы Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Қайыңды совхозында дүниеге келген Жұмағазы Сұлтанұлы үйдегі алты баланың екіншісі. Атасының қолында тәрбиеленіп, жастайынан өнерге, домбыраға әуес болып өскен ол 1965 жылы Қайыңды орта мектебінің табалдырығын аттап, 1975 жылы аталған алтын ұясынан қанат қаққан. Ал 1975-1979 жылдары Шымкент педагогикалық-мәдениет институтында білім алған жалынды жігіт студент кезінде бірқатар халықаралық, республикалық байқаудың жүлдегері атанған.

Атап айтсақ, Жұмағазы Кәкімжанов өнер көрсеткен Шымкент қаласы филармониясының «Достық» ансамблі 1978 жылы Польша елінде өткен халықаралық халықтық аспаптар байқауында гран-приді қанжығалаған екен.

Оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң кейіпкеріміз 1980 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.

«Мен әскерге тура 9 мамыр – Жеңіс күнінде бардым. Шынымды айтсам, әскерге кетуімнің өзі қызық оқиға», - деген Жұмағазы Кәкімжанов езу тарта бір күліп алды.

Сарбаз болған сәттерін есіне түсірген ол ерекше тебіреніспен әңгімеледі.

«Қолыма дипломымды алған соң Арқалық қаласында қызмет істеген болатынмын. Ондағы Қажыбек Дербісалин деген ағамыз бастаған өнер ұжымы осында, яғни қазіргі Астана, сол кездегі Целиноград қаласына гастрольдік сапармен келіп, бір апта бойы қалада концерт қойдық. Концертіміз сол уақытта теледидардан көрсетіліп жатты. Гастрольдік сапарымыз аяқталғаннан кейін Арқалықтағы үйіме барып, тамақтанайық деп енді дастарханға отырғанымыз сол еді, бір прапорщик пен екі сарбаз кіріп келді де, маған «сіз тұтқындалдыңыз» деді. Мен не болғанын білмей, абдырап қалдым. Сөйтсем, біз Целиноградта концерт қойып жүргенде, бір апта бойы күнде-күнде үйге әскерге шақырту қағазы келіп тұрыпты. Сол жерде қолыма кісен салып, мені әскерге алып кетті. Бұл – 8 мамыр, яғни мерекелік демалыс күндері еді. Қалалық, облыстық комитеттегілердің барлығы жұмыста емес-тін», - деп еске алды кейіпкеріміз.

Айтуынша жолдама Алматыға беріліпті. Әңгімесін жалғай отырып, көрген қызықтарын былайша жеткізіп берді.

«Хош. Тұтқындаушылар мені Баклан деген қалалық әскери басқармасының бастығына алып барды. Ол кезде өзімше ұзынырақ шаш жіберіп, сән қуып жүрген болатынмын. Мені көрген Баклан мырза: «мына жігіттің шашын, мұртын құртыңдар, тура ертең әскерге кететін болсын» деп, қарамағындағыларға бұйрық берді. Сол кезде мен: «ертең Жеңіс күні ғой, басқа күні барсам қайтеді?..» деп едім, «жоқ, дәл ертең кетесің» деді сөзін нықтап. Сөйтіп, ертесінде Ленинград қаласына жөнелтілдім. Ал 10 мамыр күні Ленинград қаласының маңындағы Сертолово әскери қалашығында болып, ондағы танктік полкке түстім. Сол уақытта біздің әскери қалашыққа шет елдерден делегация келетін боп жатыр екен. Содан жедел екі аптаның ішінде бізді, яғни сарбаздарды жан-жақты дайындықтан өткізді. Танкпен ату, минут, секундқа жүгіру, секіру сияқты жаттығулар жасатқызды. Қосымша олимпиадаға да дайындалдық. Ленинградқа барып, стадионда жүгіреміз де, одан қайтып келіп, танкпен атуға кірісеміз. Міне, әскердегі күндерімнің басы осындай қарбаласпен басталды», - дейді Ж.Кәкімжанов.

Алты ай өткен соң жас сарбаз Сертолово әскери қалашығынан Ленинград маңындағы Приозерск әскери қалашығына танктік полктің старшинасы болып ауыстырылады. Өзін жақсы қырынан көрсеткені үшін оған көп ұзамай, яғни желтоқсанның он бесінде демалыс беріледі.

«Дизбатқа жіберіп, қатаң жазаламақ болды»

«Домбырам да қажет болып жүрген. Отбасымды, ұлымды сағындым. Сол кезде Арқалықтағы қалалық әскери басқармасының бастығы Баклан мырзаға барып, өтініш жасаған соң ол үнемі «Отбасы жағдайына байланысты» деген анықтамаларды жіберіп отырды. Содан Арқалықта үш ай болдым. Жаңа жылды қарсы алып, 23 ақпан, 8 наурыз мерекелерін отбасыммен бірге өткіздім. Содан домбырамды, қазы-қарта, құрт, ірімшік сияқты қазақтың ұлттық тағамдарын алып, Ленинградқа аттандым. Сонда жеткен соң демалыс күндерімді арнайы мерзімнен асырғаным үшін мені дизбатқа жіберіп, қатаң жаза қолданбақ болды. Бірақ дәл сол уақытта танк атудан оқу-жаттығу шарасы өткелі жатыр екен. Командиріміз мені шақырып алып: «Тексеріс жүргізіп, арнайы іссапармен келген генералдың көзінше танк атудан жақсы баға ала алмасаң, 2 жылға дизбатқа кетесің», - деп қатаң талап қойды.

Мұны естіген соң мен барымды салдым. Оқу-жаттығу алаңында 4 танк, яғни 600, 601, 602, 603-нөмірлі танктер болатын. Мен 600-танктің ішіндемін. Ал қалған үш танктің бірінде Қайруллин деген қазақ, тағы бірінде Ким деген (кәріс ұлтының өкілі) қарағандылық жерлесіміз, үшіншісінде якутиялық азамат. Өзара сөйлесіп отыратын құралдан жерлестерім менен «Қазақстан қалай?» деп, елдің қал-ахуалын сұрамақ болып, әңгімеге тартады. Бірақ менің оларға жауап беретін мұршам болмады. Жанұшыра міндетімді орындаумен отырдым. Ақыры сол шарада дегеніме жетіп, «өте жақсы» деген баға алдым. Шара соңында генералдың өзі мені құттықтады. Жақсы бағаның нәтижесінде дизбаттың әңгімесі ұмыт болды, қайта командирлік сағатты сыйлыққа алдым», - дейді Жұмағазы Кәкімжанов.

«Ленинградта қазақтарды көргенде ерекше толқыдым»

Әскер қатарында жүргенде талай қызықты бастан өткергенін әңгімелеген Жұмағазы аға полктегі ансамбльмен бірге Финляндия еліне және Ресейдің бірқатар қаласына гастрольдік сапармен барғанын да тілге тиек етті. Айтуынша, ансамбльге домбыра аспабын да қостырып, концерттерде жекелей күй де орындап, қазақтың әндерін де шырқаған екен.

«Бір күні 3-4 сарбаз кетіп бара жатсақ, құлағыма Шәмшінің әндері естілді. Түсінесіз бе, сонау Ресей жерінде… Сенер-сенбесімді білмей, тоқтай қалып, тыңдасам, «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған…», - деп, баянмен сүйемелдеп, бір топ жігіт әндетіп жатыр екен. Сол кезде қандай сезімде болғанымды білсеңіз ғой. Көлдің жағасы-тұғын. Айнала жасыл желек, талдар. Әндетіп отырғандардың нақты қай жерде екені, кімдер екені көрінбеді. Бірден қасымдағы серіктерімді ертіп, сол жаққа, қазақтың әні шырқалып жатқан жаққа қарай беттедім. Барсақ, отбасыларымен демалыс күндерін өткізіп жүрген кілең қазақ азаматтары екен. Сол жерде бір мәре-сәре болып қалдық. Кейіннен білуімше, олардың барлығы Қазақстанның әр өңірінен барып, Ленинградта қызмет істеп жүрген лауазымды тұлғалар екен. Осы сәт ерекше есімде қалды, - деді Жұмағазы Кәкімжанов.

«Ресейліктің домбырамен күй күмбірлетуі таңғалдырды»

Тағы бірде ансамбльмен Ленинград қаласына концерт қоюға барғаны да қызыққа толы болыпты.

«Ол концертте мен жекелей екі күй шертіп, қазақтың екі әнін орындадым. Кеш соңында мені бір орыс ұлтының өкілі тоқтатып, әңгімеге тартты. «Қай жерден боласыз?» деп сұрады. Қазақстаннан, Арқалық қаласынан екенімді айттым. Жөн сұраса келе, ол менен домбырамды сұрады да, «Сарыарқа» күйін күмбірлете шерткенде құйқам шымырлап, бойымнан тоқ жүріп өткендей күй кештім. Сөйтсем, ол өзіміздің Алматыда 25 жыл тұрған екен. Сол уақытта Ленинградқа көшіп барғанына екі жыл болыпты. Жасыратыны жоқ, концерттен кейін ол мені командирімнен сұрап алды да, үйінде үш күн қонақ етті. Бұл да – менің есімнен ешқашан кетпейтін сәттердің бірі», - дейді күліп.

