Дайындық үш күнге созылды
Қарағандыдағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында экстремалды журналистика бойынша үш күн бойы «Әскери дискурс-2023» семинары өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Оқиғаларға толы үш күннің ішінде тәжірибелі әскери нұсқаушылардың бақылауымен журналистер, операторлар және фототілшілер қарулы қақтығыстар аймақтарында қалай жұмыс істеуді үйрену үшін теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Ұшқыр ой мен жүйрік қалам шеберлері экстремалды журналистиканың негіздерін зерделеді. Дискурсқа қатысушылар терроризм психологиясы, тактикалық медицина туралы дәрістер тыңдап, аман қалудың әдіс-тәсілдерімен танысты. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аман қалу және алғашқы медициналық көмек көрсетуден практикалық сабақтар кезінде теориялық білімдерін бекітті.
Полигондағы сабақтар қызған шақта ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов семинарға қатысушылармен кездесті. Қорғаныс ведомствосы басшысының орынбасары журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Бүгінгі семинардың басты мақсаты – қиын сәтте өз өміріңді қорғауға үйрету және ұрыс іс-қимылдары жүріп жатқан аудандарда айналаңыздағы адамдарды аман алып қалуға көмектесу, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары. – Елді әскер өмірінен хабардар етіп, армия жайлы жағымды пікір қалыптастыруда сіздер атқаратын жұмыстың маңызы зор. Себебі қоғамдық пікірдің қалыптасуына журналистердің жұмысы әсер етеді. Әр хабарлама ақпарат көзі һәм қуатты ақпараттық қару ретінде қызмет етеді.
Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов «Әскери дискурсқа» қатысу журналиске қазақстандық әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретінін айтты.
– Бұл шара әскери ведомствоны анағұрлым ашық етеді деп ойлаймын. Қазақ әскерінің беделін және оған деген сенімін арттыруға ықпал етеді, Отанға адал қызмет етуге дайын азаматтарды Қарулы күштер қатарына көптеп келуге тартады.
Мұндай семинар өткен жылы да республикалық БАҚ-тың қатысуымен өтті. Биыл «Әскери дискурс» 7-ші рет өткізілді және осы жылдар ішінде бұған жетекші республикалық телеарналардың, ақпараттық агенттіктердің және баспа басылымдарының 100-ден астам өкілі қатысты.
Қазақстандық журналистер үшін «Әскери дискурс» өткізу дәстүрі 2015 жылдан басталды. Журналистерді шиеленіс нүктелерінде жұмыс істеуге үйретудің бұл түрі өзекті екені анық.
– Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған «Әскери дискурсқа» алғаш рет қатысып отырмын және осы семинардың арқасында қарулы қақтығыстар аймақтарында жұмыс істеу туралы баға жетпес білім алдым. Сонымен қатар, мұнда басқа редакциялардағы әріптестермен таныстым, көптеген достар таптым. Болашақта да журналистерге арналған осындай шаралардың өткізілгенін қалаймын, – деп алған әсерімен бөлісті «Qazaqstan» телеарнасы «Ақсауыт» әскери-патриоттық бағдарламасының жүргізушісі Мерей Қанапиянов.
Қорғаныс министрінің орынбасары семинар соңында қатысушыларға курсты аяқтағаны туралы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.