ҚАЗАҚ ӘСКЕРИ БАСПАСӨЗІ немесе «Сарбаздың» сара жолы

Тарихи деректерге жүгінсек, 1929 жылдың 7 қарашасында Qьsьl әsker» («Қызыл әскер») газеті жарық көрді. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, бүгінгі «Сарбаз» сол басылымның заңды жалғасы.

Админ

Қазақтың әскери басылымы

Жалпы тұңғыш ана тілімізде (қазақ тілінде) жарық көрген газет  – «Қызыл әскер». Александр Рожков мырзаның дерегінше, «Qьsьl әsker» («Қызыл әскер») – Қазақ әскери комиссариатының, кеңес қоғамдық-саяси қорғаныс ұйымының және «Еңбекшіл қазақ» баспасының апталық газеті. Басылым 1929 жылдың 7 қарашасынан бастап, 1936 жылдың 31 қазанына дейін Алматыда аптасына бір рет, қазақша латын әріптерімен және кішігірім ақпараттар араб әріптерімен жазылып шығыпты. Басылым форматы үлкен - А0.

Газет жазылу арқылы және жеке сатылымға да беріліп отырған.

Газетпен Ілияс Жансүгіров, Асқар Лекеров, А.Көшімов шығармашылық қарым-қатынаста болыпты. Шығу мақсаты – қорғаныс саласында жүргендерді сөзбен демеу, әскери қызметке жастарды тарту және офицерлердің әскери білімін жетілдіру еді. Газет бетінде алғашқы әскери дайындық (соның ішінде әйелдер үшін де), шетелдегі әскери  жаңалықтар, сонымен қатар, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелері жарық көріпті.

Баса айта кететін жайт, сол уақыттың өзінде фотолар, кестелер, түрлі  қызықты суреттермен қоса, мақалалар публицистикалық стильде жазылып, соның арқасында қазақша әскери терминдер қолданысқа енгізілген екен. Бұл газеттің тігіндісі бүгінде толық болмаса да, бірді-екілі нөмірі Алматыдағы ғылыми-техникалық ақпараттық орталығында сақталған.

Тәуелсіздік жаршысы – «Қазақстан сарбазы»

 

 Тәуелсіз Қазақстан армиясының жаңа тарихы 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарулы Күштерді құру туралы Жарлығына қол қойған күннен бастау алды. Қазақстанның қарулы күштерінің дербес құрылымы өмірге келгеннен соң, араға алты сай салып, «Боевое знамя» газетінің базасында ҚР Қорғаныс министрлігінің органы  «Қазақстан сарбазы» - «Воин Казахстана» газеті өз оқырмандарына жол тартты.

Газеттің алғашқы санының жарық көруі 1992 жылғы 16 желтоқсанына тұспа тұс келді. Аталмыш басылым өзінің алғашқы санын ел Президентінің ақ батасымен ашып, тұсауын кесті.

Газеттің тұңғыш бас редакторы Виль Рахманқұлов болды. Одан кейін есімі бәрімізге таныс Сапарғали Жағыпаровқа бас редакторлық  бұйырды. 

««Қазақстан сарбазы» - «Воин Казахстана» газеті А-2 форматта, 4-беттен, аптасына екі рет, қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.  Бұл басылым Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуы мен дамуына өзінше үлес қосты. Әр қадамы, әр жолы осы газет беттерінде айқын көрініс берді», дейді сол кезді еске ала Сапар аға.

Иә, сол кезде газеттің әр қызметкері өзінше үлес салмағын бөліскені рас. Атап өтсек, әскери тақырыпқа қалам тербеген Совет  Сейітов, Марат Нұрсейітов, Кәкімхан Құттыбаев, Сәндібай Күмісбеков, Шәміл Хайруллин, Борис Грибачев, Алтынбай Дәуренбеков, Жүніс Омар, Әубәкір Смайлов, марқұм Құдайберген Медиманов, Марат Жүніс-Бек, Мұхарбек Манарбек және т.б. «Қазақстан сарбазында» қолтаңбалары қалды.

