Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай, ҚР Қарулы Күштерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінің 1-ші мотоатқыштар батальоны, 1-ші мотоатқыштар ротасының старшинасы, 3-сыныпты сержант Тимур Ержанов 80 шақырымдық марафонды жүгіріп өтті. Бұл жарыс қаза тапқан батырлар рухына тағзым ету мен бүгінгі көзі тірі ардагерлерге деген терең құрметтің белгісі болды.
Марафон Бұқар Жырау ауданына қарасты Шешенқара ауылынан басталып, әскери қызметшінің қызмет атқарар бөлімінде аяқталды. Мәреде оны бөлім қызметкерлері, әріптестері және мектеп оқушылары зор қошеметпен қарсы алды. Олар арнайы дәліз жасап, Тимурға құрмет көрсетті.
– Сен нағыз мінез бен рух күшін, төзімділік пен Отанға адалдықты көрсеттің. Сен тек үздік әскери қызметші ғана емес, нағыз азамат, патриот және сарбаздарға үлгі боларлық тұлғасың. Мұндай қызметкердің біздің қатарымызда жүргені – үлкен мақтаныш, - деді 31775 әскери бөлімінің командирі подполковник Марат Бралинов.
Жеті сағат, жиырма бір минут және он бір секундқа созылған марафон барысында Тимур Ержановты әріптестері әр 10 шақырым сайын қасынан табылып, марафоншының серіктестері алмасып, қолдап отырды. Дегенмен, негізгі бөлігін ол жалғыз өзі жүгіріп өтті. Ол тек өз рухының мықтылығына, төзімділігі мен биік мақсатқа деген адалдығына сүйенді.
– Мен бұрыннан бері жүгірумен айналысып келемін, жиі марафондарға қатысамын. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай, 80 шақырым жүгіріп өтуді шештім. Бұл – менің қаза тапқан батырларға тағзым етуім әрі ардагерлерге алғысым. Осындай бастамамды қолдаған әскери бөлімге және ұсынысымды жылы қабылдаған ұжымға үлкен алғыс айтамын, - дейді марфоншы Тимур Ержанов.
Мәреге келген сәтте Тимурдан шаршағандықтың ізі де білінбей, тың қалпында болды. Оның айтуынша, 80 шақырым – ол үшін шектеу емес. Енді ол жақын арада өзінің туған жері Жаңаарқа ауданынан Қарағандыға дейін 200 шақырым қашықтықты жүгіріп өтуді жоспарлап отыр. Марафоншыны қолдауға оның жанұясы да келді. Тимур мен жары Жанар үш баланы тәрбиелеп отыр: Айару мен Амина есімді қыздары және Расул есімді ұлдары бар. Олар әкелеріне мақтанышпен қарап, оны нағыз батыр ретінде қабылдады. 3-сыныпты сержант Тимур Ержановтың бұл марафоны жай ғана спорттық жетістік емес. Бұл патриоттық рухтың, өткенге деген құрметтің және нағыз ерлік пен жігердің жарқын үлгісі болды.