Ақ фосфор оқ-дәрісінің адам денсаулығына зияны
Фосфорлы оқ-дәрілер – өзге заттармен араласқан ақ фосформен немесе ақ фосфор негізіндегі тұтандырғыштармен жабдықталған қару жарақтың бір түрі. Ақ фосфор және оның негізіндегі тұтандырғыштар ауадан оттегіні пайдаланып өздігінен тұтанатын өртегіш заттар тобына жатады. Сонымен соңғы уақыттары қақтығыс аймақтарында ара-тұра қолданылып жататын қару түрі туралы не белгілі? Sarbaz.kz тілшісі кезекті қару-жарақ түріне тоқталып өтті.
Ақ фосфор (кейде сары фосфор деп аталады) – сарымсақ иісі бар қатты зат. 30°C-тан жоғары температурада ауада өздігінен тұтанады. Оттегінің қолжетімділігі тоқтағанша жана береді. Фосфор жанған кезде түрлі фосфор оксидтерінен тұратын қалың, ақ, түтін пайда болады.
АҚ ФОСОФОРДЫҢ ҚАРУ РЕТІНДЕ ҚОЛДАНЫЛУ ТАРИХЫ
Фосфорлы оқ-жарақты тарихта алғаш рет XIX ғасырда ирланд халқының фени атты ұлтшылдары қолданған деген мәлімет бар. Олар фосфор мен күкірсутек қоспасын пайдаланған. Күкірсутек ауада буланғанда фосфор ауамен әрекетке түсіп, өздігінен тұтанады. Бұл қару «фени оты» деп аталды.
Фосфорлы оқ-дәрінің бірнеше түрі бар. Олар:
Әуе бомбалары; әуе бактары; артиллериялық снарядтар; зымырандар мен реактивті снарядтар; артиллериялық миналар; қол гранаталары.Фосфорлық оқ-дәрінің әлем әскерлерінде кең таралуы Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс уақыттарына келеді.
1916 жылы ағылшын әскері ең алдымен зауытта жасалған фосфорлы қол гранаталарын қолдана бастаған. Соғыс кезінде мина атқышқа миналарды, снарядтарды, зымырандарды және ақ фосфорлы гранаталарды америкалық күштер, Достастық күштері (Ұлыбритания және оның доминиондары) және аз дәрежеде жапон әскерлері түтін шығару үшін де, жаяу әскерге қарсы да кеңінен қолданды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ақ фосфорлы оқ-дәрілерді қолдану одан да кең таралды. Мысалы, 1944 жылы Шербур шайқасы кезінде (1944 жылдың маусым айы) АҚШ-тың 87-ші миномет батальоны қала бойынша 11 899 ақ фосфор снарядын атқан.
Ұлыбритания және АҚШ әскерлері ақ фосфорлы қол гранаталарын кең қолданды. Ұлыбритания әскері Grenade, No.76, ал АҚШ М15 ақ-фосфорлы қол гранаталарын қаруға алды.
Grenade, No.76 ағылшын өртегіш гранатасы
М15 америкалық фосфорлы қол гранатасы
XX ғасырдың екінші жартысындағы шиеленіс нүктелеріндегі ақ фосфорлы жарақтың қолданылуына келер болсақ, бұл оқ-дәрі кең қолданған соғыстың бірі – Вьетнам соғысы.
Ақ фосфорлы гранаталарды АҚШ әскерлері Вьетнамдағы туннельдік кешендерді жою үшін пайдаланды, осылайша олар қарсыластың паналайтын сарбаздарын ауасыз қалдырып, тұншықтырды.
Ақ фосфор түрлі әуе бомбаларда жалғыз өзі немесе напалммен бірге қолданылды.
АҚШ әуе күштерінің ұшағының ақ фосфорлы бомбасын қолдануы. Вьетнам, 1966 жыл.
XXI ҒАСЫРДАҒЫ АҚ ФОСФОРДЫ ҚОЛДАНУ
XXI ғасырдың қақтығыстарында ақ фосфорлы оқ-дәрілер Таяу Шығыстаға шиеленіс нүктелерінде кеңінен қолданылды.
Ирак
Иракта америкалық оккупация кезінде ақ фосфор 2004 жылдың қарашасында Фаллуджа үшін екінші шайқаста ерекше қолданылды.
Ақ фосфордың қолданылғаны туралы алғаш рет 2004 жылдың 10 қарашасында Washington Post тілшілері хабарлады, АҚШ-тың теңіз-жаяу әскер корпусының 7-ші полкісі артиллериялық зеңбіректердің ақ фосфорлы снарядтарды атқанына куә болғанын хабарлады.
«Сумен сөндіруге болмайтын от пердесін жасайды. Көтерілісшілердің терісін ерітіп жіберетін затпен шабуылға ұшырағанын хабарлады. Біз көрген моджахедтердің мәйіттері өртеніп, кейбірінің денелері еріп кеткен», - делінген мақалада.
АҚШ үкіметі бастапқыда Фаллуджа жерінде ақ фосфордың қолданылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Алайда БАҚ тарапынан қысымға ұшырағаннан кейін ақ фосфордың қолданылғанын мойындауға мәжбүр болды.
Ақ фосфорлы снарядтың әуеде жарылыуы. Фаллуджа, Ирак 2004 жыл
Ақ фосфордың қолданылуы жөнінде қоғамдық резонанс тудырған тағы бір соғыс алаңы – Ливан-Израиль қақтығысы.
