Күні кеше тағы бір кездесуде болдық. Тағы да тамаша жүздесу. Кіммен дейсіз ғой? Қазақстан Қарулы Күштеріне қарасты Әскери теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Серік Жақсығалиұлы Борамбаевпен.
Бұл кісімен де ә дегеннен-ақ әңгімеміз жарасып кетті. Бір кездері Теңіз әскерінің тегеурінін идеологиялық тұрғыда анағұрлым арттырған азамат қой. Енді міне бүгінде өзін әбден шыңдаған «қара шаңырақтың» тұтқасын ұстап отыр. Өте орынды-ақ.
Бас қолбасшының өз әкесі Жақсығали туралы айтқан әңгімесі бізді біраз тебірентіп тастады. Кеңес Одағы кезінде әкесі «Красная звезда» газетін қолынан әсте тастамапты. Әскерге қатты қызыққаны ғой. Ал ұлы Серік сол әкесі қызыққан салаға қарай мойын бұрғанда жүрегі жарылардай қуанған. Бұдан кейін «Красная звезда» газетіне деген құштарлығы тіпті артыпты. Әр санын үзбей оқып, тіпті жүрген жерінде ондағы материалдарды жыр қылып айтады екен. Оның бұл қылығына ерсі қараған бәзбіреуге газеттегі генералдар туралы жазылған мақаланы көрсетіп «Менің Серік балам да осылар сияқты генерал болады» деп ағынан жарылыпты. Айтқаны айдай келіп отырған жоқ па? Әкесінің үкілі үміті ақталды ғой.
Бұдан кейінгі әңгіме желісі біздің редакция шығаратын «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналына қарай ойысты. Бұл жағынан да өзіндік айтар ойы бар екен. Бірқатар шығармашылық идеяларын да ортаға салды. Алдағы уақытта екі жақты шығармашылық тығыз байланыста жұмыс істеуге бейіл екенін танытты. Біздің кездесуге келгендегі басты мақсатымыз да осы болатын. Қос басылым алдағы уақытта жалпыармияның айнасына айналса, айымыз оңынан туғаны ғой. Әрине, бұған ел әскеріндегі қолбасшылықтардың қолдауы да қажет. Бұл тұрғыда Әскери теңіз күштері бізбен ниеттес, тілектес екенін білдірді. Ендеше бізден нәтиже күтіңіздер. Екі жақты шығармашылық байланысты басылымдағы мазмұнды материалдар арқылы нығайтатын боламыз.
Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ,
«Гис-Әскери медиа» ЖШС директоры