«Батыс» өңірлік қолбасшылығының 25744 әскери бөлімінің сап алаңында Алматы, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарынан келген 80 жас сарбаздың салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Бұл маңызды әрі символдық сәт жас жауынгерлердің өміріндегі үлкен кезеңге айналып, олардың Отан қорғаушылар қатарындағы қызметінің басталғанын білдірді. Іс-шараға жас сарбаздармен қатар олардың ата-аналары, Қарулы Күштер ардагерлері, әскери бөлімдердің офицерлері мен командирлері, сондай-ақ сарбаз аналар комитетінің өкілдері қатысты.
Оқу мотоатқыштар ротасы жарты жыл бұрын теңіз жаяу әскерінің бригадасы базасында құрылған. Мұнда БТР механик-жүргізушілерін дайындау жоспарланған, ал сарбаздар «Оймаша» полигонында әскери қызмет өтейтін болады.
Бұл туралы оқу ротасының командирі, гвардия лейтенанты Жанасыл Қайыртаев айтты: «Қызмет барысында сарбаздар бронетранспортерді жүргізу машығын меңгеріп қана қоймай, теңіз жаяу әскерінің құрамында кез келген тапсырманы орындауға қажетті білім мен дағдыны алады», – деді лейтенант Қайыртаев.
Салтанатты іс-шараның ерекше рухын атап өткендердің бірі – Ақтөбе қаласының тумасы, қатардағы сарбаз Бекзат Муркабай болды:
«Бүгін мен әскери ант қабылдадым. Теңіз жаяу әскерінің сапында қызмет ететініме мақтанамын. Біз бронетранспортерді үйренеміз, және мен мықты БТР жүргізушісі болатыныма сенімдімін», – деді ол.
Биыл теңіз жаяу әскерінің бригадасы қатарында шамамен 1700 сарбаз қызмет етуде. Ант қабылдау әрбір жас жауынгер үшін өз елінің нағыз қорғаушысы болуға бастар маңызды қадам болды.