Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әскери кафедрасында маңызды әрі салтанатты оқиға – әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Бұл – болашақ офицерлер мен сержанттар үшін естен кетпес, тағдырлы сәттердің бірі болды.
Салтанатты шараға әскери кафедрада білім алып жатқан 110 студент қатысты. Олардың 76-сы «Запастағы офицерлер» бағдарламасы бойынша оқығандар. Ал қалған 34 студент «Запастағы сержанттар» бағдарламасы бойынша атқыштар бөлім командирлері мамандығы бойынша дайындықтан өтті. Әскери ант – бұл жай ғана сөз емес, бұл – болашақ сарбаздың Отан алдындағы адалдығы мен борышына берілгендігіне жасаған серті. Әр курсант үшін бұл күн – мақтаныш пен жауапкершілікті қатар сезінетін ерекше сәт. Салтанат барысында студенттер Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының алдында сап түзеп, әскерге қабылданудың маңызды кезеңінен өтті. Сөз сөйлеген әскери кафедра басшылығы, ардагер офицерлер мен ата-аналар жас сарбаздарға сәттілік пен табыс тіледі.
«Бүгін мен үшін тарихи күн. Бала кезден армандаған әскери форманы киіп, Отан алдында ант бердім. Бұл – менің өмірімдегі ең үлкен жауапкершіліктердің бірі. Әскери кафедрадан алған білім мен машықтардың арқасында нағыз тәртіп пен төзімділікке үйрендім. Алдағы уақытта егер ел басына күн туса, туған жерімді, елімді қорғауға дайынмын», деді ант қабылдаушы Дархан Шералыұлы.
Әскери ант қабылдау тек қана рәсім емес, ол – жастарды отансүйгіштікке, тәртіпке, ерік-жігер мен рухани төзімділікке тәрбиелейтін ерекше шара. Бұл оқиға олардың өміріндегі жаңа кезеңнің басталуы іспетті. Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің әскери кафедрасы жастарды әскери мамандықтарға даярлау ісінде зор үлес қосып келеді. Мұнда жыл сайын жүздеген студент кәсіби әскери даярлықтан өтіп, болашақта ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кадрлар қатарына қосылады.