Ол осыған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған
Мемлекет басшысының Жарлығымен бұрынғы министр Дархан Қыдырәлі Сенат депутаты болып тағайындалды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды», - делінген Ақорда хабарламасында.
Дархан Қыдырәлі 1974 жылы 16 сәуірде Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де (1991-1992) және Түркияның Мармара (1992-1996), Докуз Эйлүл (1996-1997), Эгей (1997-1998 ж), Ыстамбұл (1998-2001) университеттерінде білім алған.
1998 жылы Эгей унивреситетінде «Мұстафа Шоқайдың өмірі, қызметі және дүниетанымы» деген тақырып бойынша диссертация қорғаған.
2001 жылы Ыстанбұл университетінде «Түркістанда жәдитшілік қозғалысы және оның Түркиямен байланысы» докторлық диссертация қорғап, «философия докторы» ғылыми дәрежесін иеленген.
2010 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Біртұтас Түркістан идеясы» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанған.
Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Қырғызстандағы Ош университетінің құрметті профессоры.
Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі. Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Құрметті докторы (2016 ж), Моңғолия Ұлттық ғылым академиясының Құрметті докторы (2017). Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі (2022).
2001-2005 жылдары – Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға ғылыми қызметкер, ғалым-хатшы, кафедра меңгерушісі, аппарат жетекшісі, жетекші ғылыми қызметкер. 2005-2006 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде доцент, аға ғылыми қызметкер. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығында директордың орынбасары. 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде министрдің кеңесшісі. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде сарапшы, сектор меңгерушісі ретінде қызмет атқарған. 2009-2012 жылдар арасында Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары болған. 2012-2014 жылдары Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары болып қызмет атқарды. 2014 жылдан бастап Халықаралық түркі академиясының президенті. 2015 жылғы 29 маусымнан Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялар одағы Хатшылығының басшысы қызметін қоса атқарады және аталған одақтың ұйымдастырушысы. 2018 жылдың қыркүйегінде Халықаралық Түркі академиясының президенті лауазымына екінші мерзімге тағайындалды. 2016 жылдың шілдесінен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. 2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.