Алматы қаласының халықаралық әуежайында әскери спортшы, әлем чемпионы Ангелина Лукасты салтанатты түрде күтіп алды
Қазақстандық бокстың мақтанышы Бакуден кезекті жеңіспен және жаңа титулмен оралып отыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші раундта пәкістандық Рома Юсуфты нокаутқа жіберген Ангелина WIBA нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Оған бокстан аты аңызға айналған Мұхаммед Әлидің қызы Лейла Әли, сондай-ақ әлемнің абсолютті чемпионы Наталья Рагозина ғана ие болған.
Бұл – спортшының кәсіби рингтегі алтыншы жеңісі. Ангелина Лукастың активінде WBC International және UBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулер бар.
Ұшақтың әуе айлағына кеш келгеніне қарамастан, жеңімпазды Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Қорғаныс министрлігі орталық Спорт клубының әскери қызметшілері және көптеген жанкүйерлері қарсы алды. Олардың ішіндегі ең кішкентайы 6 жастағы Елизавета Онищенко. Ангелина оған бокс қолғаптарына қол қойып сыйға тартып, спортта ғана емес, өмірде де жеңіске жетуін тіледі.
Ұшақ баспалдағынан түсе сала достарыммен және барша қазақстандық бокс жанкүйерлерімен кездескеніме өте қуаныштымын. Әуежайда бірінші көзіме түскені менің жақындарым мен көгілдір беретті тарландар болды. Мен үшін десанттық бауырластық деген ұғым қаншалықты маңызды екенін бірнеше рет айтып келемін. Менің әкем мен атам десантшы болған. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев берген аспан түстес берет пен жейдешені әрқашан жанымнан тастамаймын. Ол маған сәттілік әкелетін символ, - деп бөлісті Ангелина Лукас.
Спортшы Қорғаныс министрлігіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, әрбір жекпе-жекті тамашалайтын қазақстандықтардың сенімі оған алға қадам басуға және жеңіске жетуге күш беретінін айтты.