ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері оқушылармен кездесті
Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі Қорғаныс министрлігіне білім беру жеңілдіктерін ұсыну арқылы азаматтарды Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге ынталандыру, Тәуелсіз Қазақстан армиясының мәртебесін көтеру және беделін арттыру жөнінде тапсырма берген болатын. Осы берілген тапсырманы орындау мен жүзеге асыру мақсатында, Приозерск гарнизонындағы Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Кенжебеков Қарағанды облысы білім басқармасының Приозерск қаласының білім бөлімінің «№1 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі білім алып жүрген әскер жасына дейінгі жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Алдымен, әскерге шақырылатын және Отан алдындағы әскери міндетті орындаудағы мерзімдік қызметін атқарып келген ер азаматтар туралы мәліметтерді цифрлық жүйеге көшіру жайында сөз қозғалды. Ел аумағындағы ақпараттық жүйелердің сапасы артып, олардың басқа да мемлекеттік басқару органдарының деректі қорларымен бір жүйеге қалыптасуы кәмелеттік жасқа толған ер азаматтарды тіркеу, әскери есепке алу және әскери құжаттарды беру қызметтерін заманауи электрондық қалыпқа ауыстыруға мүмкіндік береді. Ардақты ардагер Тілек Алшымбекұлы әскер жасына дейінгі мектеп оқушылары алдында әскер қатарына шақырылатын азаматтарға білім алуға жеңілдіктер жасау үшін қабылданып жатқан тың бастама жобасын баяндап берді. Бұл жобаның әскер қатарына шақырылатын жастар үшін қандай артықшылықтары бар?
Біріншіден, Отан алдындағы борышын атқарған сарбаздар екі жыл ішінде ұлттық бірыңғай тестіні тапсырмай-ақ ақылы түрде жоғары оқу орнына түсе алады. Ал әскери дайындықта жоғары нәтиже көрсеткен жастар оқу орны есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне ие болмақ. Екіншіден, ақылы және тегін оқитын сарбаздардың барлығы таңдаған оқу орнындағы әскери кафедраға емтихансыз қабылданып, тегін оқиды. Үшіншіден, әскерден келген жастар Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындарына емтихансыз қабылданады.Осындай кепілдігі бар жаңа мүмкіндіктер жобасынан ой түйген әскер жасына дейінгі қатысушылар қатары кездесу тізгінін ұстаған ардагер аға Тілек Алшымбекұлына өз ойларын жеткізіп, сәйкесінше қойған сұрақтарына орынды жауаптарын қабыл алды. Кезекті ретінде жоғары сынып оқушылары арасынан сөз алған қоғамдық жұмыстардың белсендісі, еріктілер қоғамында еңбек еткен, «Жасыл ел» бағдарламасының үздігі, білім ошағының 10 «а» сынып оқушысы Айдос Қанатбайұлы Аметбай:
«Бүгін мектебімізде әскер жасына дейінгі жоғары сынып оқушыларымен тағылымы мол бас қосу болып өтті. Осы кездесуден білгеніміз көп болды. Біз әр кез өз еліміздің шынайы патриоты болуға тиіспіз. Мен де келешекте ер жетіп, әскер қатарына шақырылатын болсам, нағыз ер азамат ретінде Отан алдындағы борышымды өтеуге дайын екендігімді жеткіземін» - деп, өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Кездесу барысында мектеп оқушылары арасынан Бекзат Қанатұлы Мырзабай мен Ерболат Бекмаханұлы Айдарбек асқан белсенділік танытты. Аса жоғары деңгейдегі ұйымшылдықпен өткен кездесуден кейін мектеп оқушылары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы Т.А. Кенжебековты ортаға алып, естелік фотосуретке түсті.