Әрине, ел басына күн туған шақта иықтарына қаруын асынып, Ұлы Отан соғысының майдан даласында гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысқан әкелер жайлы естелік ешқашан да ұмытылмасы анық. Өз басым, сұрапыл соғысқа қатысқан майдангер әкенің ұлы болып туғаныма қуанатыным рас. Жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнін атап өту жақын қалды дегенді естісем болды, көңілімде майдан даласындағы соғысқа қатысқан батыл да қайсар жүректі әкемнің қуанышты мерекесі күні келе жатыр деген сезім жайлай бастайтыны жасырын емес.
Есімде қалғаны, әкемнің басқа мереке күндерін қалай атап өткендерін қайдам, соғысқа қатысқан ардагер әкелеріміздің құрметіне арналып, 1985 жылғы 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл толу мерейтойы ерекше сезімде атап өтілді. Дәл сол жылы көктем ерте шығып, батыр әкелеріміздің мерекесі күні аудан орталығында киіз үйлер тігіліп, барлық шақырылған соғыс ардагерлеріне зор құрмет көрсетілді. Құттықтау сөздер мен игі тілектер арналып, ардагерлердің орден мен медаль толған кеуделері тағы бір «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 40 жыл» медалімен толықты.
Әкем Алшымбек Кенжебеков 1914 жылы туған. Ұлы Отан соғысы басталмас бұрын, Кеңестер Одағының Қызыл Армия қатарына алынып сап түзейді. Алғашқы әскери өмірін 1940 жылдың қазан айында қатардағы жауынгер А.Кенжебеков Қиыр шығыс майданы бағытындағы 51-ші Әуе базасына қарасты 2227-ші Әуе полкінде рота командирінің саяси жетекшісінің орынбасары қызметінен бастаған. Оңтүстік Батыс майданы бағытындағы №846 атқыштар полкінің құрамында взвод командирі лауазымына дейін көтеріледі. Оңтүстік майдан бағыты бойынша түрлі ұрыстарға қатысқан 35-ші Қызыл Тулы Гвардиялық дивизия сапында да взвод командирі лауазымдық қызметін атқарады. Әкем Алшымбек Кенжебековке тиесілі әскери құжатында көрсетілгеніндей, Уральск әскери округіне қарасты 15-ші танкілік полк құрамында зеңбірек (орудия) командирі болған. Одан әрі әкем Ұлы Отан соғысы Жеңіспен аяқталып, еліне қайтқан күніне дейін № 14725 атқыштар полкіндегі взвод командирі міндетін абыроймен атқарады.
Жаумен соғысудан еш бас тартпаған әкем Алшымбек соғыста бір емес, үш рет жараланған. Алайда, осыншама жарақат алғанына қарамастан, қайтпас қайсар мінезді әкем 1945 жылғы 9 мамырдағы Ұлы Жеңіске қол жеткізген күнге дейін қолындағы қаруын тастамаған, І дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордені мен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жылдарындағы фашистік Германияны жеңгені үшін» медалінің иегері атанған әкем Алшымбек Кенжебекоа соғыс аяқталған соң, бір жылдан кейін 1946 жылы туған еліне аман-есен оралады.
Бала кезімізде үйдегі барлық мектеп жасындағылар бірігіп, соғыстың майдан даласын өз көзімен көріп қайтқан әкемізді қаумалаған күйде соғыс жайында айтып беруін өтініп, таусылмас сұрақтардың астына алатынбыз. Әкемнің бізге соғыстағы есте қалғандарынан айтып бергендерінен есте қалғаны да баршылық... Сондағы әкемнің: «Өз басым, соғыстың майдан даласында нысанаға алған жауымды көздегенде қалт жібермес мерген болдым. Жауынгер достарым солақай көздеп ататыныма қарап, таң қалатын еді. Аздап жарақат алып қалғаным болмаса...» - деп, бізге ерінбестен еңкейе отырып, аяғындағы жау оғының жүріп өткен жолдарын көрсететін еді. Осыншама ауыртпалықтарға төзе біліп, жаулап алуға ұмтылған дұшпанға қарсы тұра білген ардагер әкелеріміз үшін соғыстағы Ұлы Жеңіске жеткен күннің алатын орны бөлек. Сол майдангер әкелердің арқасында 1418 күнге созылған сұм соғыста қол жеткізген Ұлы Жеңіске биыл 80 жыл толады.
Көзі тірісінде әкем Алшымбек өзінің орден мен медальдарын тағып алып, ауылдағы соғыс ардагерлерімен бірге жүретін еді. Бала кезімде өз басым, отбасымыздағы ер балалардың ішіндегі ең кенжесі болғандығынан болар, әкем орден мен медальдарын жарқыратып салтанатты жиындар мен кездесулерге бет алса, мен де қалыспауға тырысатын едім. Сондағы бар ойым, бой түзеген соғыс ардагерлері қатарынан кеудесі орден мен медальдарға толы өз әкемді басқаларынан биік санайтынмын.
Асқар таудай бола білген, өзінің сөнбес шырағын қалдырған әкем Алшымбек Кенжебеков 1988 жылдың көктемінде, 74 жасқа жеткен шағында қайтыс болды. Бүгінгі күнде әкемнің артында қалған ұрпақтары бір қауым ел болып отыр.
Ұлы Отан соғысына нағыз ержүрек жауынгер ретінде қатысқан әкем Алшымбек Кенжебековты бүгінде еске ала отырып, күн өткен сайын қатарлары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлерін ардақтау мен оларға құрмет көрсету, жаудан Отанды қорғау кезіндегі жарқын істері мен жанқиярлық ерліктерін ел келешегі жас ұрпаққа ұлағаттау – әрбір азаматтың басты парызы әрі міндеті деп санаймын!
Соғыс тақырыбына арнап көптеген әндерді жарыққа шығарған әнші, сазгер Жақсыгелді Сейілов «Әке туралы ой» әнінде:
«Тағдырдың кеуде тіреп жартасына,
Біз үшін түскен майдан ортасына.
Алаңсыз салып сайран шалқып жүрміз,
Біз бүгін әкелердің арқасында...» - деп ой түйеді. Ия, расымен де майдан даласында от кешкен әкелеріміздің арқасында қол жеткен Ұлы Жеңіс кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті.
Айтарым, әкемнің жағып кеткен шырағының мәңгілік сөнбесі анық!
Тілек Кенжебеков
ҚР ҚК ардагері