Ол ҚР Қарулы Күштерінің қатарында 2012 жылдан бері қызмет етіп келеді
Артиллерия саласының дамуына көз жүгіртер болсақ, дивизион құрамында белгіленген тапсырманы жүзеге асыра алатын артиллерияның тағы бір атыс және тактикалық бөлімі ретінде артиллериялық батарея болып саналатынына анық көз жеткізе аламыз. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері деңгейіндегі батарея командирлерінің арасындағы сайыста алдыңғы топтағы озат үштіктің қатарынан көріне білген «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері 06708 әскери бөлімінің намысын қорғаған батарея командирі капитан Ұлан Ашемхановтың есіміне ерекше тоқталып өткен жөн, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Әскери шендегі Ұлан Ашемханов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында 2012 жылдан бері қызмет етіп келеді. 2016 жылы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын тәмамдаған.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің батарея командирлері арасындағы бәсекеге «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік» және «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің, сонымен қатар десанттық шабуылдау әскерлері және Құрлық әскерлерінің Әскери институтының батарея командирлері тартылған болатын.
Сайыс ережесіне сай, батарея командирлері жарысты тактикалық дайындықтарды пысықтаудан бастаса, одан әрі кешенді тапсырманы орындауға ден қояды. Келесі кезекте әскери білімін тексеруге жол ашылса, одан әрі арнайы дайындықтың жеке нормативтерін орындау және атыс дайындығының тапсырмаларын орындау барысында өздерінің бақтарын сынайды. Аса тартысты өткен бәсеке де қатарынан қалмаған капитан Ұлан Ашемханов жүлделі үшінші орынды иеленеді.
Отбасында әскери шендегі Ұлан жұбайы Шырынмен бірге Мадина және Амира есімді қыздарына өнегелі тәрбие беріп келеді.