Жөндеу жұмысына Freedom компаниялар тобы демеушілік етті
Алматы қаласында орналасқан «Әскери үй» ғимаратына жуырда жөндеу жұмысы жүргізілді. Осылайша маңызы зор тарихи нысанның жұмысына қан жүгіріп, ажарланып сала берді. Нысанның жөндеу жұмысына Freedom компаниясы қаржылай қолдау көрсетті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
Жөндеу жүргізілгеннен әскери саладағы маңызы зор нысанды Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, Freedom Holding Corp. Бас атқарушы директоры Тимур Турлов, «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Ания Байкенова, сол сияқты Қарулы Күштердің ардагерлері аралап шықты.
«Әскери үй» ғимаратының жалпы ауданы 12 355 шаршы метрді құрайды. Ал аталмыш компанияның демеушілігімен 5500 шаршы метр аумақ жөнделді. Freedom компаниялар тобының демеушілігінің арқасында ғимараттың шатыры мен оның айналасын қалпына келтіру жұмысы жүргізілді.
Жобаның (жөндеу жұмысының) құны 165 млн теңгеден асты.
«Өткен жылы Freedom компаниясымен жасалған меморандум аясында бірнеше жобаны қолға алып отырмыз. Олардың арасындағы қоғамдық жобалардың бірі - «Әскери үй» ғимаратына жөндеу жүргізу болатын. Бұл ғимарат құрылған 1978 жылдан бастап жөндеу күрделі жөндеу жүргізілмеген. Алайда мұнда Жастар Патриоттық клубы, сол сияқты ардагерлеріміз де жұмыс істейді. Ғимараттың жұмысы еш кедергісіз жүруі үшін осы жөндеу жұмысын бітірдік. Осы орайда қоғамдық бастамаларды қолдаған Freedom компаниясына Қорғаныс министрлігінің атынан алғыс айтқымыз келеді», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Жиылған жұрт ғимарат ішінде орналасқан әскери-тарихи музейді аралап шықты. Музейде Ұлы Отан соғысы жылдары ерлікпен қаза тапқан сарбаздардың жәдігерлері сақталған. Олардың әрқайсысын музейдің басшысы, генерал-майор Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова таныстырып, өткен тарихынан сыр шертті.
«Әскери үй» ғимаратында жұмыс істейтін жандардың еңбегіне тамсана қараймын. Бұрын-соңды болмаған мәдени жобалардың, мұражай бағытындағы бастамалардың жүзеге асуына жетекшілік етіп жүр. Сол сияқты еліміздің Қарулы Күштерінің атқарып жатқан жұмысын мақтан тұтамыз. Мәдени дәстүрлерімізді, сол сияқты Қарулы Күштеріміздегі дәстүрлі іс-шаралардың сақталуы маңызды деп санаймыз. Кез келген қуатты мемлекетті армиясыз елестету мүмкін емес. Бұл өскелең ұрпақ үшін де маңызды. Сол себепті осы бағытта өзімнің үлесімді қосу, әрі кейінге қалдыруға болмайтын жағдайлардың жылдам шешілуіне көмектескеніме қуанамын. Бұл ретте қаржылай ғана емес барлық процестің жылдам ұйымдастырылуына да жәрдем бердік. Бәрі уақытылы, тиісті сапада орындалды. Бұл бірге атқарған соңғы жобамыз емес деп үміттенемін. Бұл ұжыммен бірге жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе болды. Мұндай бастамаларға қолдау көрсету - біздің азаматтық борышымыз», - деді Freedom Holding Corp. Бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
«Әскери үй» ғимараты «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ қарамағында. Оның негізгі міндеті - жастардың бойындағы әскери-патриоттық тәрбиені дамыту, ардагерлердің, запасқа шығарылған әскери қызметшілердің әлеуметтік бейімделуі. Бұл ғимаратта олар қоғамдық іс-шаралар өткізеді. Біз бұл бастамалардың іске асуын қадағалаймыз. Мұнда «Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы, «Алматы қалалық Ұлы Отан соғысы, әскери қызмет және тыл еңбеккерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі, Ауғанстандағы соғыс және басқа да әскери қақтығыстар ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі, «Ұлы Отан соғысы, тыл ардагерлері және соғыс балалары кеңесі» қоғамдық қоры, Алматы қаласындағы «Киров» Қызыл Ту крейсерінің жас әскерлерінің әскери-патриоттық клубы («Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер патриоттық қозғалысы» РОО), «Әскери барлау ардагерлерінің одағы» орналасқан
Бұл нысанның құрылғанына 45 жылдың жүзі болды. Жыл өткен сайын ғимарат ескіріп бара жатты, шатырынан су кетті. Бұл басты проблемамыз еді Сол себепті инвесторлар тарту маңызды болды. Freedom Holding Corp. Бас атқарушы директоры Тимур Турловтың қолдауымен ғимаратымыздың екінші тынысы ашылғандай болды», - деді «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Ания Байкенова.
«Әскери үй» Алматы қаласында 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан. Алматы қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 10 қарашадағы N 4/840 қаулысы бойынша ғимарат Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енгізілген және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болып танылған.