 

Атауы «Сарбаз» болып ауысты

2008 жылы «Қазақстан сарбазы» атын (2007 жылдың аяғына дейін «Қазақстан сарбазы» (Воин Казахстана) деген қосарланған атпен шығып тұрды) өзгертіп, «Сарбаз» газетіне айналды. Газеттің бас редакторы Ярослав Голышкин болды. Ал қаржы жағынан басқару «Қазақстан ГАЖ орталығы» акционерлік қоғамына берілді.

Сол тұста «Сарбаз» газеті қазақ және орыс тілінде А-3 форматта, аптасына бір рет, 16 беттік болып шығып жүрді. Сонымен қоса, «Айбын»  журналы да жарық көріп, әскери басылымның қатары толықты.

Кейін атауы өзгерген осы газеттің бас редакторлық тізгінін қаламы қарымды, белгілі журналист Ерғазы Әсембеков ұстады. Ерағаң бұл газетте соңғы өмірін сарп етті. Бес жыл бойы басқарған басшы газеттің мазмұнына ғана емес, бет-пішініне де өзгеріс әкелді. Қара шаңырақтағы ұжымды ұйыта білген марқұм Ерағаның еңбегі өлшеусіз. Ол кісі өмірден озса да, елеулі ісі газет беттерінде қатталып қалғаны сөзсіз.

 

Бүгінгі баспасөз тынысы

2015 жылы «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ-ының еншілес «ГИС Әскери медиа» ЖШС құрылып, «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы осыған қарады. Жеке отаудың тізгіні сол кезде Нұрғали Бақтиярұлына бұйырды. Ал бас редакторлық қызметті журналист Қойшыбай Есентаев атқарды. Кейін бұл қызметтерге Батырхан Қуатбек лайықты болып танылды.

Батырхан Серікұлының тұсында аталмыш серіктестік құрамына тағы да бір «Әскери заңгер» атты басылым қосылды. Және заманға сай «sarbaz.kz» сайты жұмыс істеді.

2019 жылдың ортасына дейін бас газетіміз пішінін өзгертіп, D-2 форматта, аптасына бір рет, 6 бет – қазақ тілінде, 6 бет – орыс тілінде оқырмандарға жол тартты. Алғашқы беттің сол жақ қапталындағы ақпарат және әр беттегі айдарлар мен тақырыптар мемлекеттің тілдік саясатына байланысты латын қарпінде шығып тұрды.

 Қазақ әскери баспасөзінің 90 жылдығынан кейін газет ісі қаражат тапшылығына ұшырады. Соған байланысты редакция ұжымы қашықтықтан қызмет етіп, сол қаражатқа байланысты бет-пішіні өзгертіліп, 8 беттік (4 бет – қазақ, 4 бет – орыс тілінде) болды.

2025 жыл ұжымда қаражат тапшылығы қатты сезілді. Дегенмен, редакцияны аяқтан тұрғызып, қайта қалпына келтіру бүгінгі бас редактор Ерлібай Қадырбайға жүктелді. Газет жанашырлары Қойшыбай Есентаев, Марат Жүніс-бектің қолдауымен әскери басылымдар қайта жанданып, оқырмандармен қауышып келеді.

 

Рима ӘБЕУОВА

__Последние новости

  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

РЕДАКТОР

19/11/2025 - 14:21
Админ
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

ЖҮРЕКТЕГІ МӘҢГІЛІК АЛАУ…

17/11/2025 - 23:19
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

МІНЕ, НАҒЫЗ МАМАН!

16/11/2025 - 23:18
  • Басты назарда

СОЛ БІР КЕЗ...

15/11/2025 - 13:13
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

Қаламды қару еткен ағаларым

13/11/2025 - 10:46
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

ӘСКЕРИ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

08/11/2025 - 10:36
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

«Жасұлан» әскери-патриоттық ойыны

07/11/2025 - 10:30
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

Бар жақсылық – балаларға

07/11/2025 - 09:31
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

Сарбаздарды шығарып салу салтанаты

04/11/2025 - 10:28
  • САРБАЗ СӘЛЕМІ

АЙРЫҚША ӘСЕРГЕ БӨЛЕГЕН АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

02/11/2025 - 11:19