Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң – ел қауіпсіздігін нығайтудың маңызды құқықтық құжаты. Осы заңның маңызын түсіндіру, оны жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов арнайы сапармен «Астана» өңірлік қолбасшылығына келді.
Сапар барысында депутат әскери қызметкерлермен кездесіп, жаңа заңның негізгі нормаларын, оның мемлекет қорғанысына, төтенше жағдайлар кезіндегі азаматтық қауіпсіздікке қосатын үлесін жан-жақты түсіндірді.
«Бұл заң – еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған жүйелі әрі уақытылы қадам. Оның басты мақсаты – халықты, стратегиялық нысандарды және ел аумағын түрлі сын-қатерлерден қорғау тетіктерін нақтылау. Сонымен қатар, заңда азаматтардың мобилизация кезеңінде өзін-өзі қорғау құрылымдарына ерікті түрде қатысуы қарастырылған. Бұл – халық пен әскердің біртұтас қауіпсіздік жүйесіне бірігуінің нақты көрінісі», деді депутат Сергей Ершов кездесу кезінде.
Кездесу барысында әскери қызметкерлер заңдағы «ерікті» және «өзін-өзі қорғау құрылымдары» ұғымдарына, жергілікті атқарушы органдардың жаңа өкілеттіктеріне, сондай-ақ қорғаныс саласындағы вертикальды басқару жүйесіне қатысты сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. «Астана» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы мен жеке құрам депутаттың бұл сапарын жоғары бағалап, заңнамалық жаңашылдықтар туралы толық әрі түсінікті ақпарат алғандарын атап өтті. Сенатордың айтуынша, заңды жүзеге асыру тек әскери құрылымдарға ғана емес, барлық мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамға да ортақ міндет. Бұл бағытта әр аймақта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасады. Құжат төтенше жағдайлар, әскери жағдай немесе мобилизация кезінде ел ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Заңда аумақтық қорғаныс күштерін құру, олардың материалдық-техникалық қамтылуы, басқару және үйлестіру тәртібі нақты көрсетілген.