Арқалық қаласынан 200 жігітпен бірге аттанып, Сертолово әскери қалашығындағы ротада 67-70 сарбазбен, ал Приозерск әскери қалашығында барлығы 250-дей сарбазбен бір сапта тұрған Жұмағаң танк атудан оқу-жаттығу барысында ажал құшып та кете жаздаған екен. Бұл сәт те оның есінен ешқашан кетпейтінін айтады.

«Соғысқа аттанғалы тұрған жерімізден үйге қайттық»

«Әскерден қайтуымыз да қызық болды. Негізінен Ауған соғысына аттануға 60 күн бойы бізге, барлығы 60 сарбазға қызу дайындық, оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Содан соғысқа аттануға сақадай сай болып, «Ленинград – Ташкент» бағытындағы ұшаққа отырғалы тұрған сәтімізде 60 сарбазды үйлеріне қайтаруға генералдың өзі бұйрық беріп, 15 минуттың ішінде қаруластарымызбен қоштасып, әрқайсымыз әр тарапқа тарқасып кеттік. Біздің орнымызға басқа сарбаздар жөнелтілді. Сондағы әскери тәртіптің кереметтілігі сол, 15 минуттың ішінде естелік альбомдарымыз әзір болды. Бір-бірімізбен қимай қоштастық.

«Жалпы, әскер қатарында жүргенде көп өмірлік сабақ алдық, еңбекқорлыққа, тазалыққа дағдыландық. Байқасаңыз, көйлегімді үтіктегенде қырын оқтай қылмасам, көңілім толмайды. Ондағы темірдей тәртіп, тіпті қаныма сіңіп қалды деуге болады. Әлі күнге дейін әскери тәртіпті ұстанамын. Балаларымды да сондай тәртіпке үйретуге тырыстым. Бүгінде сарбаздар сапындағы сәттерімді қатты сағынамын, сағынышпен еске аламын. Барлық жастарды сарбаз болуға шақырамын», - дейді Жұмағазы Сұлтанұлы.

Отан алдындағы борышын өтеу мерзімі аяқталып, елге қайтар уақыт жақындағанда полктің старшинасы, лейтенант Кәкімжановты әскери қалашықтағылар командир болып, сол елде қалуға үгіттеп, екі бөлмелі пәтер де ұсынған екен. Алайда жүрегі «қазақ» деп соққан азамат елдегі төл өнердің дамуына өзіндік үлесін қосуды ойлап, сондай-ақ өзге елде сұлтан болғаннан гөрі өз елінде ұлтан болуды артық санап, ештеңеге қарайламай, туған жеріне қайтуды ұйғарған.

«...Сынбаған жері жоқ»

Әскерден келген соң 40 жыл бойы мәдениет және білім салаларында жемісті еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде сыралғы бапкердің тәрбиесін көрген талай шәкірт бүгінде биіктерден көрінуде.

Мысалы, Ә.Марғұлан атындағы №40 мектептің түлектері, күйші Мәди Бижанов пен дәстүрлі әнші Ақмарал сынды шәкірттері бірқатар республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері екенін атап өту ләзім. Жастардың жұлдызын жағып, абыройын асырып жүрген ұлағатты ұстаз Жұмағазы Сұлтанұлының әншілік, күйшілік өнерімен қатар, сазгерлігі де бар екен. 20-ға жуық әннің авторы туындыларын әншілерге ұсынбайтынын айтады. Айтуынша, «Қайран үміт» атты әнін астаналық Сәбит есімді әнші орындап жүрген көрінеді. Ал «Біз – астаналық» әнін қала мектептерінің оқушылары хорда шырқаса, Ә.Марғұлан атындағы №40 мектептің бұрынғы директоры Ербол Іргебайдың сөзіне жазылған «Марғұлан маршы» әні аталған білім ордасының әнұранына айналыпты.

Сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың домбыра, гитара, баян сынды бірқатар аспапта еркін ойнайтынын айта кеткен жөн.

Әскерден қайтқанда Ленинградтан өзімен алып келген домбырасын әлі күнге дейін қолданып жүр екен.

«Осы домбырамның сынбаған жері жоқ. Әскерде жүргенде де талай рет сынып еді, одан бері де талай елді көріп келеді. Өзіме қатты ыстық бұл аспабым. Қайда барсам да, өзіммен бірге алып жүремін. Домбыра шерткенде жан-дүниең рахатқа бөленіп, емделесің ғой, шіркін», - дейді ол.

__Последние новости

  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ ТҮСЕДІ

Бүгін, 10:21
  • Басты назарда

Білімі мен біліктілігі жарасқан

Кеше, 10:35
  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

21/11/2024 - 12:54
  • Басты назарда

Адал болуға ант берді

21/11/2024 - 12:24
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

20/11/2024 - 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59