Қазақстандық нұсқаушылар теориялық білім беріп, тау дайындығының практикалық дағдыларымен бөлісті
Қазақстан Қарулы Күштерінің Тау дайындығы орталығында Беларусь Республикасының әскери қызметшілері оқудан өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Тау дайындығы оқу орталығында беларусьтер таулы жерлерде күрделі жағдайлардағы қозғалыс тәсілдері мен әртүрлі тау кедергілерін еңсеру техникасын игерді.
«Қазақстанның Беларусь дербес әуе-десанттық құрамасы бітімгерлік ротасымен бірлескен лагерьлік жиыны екі ел қорғаныс министрліктері арасындағы 2023 жылға арналған ынтымақтастық жоспарына сәйкес өтті.
Онда екі Беларусь әскерінің таулы жерлерде іс-қимыл жасау мен жауынгерлік тапсырмаларды орындау қабілеті тексеріліп, әртүрлі тау кедергілерін еңсеру техникасы және таулы жерлердің қиын жағдайларындағы қозғалыс үйретілді. Қазақстандық нұсқаушылар қонақтарға теориялық білім беріп, тау дайындығының практикалық дағдыларымен бөлісті.
Лагерьлік жиынға қатысушылар тау рельефінің пішіндері, таулардағы қауіптер және тау дайындығында қолданылатын сақтық әдістері, өрмелеу ережелері, бағдарларды жіктеу мен өрмелеуді ұйымдастыру туралы дәрістер тыңдады. Бұдан бөлек белоруссиялық әріптестер альпинизмде қолданылатын түйіндерді тоқуды да үйренді», - делінген хабарламада.
Әскери қызметшілер зардап шеккен адамды таулы рельефте қолдан жасалған құралдармен тасымалдау, жартастар мен мұз үстінде сақтандыру арқылы қозғалу бойынша практикалық дағдыларға машықтанды. Беларусь әскери қызметшілері лагерьлік жиында алған білімдерін күрделілік санатындағы «1Б» шыңына көтеріліп, тау өзені арқылы өтуді жүзеге асыра отырып тексеріп көрді.
Лагерьлік жиынның соңғы күні әскери қызметшілер «Хрищатый» шыңына бірге көтеріліп, жақсы білім көрсеткен жауынгерлерге «Альпинист» белгісі мен тиісті сертификаттар салтанатты түрде табысталды.