Бүгін ҚР Қарулы Күштерінің тәрбиешілері үшін ерекше күн. Осыдан отыз үш жыл бұрын 19 қаңтарда Қазақстан Қарулы Күштері тәрбие құрылымдарының офицерлері тәрбиешілерінің институты құрылған еді.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әскерлер шын мәнісінде басқарусыз қалды. Сол кезде құқық тәртібі мен әскери тәртіпті орнату басты қадам болды. Осы орайда тәрбие құрылымдарының офицерлері мақсатты жұмыс істеді. Мысалы, әскери ұжымдарды біріктіруде, жеке құрамның ар-намысы мен абыройын қорғауда, әскери қызметтің беделін арттыруда бар күш-жігерін аямады.
Қазіргі уақытта еліміздің Қарулы Күштерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастырудың біртұтас жүйесі қалыптасқан. Оған күннен-күнге артып келетін әскери қызметтің беделі мен қоғамдағы әскери қызметшілер мамандықтарына деген қызығушылық, сондай-ақ әскери ұжымдардың жоғары жауынгерлік рухы мен ауызбіршілігі дәлел. Алайда тәрбиешілер институты өз дамуын мұнымен тоқтатпайды. Бүгінгі күнге дейін тәрбие құрылымдары айтарлықтай дамыды. Тәрбие және идеологиялық жұмыстары органдарының құрылымы жетілдіріліп келеді. Қарулы Күштердегі психологиялық және әлеуметтік жұмыстарды жақсарту үшін батальондар мен бригадалар психологы лауазымдары, ал идеологиялық жұмыстарды жандандыру үшін идеологиялық және арнайы үгіт-насихат жұмыстары жөніндегі офицерлер лауазымдары енгізілді. Бүгінгі таңда тәрбие және идеологиялық жұмыс органдары психологиялық, әлеуметтік және әскери-әлеуметтік салаларды, әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыруды қамтитын көпфункциялы құрылымға айналды.
Осы орайда, «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы редакциясы қызметкерлерінің атынан Қарулы Күштеріміздегі тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша қызмет атқарып жатқан барша әскерилерді төл кәсіби мерекесімен құттықтаймыз.