2006 жылғы Ливан соғысы кезінде Израиль Ливанның оңтүстігінде «ашық жердегі әскери нысандарға қарсы» фосфор снарядтарын қолданғанын мәлімдеді. Израиль бұл оқ-дәрілерді халықаралық конвенцияларда қолдануға рұқсат етілгенін айтты. Алайда, Ливан президенті Эмиль Лахуд фосфор снарядтары бейбіт тұрғындарға қарсы қолданылды деп мәлімдеді. Ливанның фосфорды қолдануға қатысты алғашқы ресми шағымы ақпарат министрі Гази Аридиден келді.
ИЗРАИЛЬ КҮШТЕРІНІҢ ГАЗАДА ҚОЛДАНУЫ. «ҚҰЙЫЛҒАН ҚОРҒАСЫН» ОПЕРАЦИЯСЫ
2008-2009 жылдары Газа соғысына қатысты алғашқы мәлімдемелерінде Израиль әскери күштері ақ фосфорды қолданудан мүлдем бас тартып, «Израиль қорғаныс армиясы тек халықаралық құқыққа сәйкес әрекет етеді және ақ фосфорды пайдаланбайды» деп жауап берген. Алайда, соғыс кезіндегі адам құқықтары жөніндегі топтардың көптеген есептері бойынша Израиль әскерлерінің елді мекендерде ақ фосфорлы снарядтарын қолданғанын көрсетті.
Израильдің 2008 жылғы 27 желтоқсаннан 2009 жылғы 18 қаңтарға дейінгі Газадағы 22 күндік әскери операциялары кезінде («Құйылған қорғасын» операциясы) Израиль қорғаныс күштері (IDF) бірнеше рет ақ фосфорлы оқ-дәріні елді мекендердің үстінен ауада жарып, бейбіт тұрғындарды өлтіріп, жарақаттап, азаматтық ғимараттарға, соның ішінде мектепке, базарға, гуманитарлық көмек қоймасына және ауруханаға зақым келтірген.
Израильдің ақ фосфорлы снарядты қолдануы. Газа соғысы 2008-2009 жж.
Газа секторы, 2009 жыл
Ортада орналасқан снарядтар – ақ фосформен жабдықталған 155мм М825 артиллериялық снарядтар. Израиль қорғаныс күштерінің Газа секторының шекарасындағы артиллерия бекінісі. 2023 жыл.
Ақ фосфордың жану температурасы 800-2500°C және ол тиген асфальт пен бетонды ерітіп жібереді. Сурет дереккөзі: HRW
2023 жылғы Израиль мен Газа секторындағы шиеленіс кезінде ақ фосфорлы снарядтар Израиль қорғаныс күштерімен Ливан шекарасында және Газа қаласының аудандарында қоланылды және қазіргі уақытқа дейін қолдануда.
Израиль-Ливан шекарасы. 15 қазан 2023 жыл. Дереккөз: AP
Ақ фосфорлы оқ-дәрілерге халықаралық заңмен тыйым салынбаған, бірақ олардың тұтанғыш әсеріне байланысты оларды қолдану қатаң реттелуі қажет. Қарапайым қарудың нақты түрлері туралы конвенцияның III Хаттамасының 1-бабында қамтылған анықтама көп мақсатты оқ-дәрілерді, әсіресе құрамында ақ фосфор бар оқ-дәрілерді нақты тұтандырғыш қару тобына жатқызбайды. Ақ фосфордың заңды қолданылуы болғандықтан, фосформен толтырылған снарядтарға халықаралық гуманитарлық құқық тікелей тыйым салмайды. Сарапшылар оларды тұтандырғыш емес, бүркемелеу құралы ретінде қарастырады, өйткені олардың басты мақсаты – түтін пердесін жасау деп санайды.
АҚ ФОСФОР ОҚ-ДӘРІСІНІҢ АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЗИЯНЫ
Жоғарыда жазылғандай, ақ фосфор оттегімен әрекетке түсіп өздігінен жана бастайды. Жану температурасы – 800-2500°C. Жанған кезде ол түрлі заттарға, киім мен теріге жабысады. Жанып жатқан ақ фосфорды сөндіру қиын, адамға тисе сүйегіне дейін күйдіруі мүмкін. Ал жабысып қалған фосфор қалдықтары шұғыл медициналық араласу кезінде қайтадан тұтануы мүмкін болғандықтан медициналық персоналға қауіп төндіреді.
Ақ фосфордың тағы бір қатері – жанған кезде бөлінетін улы газдар. Ақ фосфорды жағу кезінде ыстық, қою ақ түтін пайда болады, ол негізінен аэрозоль түріндегі фосфор пентоксидінен тұрады. Жоғары концентрацияда түтін көздің, мұрынның және тыныс алу жолдарының уақытша тітіркенуін тудыруы мүмкін. Жабық жерлерде ақ фосфор түтінін дем алу тұншығу және тыныс алу мүшелеріне үлкен зақым келтіруі мүмкін.
Қорытындылай келе, ақ фосфор адам ақылына сыймайты азап тудыратын және адамгершілікке жатпайтын қару деп айтуға болады. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл қарудан негізінен бейбіт тұрғындар зардап шеккен.