Абай облысында өткен шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысты
Абай облысында «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» әскери патриоттық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Іс-шараға Қорғаныс министрлігінен ақпараттық түсіндірме тобы келіп, облыс жастарымен кездесті. Оларға жоғары әскери оқу орындарына түсу жолын түсіндірді. «Жас сарбаз» қозғалысы бойынша біздің облысымыз 10 жыл ішінде 2 мәрте жеңімпаз атанған. Келесі жылы да жақсы нәтиже көрсетеміз деген сенімдеміз», - деді Абай облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Қанат Шәріпханов.
Абай облысы білім басқармасы мен облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бірлесе ұйымдастырған шара Семей қаласындағы № 49 және № 5 мектептердің жиналыс залында өтті.
«Біз алғашқы әскери дайындық сабағынан әскери тақырыбы бойынша көп ақпарат аламыз. № 49 мектеп ішінде «Жас сарбаз», «Жас барлаушы» клубы бар. Осы клуб бізді патриоттық бағытқа баулып келеді. Жарыстарға бардық. Біз, «жас сарбаздықтар» қатарымызға қосылуға ниеттілерді шақырамыз», – деді «Жас сарбаз» ұйымының мүшесі Айтқұрман Ерболұлы.
Шара аясында әскери салаға байланысты түйткілді сауалдар бойынша баспасөз брифингі де ұйымдастырылды. Іс-шара қалалық Мәдениет сарайында қорытындыланды. Қорытынды шараға облыстық білім басқармасының әскери-патриоттық бағыттағы әдіскерлері, Семей қаласының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары, мектептердің «Жас сарбаз» офицер-тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері қатысты.
Белгілі өнер майталмандарының орындауында патриоттық әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер шертілді. Қорғаныс министрлігінің өкілдері сахна төрінде бірқатар қатысушыға сыйлықтар табыстады.
«Біз тәуелсіз еліміздің айбынды жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз. Қазақстанның әрбір жетістігі – жас өрендердің алаңсыз, жарқын келешегі үшін жасалған қадам. Бүгінде елімізге барша әлем қауымдастығы құрметпен қарайды. Мемлекетіміз қарқынды дамуда. Еліміздің абыройын арттыру – сіздердің Отан алдындағы қастерлі борыштарыңыз» - деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ерік Қайратбекұлы,
Абай облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкері