Жойғыш авиация ұшқышы: Әуеге 16 жасымда көтерілдім

Адамзат барда ананың мәртебесі биік. Өйткені аналар барда ұрпақ бар

Админ

Ұрпақ барда тіршілік бар. Ана қашанда перзентін алға жетелейді. Әр қадамына алаңдап отырады. Өмірде орнын тапқанша тыным болмайды. Бәріне қол жеткізсе дейді. Демеу болады, жол сілтейді. Ана тілеуімен бала нық қадам басады. Жетістікке де жетеді. Сондай саналы ұрпақ қазір еліміздің әуе шебін күзетіп, ел тыныштығына үлесін қосып жүр. 

Солардың бірі – Ажар Айдарқызы 21751 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімінің аға офицері. Шені – лейтенант, қызметі – психолог. 2016 жылдан бері ҚР Қарулы Күштері қызметінде. 

Батыр аналардан үлгі алып, оларға тәнті болдым. Тарихымыздың әр кезеңінде әйелзаты батылдық танытып, ел үшін күресті, Отан жолында құрбан болды. Жоңғар шапқыншылығы, ұлт-азаттық қозғалыс және Ұлы Отан соғысы кезінде абыз аналардың ерлік ісін көңілге түйіп өстік. Рухтылықты бойға қуат етіп, таңдауым сол себептен әскери орта болды, - деп бастады әңгімесін алғашқы кейіпкеріміз.

Арнайы маманданып, оқу бітірген соң Ажардың өмірі әскери ортамен тығыз байланысты. Қазір бейбіт заман. Ұрыс қимылдары, жауынгерлік әзірлік кезінде сарбаздарға, офицерлерге сөз көмегін беретін осы Ажар.

Менің қызметімнің мақсаты – бейбіт уақытта да, ұрыс қимылдары кезінде де сарбаздарға, офицерлерге және әскерге қатысы бар азаматтық тұлғаларға моральдық-психологиялық қолдау көрсету. Әскери психолог қызметін өз бетінше жоспарлайды және шешімдер шығарады. Бірақ барлық әрекеттерді жоғары басшылықтың келісімімен жасаймыз. Олар терең, заманауи білімі бар, әскерилерге тән ұқыптылық, еңбекқорлық, қатаң бағыну, тәртіп сияқты дағдыларға ие. Әскери психолог мамандардың қателесуге құқығы жоқ, - дейді өз ісі жайында білікті маман.

Білікті маман деуіміздің жөні бар. Әскери психолог ретінде лейтенант Ажар Искакова – көптеген марапаттың иегері. Мәселен, 2022 жылы ҚР Қорғаныс министрлігінің атынан әскери психологтардың арасында екінші орынды иеленді. Біліктілігін де жоғарылатып жүрген жайы бар.

Былтыр 2023 жылы Ұлттық қорғаныс университетінде әскери психологтардың біліктілігін арттырудың бірінші курсында оқыды. Міне, осындай жетістігі бар Ажарды әскери бөліміндегілер де сыйлайды.

Әрбір әскери қызметші, офицер психологиялық тұрғыда дайын болу керек. Әсіресе, ұшар алдында біздің әскери бөлімнің психологы Ажар Искакова көп көмек береді. Өзімізді жеңіл ұстауға, мықты болуымызға себепші болады. Сондықтан да психологтың еңбегі баға жетпес дер едім, - дейді 21751 әскери бөлімнің аға лейтенанты Мирас Мырзағалиұлы.

Ортада сыйлы, өз ісіне тиянақты жан өз кезегінде «бүгінгі күнге жеткенім үшін алғыс айтар адамым бар» деп қалды. Ол, әрине – анасы.

Менің жетістіктерімнің артында анам тұр. Ол кісінің аты – Гүлмай Қанабекқызы Жұмаділова. Менің анам – менің әріптесім, бірақ үлкен тәжірибесі бар. Анам мені әрқашан адамдарға көмектесуге, өз жұмысымды адал атқаруға үйретіп, жігерлендіреді. Ол кісінің қолдауымен, қамқорлығымен және даналығымен жұмысымда жақсы биіктерге жеттім. Барлығы үшін алғыс айтамын. Мен әрқашан аналарымызға қамқор болу керектін ұмытпаймын. Өйткені олар – біздің өміріміз, - дейді толқыныспен сөйлеген Ажар. 

Екінші кейіпкеріміз Мирас та анасының маңдай терімен бүгінгі күнгі жетістікке жетіп отыр. Әр қадамына алаңдайтынын перзенті де біледі. 

Әрдайым алыста жүрсем, Алладан амандығымды тілеп отыратын – ол менің анам. Анамның есімі – Жанар Түлембекқызы Айдарбекова. Осы орайда алғысымды білдіргім келеді, - деді 21751 әскери бөлімнің офицері. 

Мирас әскери білімді мектептен бастады. Яғни, елордадағы қазіргі әскери колледжден білім алды. 

