Қорғаныс министрлігіндегі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы полковник Тілеухан Қалилаұлы Басқожаевпен өткен қызметтік кездесу де бізді керемет әсерге бөледі. Несімен дейсіз ғой? Полковник мырзаның әскердегі идеологиялық жұмыстарға тың көзқарасымен. Шынайы жанашырлығымен. Осы бағыттағы ғылыми ізденістерімен.
Тарихты тарихи тұлғалар жасайды. Өскелең ұрпаққа өміршеңдік өнеге болып қалатын да сол тұлғалар. Мұны Тілеухан Қалилаұлы зердесіне мықтап тоқыған екен. Оның өз кабинетінен алыстан менмұндалап тұрған мүсінді байқадық. Онда Қазақ елінің қаһарманы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың тау тұлғасы бейнеленген. Бұл – Ақмола облысындағы Ақкөл қаласында Армия генералының 100 жылдық мерейтойына орайластыра ашылған алып ескерткішінің көшірмесі ғой. Үстелдің үстінде үлкен болып тұрмағанымен, мүсінді көргендер тарихи тұлғаны бірден таниды. Бейнесі керемет сомдалған. Ал, Ақкөлдегі ескерткіштің қалай жасалғанын полковник мырзаның өзі бізге тәптіштеп тұрып айтып берді. Бастан-аяқ басы-қасында өзі болғаны білініп тұр. Қарастырылған қаражаттан бастап, берілген тапсырысты да, тіпті ескерткіш толық орнатылғанға дейінгі елене бермейтін есіл еңбекті де тізбелеп берді. Бейне бір «ескерткіштану» ғылымына еніп кеткендей болдық.
Кездесу барысында Тілеухан Қалилаұлы біздің мәселемізді де қалыс қалдырған жоқ. «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналына қатысты біз әзірлеп барған бағыт-бағдарымызбен жіті танысып шықты. Өз тарапынан қолдау болатынын да жеткізді. Бұл кісі жуырда көрші мемлекет Өзбекстанға іссапармен барған екен. Сол кезде әдейілеп әскери басылымның редакциясына да бас сұққан. Мұндағы мақсат – ондағы тыныс-тіршілікті өз көзімен көріп, жалпы жағдайына қанығу. Редакциядағы әскери басылым біздегі секілді газет пен журнал. Полковник мырза ондағы әрекетке де, керемет әспеттеліп шығатын шығармашылық өнімдеріне де дән риза болған. Қос басылымның әрқайсысы 15 000 тиражбен таралады екен. Осының арқасында толыққанды редакция қалыптасқан.
Несін жасырайық, біздің редакция үшін мұндай жағдайдың ауылы әзірге алыс тұр. Алайда, біз де сондай деңгейге жетуге табандап тұрып талпынатын боламыз. Мұнымызды Тілеухан Қалилаұлына да айттық.
Ерлібай Өзбекбайұлы,
«Гис-Әскери медиа» ЖШС директоры