Қарулы күштердің әскери қызметшілері даңқты ұшқыш Талғат Бигелдиновты еске алды
Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновтың туғанына 101 жыл толды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Осыған орай Қарулы күштердің барлық әскер түрлерінде, тектерінде және жоғары әскери оқу орындарында еске алуға арналған іс-шаралары өтті. Батырдың атын иеленген Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге алғыс жарияланды.
Әскери бөлімдерде мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін «Азат етушілер» сериялындағы «Шабуылдаушылар» деректі фильмі көрсетіліп, ерлік сабақтары өткізілді.
Қарулы күштердің мемлекеттік Әскери-тарихи мұражайында аты аңызға айналған шабуылдаушы ұшқыш Талғат Бигелдиновтің өмірі мен қызметіне арналған фотосуреттер мен құжаттарды қамтыған тақырыптық экспозиция ұйымдастырылды.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы Ақмола облысы Майбалық ауылында дүниеге келген. Оның балалық, жастық шағы Бішкекте өтті. Көкке деген құштарлығы болашақ ұшқышты Фрунзедегі аэроклубқа еріксіз алып келді. Бір жылдан соң ол осы клубтың нұсқаушы-ұшқышы болып шықты. Саратов облысындағы ұшқыштар даярлайтын Балашов әскери авиациялық мектебін, кейін Орынбор авиациялық училищесін бітірді.
Жауынгерлік жолын қатардағы ұшқыш болып бастаған ол соғысты гвардиялық әуе полкінің эскадрилья командирі ретінде аяқтады. Калинин, Воронеж, Степной, бірінші және екінші Украин майдандарында соғысты. 305 рет әуеге көтеріліп, жауынгерлік тапсырмаларды орындады.
Соғыстан кейін Талғат Жақыпбекұлы Әскери-әуе академиясын бітіріп, Украинадағы шабуылдаушы әуе полкінде қызмет етті. Әскери-әуе күштерінің шабуылдаушыларын даярлайтын Краснодар жоғары мектебінде штаб басқарды. Қазақстандағы азаматтық авиация басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті. Өмірінің соңына дейін мемлекет пен қоғам өміріне белсенді түрде қатысып, соғыс мүгедектеріне қолдау көрсететін халықаралық қорға басшылық жасады.