Биылғы жылы институт қазақстандықтар үшін 215 орын бөліп отыр
Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында осы жылдың 21 шілдесінен 8 тамызына дейін жергілікті әскери басқару органдарына өтініш берген талапкерлер іріктеуден өтеді. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу орны «мемлекеттік авиациядағы әуе кемелерін ұшуға пайдалану», «авиациялық техника және технологиялар», «ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану», «әскери медицина», «әскери істегі теңіз техникасы және технологиялары» мамандықтары бойынша даярлайды.
«Жоғары оқу орны тәжірибелі профессорлық-оқытушылық кадрлармен жасақталған. Бұл білім ордасында курсанттарды ұшу және инженерлік-техникалық мамандықтарға оқыту үшін қажетті материалдық-техникалық база бар», – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы полковник Талғат Сыздықов.
Оқу орнына іріктеу барысында талапкерлер әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес кәсіби-психологиялық іріктеуден, медициналық куәландырудан өтеді, дене даярлығы жөніндегі нормативтерді тапсырады.
Биылғы жылы институт қазақстандықтар үшін 215 орын, Ресей, Армения және қытай әскери оқу орындарына түсетін талапкерлер үшін 28 орын бөліп отыр. Бұдан басқа, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер үшін әскери кадрлар даярлау туралы келісімге сәйкес оқу орны Тәжікстан Қарулы күштерінің өкілдеріне 6 орын береді.
Курсанттарды «әскери істегі теңіз техникасы және технологиялар» мамандығы бойынша білім алудың ерекшеліктері бар. Алғашқы екі курста жалпы білім беретін және жалпы әскери пәндерді оқыту Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында жүреді. Ал үшінші – бесінші курстардағы теңіз техникасына қатысты бейінді пәндер Ақтау қ. Шахмардан Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінде оқытылады.
Қазақстанда әскери мамандарды даярлау Алматыдағы екі жоғары оқу орнында – армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, сондай-ақ Ақтөбедегі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн.
Бұл оқу орындарында тактикалық буын командирлері дайындалады. Білім алып шыққан түлектерге «лейтенант» әскери атағы беріледі.