Қол күресі бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның және әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы Тимур Спатаев елордадағы №40 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесті
Талай жыл әскери салада қызмет атқарған запастағы майор, спортшы, қара күш иесі, қол күресі бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның және әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы Тимур Спатаев елордадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
Кездесуде мектептің жоғары сынып оқушылары танымал спортшыға өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мысалы, 11-сынып оқушысы Алдияр Мұрат ер балалардың мықты болуы үшін әскердің қаншалықты пайдалы екенін сұрады.
«Әскер жігітті шыңдап, нағыз ер азамат болып қалыптасуына зор септігін тигізеді. Әскер төзімділікке, темірдей тәртіпке үйретеді. Мен өзім талай жыл әскери қызмет атқардым. Ол жерде көп нәрсе үйрендім, түйдім. Әр жігіт есейген кезінде міндетті түрде әскер қатарында болуы керек. Себебі Отанымызды біз қорғамағанда кім қорғайды? Көк туымызды біз желбіретпегенде кім желбіретеді?!» - деген Тимур Спатаев: «Мектеп бітірген соң әскерге кім барады?» - деп оқушыларға қарсы сауал қойды.
Рекордшыны ұйып тыңдап отырған залдағы ер балалардың бәрі оның жалынды сөздерінен кейін көздерінде от ойнап:
«Әскерге мен барамын! Мен барамын!» - десіп, орындарын атып түрегелді.
Сонымен қатар кездесуде әдебиет пәнінен батыр балуан Қажымұқан Мұңайтпасов туралы оқығандарын айтқан оқушылар қазіргі заманның Қажымұқанынан оның шетелдердегі сапарлары туралы, рекордтары жайлы сұрады.
Естеріңізге салсақ, Тимур Спатаев өткен жылы Қажымұқанның 150 жылдығына орай 400 келілік түйені көтеріп, 30 қадам жасап, әлемдік рекорд орнатқан болатын.
Жақында ғана қол күрестен әлем чемпионы атанған Тимур Спатаев оқушыларға болашақта қай саланы таңдаса, сол саланың мықтысы болу керектігін, сол үшін қазірден алға мақсат қойып, аянбай еңбек ету керектігін айтты. Жастарды рухтандыратын тәлімді сөздерін ғана айтып қоймай, қара күш иесі жуан шегелерден жүрек, тұмар жасап, өз өнерін паш етті.
Мектеп оқушылары да өз қолдарымен темір майыстырып көрді. Соның ішінде оқ бойы озық шығып, шағын темірді майыстыра алған Алдияр Мұрат есімді оқушыға Тимур Спатаев «Мектептің Қажымұқаны» деп ат қойды.
Спортшының өнеріне тәнті болған қатысушылар ыстық ықыластарын зор қошеметпен білдірді.
Мектеп директоры Сәуле Амангелдіқызы Тимур Спатаевқа ризашылығын айтып, Қабдеш Жұмаділовтің Қабанбай батыр туралы «Дарабоз» кітабын сыйлады.
Кездесу соңында оқушылар рекордшымен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алды.
Айта кетсек, Тимур Спатаев – «Толағай» алыптар сайысы жобасының авторы. Бұл жарыста алып денелі спортшылар ауыр бөрене көтеру, ауыр найзаны қашықтыққа лақтыру, құмның үстінде 500 келілік жүк тиелген арбаны сүйрету, 100 келілік тасты көтеріп, қашықтыққа жүру бойынша сайысады. Соңғы рет алыптар сайысы Астана күні қарсаңында елордада ұйымдастырылған болатын. Енді алдағы күндері Ақтау қаласында өтеді. Осымен жетінші рет өткелі отырған республикалық жарысты жоба авторы алдағы уақытта халықаралық деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап жүргенін айтады.