Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасында мерзімді әскери қызметшілеріне арналған психологиялық тренинг өткізілді. Тренингті психолог маман-заңгер Ботагөз Атымтаевна жүргізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – сарбаздардың эмоционалдық тұрақтылығын арттыру, өзара қарым-қатынасты нығайту және жеке даму бағыттарын көрсету болды.
Тренинг барысында қатысушылар арнайы психологиялық жаттығулардан өтті. Олар өз эмоцияларын тану, сенімді қарым-қатынас орнату, топпен жұмыс істеу, стресске қарсы тұру сияқты маңызды дағдыларды меңгерді. Сонымен қатар, бірлік пен сенімге негізделген практикалық тапсырмалар арқылы өзара қолдау мен түсіністікті арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Жас сарбаздар өздерін жаңа қырынан танып, жағымды әсер алғандарын және алған білім мен тәжірибелерін болашақта да тиімді қолдануға дайын екендіктерін жеткізді. Іс-шара аяқталғаннан кейін тренингті жүргізген психолог маман Ботагөз Аманжолова осы бағыттағы жұмыстың маңыздылығына тоқталып, былай деп пікір білдірді:
«Бұл тренинг әсіресе мерзімді әскери қызметшілер үшін өте өзекті. Әскери орта – жоғары жауапкершілікті, тәртіпті талап ететін ерекше жүйе. Мұнда әр сарбаздың психологиялық тұрақтылығы мен эмоционалдық орнықтылығы аса маңызды. Тренинг барысында біз қатысушыларға стрессті басқару, өз сезімдерін түсіну, қарым-қатынас орнатудағы кедергілерді жеңу секілді дағдыларды үйретуге тырыстық. Қатысушылар өте белсенді болды. Олар жаттығулар кезінде өзара сенім мен қолдау негізінде әрекет етіп, жаңа дағдыларды тез меңгеріп отырды. Көбі алғаш рет мұндай психологиялық бағыттағы шараға қатысып, өз-өзін жақсырақ тани түсті. Осындай тренингтер әскери қызметшілердің жеке дамуына ғана емес, бөлімдегі моральдық-психологиялық ахуалдың жақсаруына да оң әсер етеді. Бұл жұмыстар болашақта да жалғасады. Біз әскери ұжыммен бірлесіп, осындай тақырыптық, мақсатты психологиялық қолдау шараларын жиі өткізуді көздеп отырмыз», деді заңгер, психолог Ботагөз Аманжолова.
Мұндай тренингтер әскери қызметшілердің қызмет барысындағы сенімділігін арттырып қана қоймай, олардың психологиялық денсаулығын нығайтып, бір-біріне деген сыйластық пен қолдауды қалыптастыруға ықпал етеді. Қарағанды гарнизонында өткен бұл іс-шара – әскери ортада адамның ішкі күйіне мән беру қажеттігін көрсеткен маңызды қадам.