Биыл – тәуелсіз ел болғанымызға, азаттықтың дәмін татқанымызға отыз төрт жыл. Осы отыз төрт жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына отауы бөлек, дербес, зайырлы ел болды.
1991 жылдың 16 желтоқсан күні қазақ елінің Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов т.б зиялы ұлдарының армандаған ақ таңы туды.
Әрине, бұл күн оңайлықпен келген жоқ. Қазақ елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін өмірлерін қиып, жанкештілікпен жасаған Сырым Датұлы, Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы бастаған және 1916 жылы ұлт азаттық көтерілістер тарихтан ерекше орын алды.
Одан бермен қарай тарих беттерін парақтасақ, жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы арыстарымыз саяси қуғын-сүргінге ұшырап, қасіретті кезеңді бастан өткерді. Тәуелсіздік үшін осындай зұлмат кезеңдерден өтіп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған рухты бабаларымыздың еркіндікті аңсаған ұрпақтары ызғарлы желтоқсанда «желтоқсан көтерілісімен» жеңісті жақындатты. Желтоқсан көтерілісі құлаққа ызғарлы естіліп, жүрекке ауыр тисе де ел аңсаған еркіндікті жеткізіп, жанымызға нұр септі.
Шаңырағы шайқалып, керегесі тарылған қазақ елінің қолы азаттыққа жеткенімен, ел болып қайта тұруы оңайға түспеді. Өз валютасы мен шекарасы тұрмақ, тілінің өзі шұбарланған елдің ертеңі бұлыңғыр еді. Тәуелсіздікті алып асыл арманымыз орындалғандығына қуанғанымызбен оны сақтап қалу одан да қиынырақ екен. Алайда елдің ертеңін ойлап, ел үшін, жер үшін қызмет еткен тұлғаларымыздың арқасында қайта тұрдық, қайта самғадық.
Тәуелсіздіктің арқасында тарихымыз түгенделіп, тіліміз бен дініміз қайта оралды. Елді Есілдің бойына қоныстандыра отырып, жаңаша сипаттағы бәсекеге қабілетті елдің іргетасы қаланды. Беделді ұйымдарға мүше болумен қатар соларға жетекшілік еттік. Халықаралық дәрежеде шекарамызды сыздық. Мемлекеттік рәміздерімізді енгіздік, ұлттық валютамызды айналымға жібердік. Ана тілімізді мемлекеттік тіл дәрежесіне көтердік. Ассамблея құра отырып, атом қаруынан түбегейлі бас тарттық. Тіпті әлемдік дәрежедегі «EXPO-2017» көрмесінің қазақ жерінде өтуінің өзі қазақ елінің әлемдік сахнада беделді мемлекет екендігін айғақтатты.
Тәуелсіз Қазақстан туымен тұғырлы, елтаңбасымен еңселі, әнұранымен айбатты болып, бүкіл әлем танитыңдай жағдайға жеттік.
Бүгінде еліміз өркендеп, жаңа белестерді бағындырып, халқымыз ашық аспан астында, түн ұйқылары тыныш, бір шаңырақта берекелі де мерекелі ғұмыр кешіп жатыр. Өйткені құрлықта да, теңізде де, әуеде де ел тыныштығын күзеткен төл армиясы тұр.
Иә, Тәуелсіздік жылдары құрылған Қазақстанның Қарулы Күштері қазір қарыштап дамыды. Ел әскерінің бүгінгі деңгейге жетуі Мемлекет басшысының қорғаныс саласын нығайтуға байланысты белгілеп берген басымдықтары мен міндеттерінің орындалуы арқасында жүзеге асты.
Қазір Қарулы Күштеріміз үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Бұлардың әлеуеті ұлғайтылды. Стратегиялық тұрғыда дағдарыстық жағдайлар орын алған кезде негізгі міндеттерді шешуге қатысу үшін жоғары деңгейлі әскери топтар, кез келген қауіп-қатерге қарсы жедел әрекет ететін арнайы операция тобы, киберкеңістікте қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл мақсатында ақпараттық күрес компоненті құрылды. Сондай-ақ мемлекеттің аумақтық қорғаныс саласын біріктіру үшін Қарулы Күштер құрамындағы аумақтық әскерлердің басқару органы пайда болды. Құрылымның барлық сатылары қамтыла отырып, еліміздің әскери оқу орындары арқылы мамандар дайындау ісі жолға қойылды.
Отыз төрт жыл ішінде елімізде ұлттық әскери мамандарды даярлау жүйесі өз деңгейінде қалыптасты. Әскери бағыттағы оқу орындардың оқу-тәрбиелік үдерісіне озық технологиялар енгізілді, мамандардың білім деңгейін көтеру үшін оқу-әдістемелік база кеңейтілді. Біздің әскери жоғары оқу орындарымызда Армения, Қырғызстан және Тәжікстан сынды елдердің әскери қызметшілері де білім алатын деңгейге жетті. Өз кезегінде тәжірибе алмасу үшін біздің әскери қызметшілеріміз де шетелдердегі жоғары оқу орындарында шыңдалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар халықаралық әскери ынтымақтастыққа, дәлірегі, басқа елдер әскерлерімен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға баса назар аударылуының арқасында жүзеге асырылуда. Осы орайда біздің әскери құрамалар ШЫҰ, ҰҚШҰ аясында өтетін оқу-жаттығуларға да үнемі белсене қатысып, өздерінің жоғары деңгейлерін көрсетіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз.
Жалпы, Қарулы Күштеріміздің сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін саланы заманауи стандарттарға, әлемдік тәжірибелерге сай дамыту басты міндеттердің бірі болып саналады. Сондықтан қазіргі таңда Қарулы Күштеріміз әскери шақыру және келісімшарт бойынша, яғни аралас тәсілмен жасақталуда. Соның нәтижесінде сержанттар мен сарбаздар құрамының 70 пайыздан астамын келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер құрап отыр. Қалған 30 пайызын әскери борышын өтеуге міндетті азаматтар құрайды. Әскерді жасақтаудың осы тәсілі өз тиімділігін көрсетуде.
Иә, қазір заманауи және кәсіби әскері бар бейбіт елміз. Бүгінде Қазақстан өзінің әскери әзірлігі және техникалық жарақтануы жағынан әлемнің алдыңғы қатарлы армияларымен иық теңестіре алатын дәрежеге жетті. Кәсіби тұрғыда шыңдалған Қарулы Күштеріміз халықаралық бірлескен стратегиялық кешенді оқу-жаттығуларына белсене қатысып, мерейлерінің үстем болып жүргені де бар. Еліміздің Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ТМД-ның кейбір елдерінің арасында оқ бойы озық тұруы да – біз үшін мақтаныш. Мұның бәрі әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығының, үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетудің және батырлық, жауынгерлік дәстүр сабақтастығының жалғасуының арқасында жетіп отырған жетістіктеріміз.
P.S. Ендігісін егемен елдің мәңгілік мұраты – азаттығымызды қастерлеп, қорғанысымызды мықтап, келер ұрпаққа аманаттауға тиіспіз. Елімізді ішкі-сыртқы дұшпандардан қорғауға міндеттіміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз мәңгілікке мирас болмақ. Сондықтан басымыздағы бағымызды қадірлеп, Отанды сүйіп, туған жерімізге ту тігіп, келешек ұрпаққа жеткізу барша қазақ елінің парызы деп білейік.
Елдігіміз еңселі, армиямыз айбарлы, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!