Маған анамның інісі Астана қаласында С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы әскери мектеп бар екендігін хабарлады. Ол мектепте Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген үздік оқушылар оқитындығын айтты. Оны ести сала, «Сағадат Нұрмағамбетов кім?» деген сауал туындап, ол кісі туралы мағлұматтар іздеп, өмірбаянын білдім. Әсіресе, 21 жасында Кеңес Одағының батыры атанғаны маған құлшыныс берді. Содан әскери адам болуды ұйғардым, - дейді Мирас бізбен әңгіме барысында.

Алдына мақсат қойған алғыр бала көп ұзамай «Жас ұлан» мектебіне қабылданады. Бұл жер әскери өмірдің алғышарттарын үйретті. Ең алғашқы баспалдағы болды десек, артық айтпағанымыз. Оған мына сөзі дәлел.

Ең алғаш 2012 жылы 16 жасымда әуеге көтерілдім. Бұрын жолаушылар ұшағында ұшпаған маған бұл сәт естен кетпес әсер сыйлады. Жалпы 2014 жылы 11-сыныпта, мектеп бітіргенге дейін менде 100 сағат ұшу уақыты болыпты. Бір сөзбен айтқанда, карьерамды осы жерден бастадым, – дейді сұхбатында кейіпкеріміз.

Мектептен қанаттанған Мирас әскери білімін жетілдіргісі келіп, таңдауы Қытайға түседі.

Бала кезімде белгілі актер Джеки Чанның фильмінен көрген Қытайға қатты қызықтым. Сол елдің салт-дәстүрі мен мәдениетін білгім келді. Ең бастысы, озық әскери тәжірибесін меңгергенім жөн болар дедім, - дейді тағы ол.

Сөйтіп, аспанасты елінде 5 жыл оқып, офицер формасымен елге оралады. Алдымен Ақтау қаласындағы 30153 әскери бөлімінде, кейін Талдықорғандағы 21751 әскери бөліміне ауыстырылады. 

Қазір Мирас Аликенов – жойғыш авиация авиациялық эскадрильясының буын аға ұшқышы. Күні бүгінге дейін TL-2000, PT-6, JL-8, Су-27 ұшақтарында ұшқан ол қазіргі таңда Су-30 СМ ұшағын тізгіндеп жүр.

Біле білсеңіздер, соңғы үлгідегі Су-30 СМ ұшақтары – әуе базасының сәні мен мақтанышы. Бұл арнайы соғыс ұшақтары Ресейде құрастырылады. Тек Ресей, Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің әскерінде бар. 4++ үлгісіндегі әуе кемесінің салмағы – 28,5 тонна. Жылдамдығы – сағатына 1400 км. 12500 метр биіктікке дейін көтеріле алады.

Бұл ұшақпен әуе соғысын жүргізу, жерүсті және суасты нысандарын жою, басқа азаматтық және транспорттық авиация ұшақтарын қорғау, бомбалау мен тосқауыл сияқты әрекеттерді орындауға болады. Оған қоса ұшақ 8 тонна жарылғыш зат көтеруге қауқарлы.

Осындай әскери техниканы меңгеріп, тізгіндеп жүрген Мирас Мырзағалиұлының дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер атағы бар. Жүлделері де жоқ емес. Алда әлі талай асуларды бағындыратынына сеніміміз мол.

Әңгіме барысында екі кейіпкеріміз де аналарына қарыздар екенін айтып қалды. Және де сөз соңында, мерекелік лебіздерін білдірді. 

Аналардың мейіріміне бөленіп, тәлім-тәрбиені бойға қуат етіп, күш-жігерінен алға ұмтылған біздер олардың амандығын тілейміз. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі құтты болсын. Бөлімдегі қыз-келіншектердің қызметіне табыс тілейміз, - дейді олар.  

Иә, тіршіліктің нәрі боп, перзенттің қамы боп жүрген аналарға осыдан артық тілек жоқ. Аман болыңыздар! 

Рима Біләлқызы

__Последние новости

  • Басты назарда

ӘСКЕРГЕ БЕЙІМДЕЛІП ЖАТЫР

Бүгін, 12:19
Админ
  • Басты назарда

Алғашқы атыс жаттығулары

Кеше, 15:17
  • Басты назарда

Балқаш қаласында батырдың ізі қалған

30/11/2024 - 15:58
  • Басты назарда

Қарағандыда батырлар аллеясы ашылды

30/11/2024 - 10:57
  • Басты назарда

Әскери тәртіп жайы қаралды

29/11/2024 - 10:52
  • Басты назарда

ТӘРБИЕШІ-ОФИЦЕРЛЕР БАСҚОСУЫ

28/11/2024 - 16:47
  • Басты назарда

Командирлік дайындық пысықталды

28/11/2024 - 14:51
  • Басты назарда

Сарбаздар өз тәжірибелерімен бөлісті

28/11/2024 - 11:46
  • Басты назарда

«Балдәурен» орталығына аттанды

28/11/2024 - 10:50
  • Басты назарда

Әскери бөліммен етене танысты

27/11/2024 - 15:44
  • Басты назарда

Біз – Жеңіс жолының жалғаушысымыз!

27/11/2024 - 13:59
  • Басты назарда

Техниканың дайындығы тексерілді

26/11/2024 - 15:53
  • Басты назарда

Адал болуға ант берді

26/11/2024 - 12:24