Үштөбе гарнизонындағы Әуе қорғанысы күштерінің 15603 әскери бөлімінің құрылғанына 45 жыл толуына байланысты мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті.
Кейін жеке автомобильді батальон Түркістан әскери округінің 40-шы армиясының құрамында 1980 жылдың 16 наурызынан 1989 жылдың 2 ақпанына дейін Ауған соғысына қатысқан.
Сол бір қарбалас жылдарда сарбаздар Ауған жерінде 10 жыл бойы өздерінің әскери борыштарын адалдығымен атқарып, 150-ден астам офицер, сержант және қатардағы сарбаздар жауынгерлік орден және медальдармен марапатталған.
Бұл соғыста әскери бөлімнің 18 жауынгері қаза тапты.
Олардың есімдері: майор В.Матвеев, капитан В.Стуканов, прапорщик И.Подьячев, сержант С.Илюхин, қатардағы В.Ярыгин, қатардағы А.Мацко, қатардағы А.Нагаев, қатардағы С.Мосин, қатардағы А.Овсянников, қатардағы А.Остапенко, қатардағы В.Найдыч, қатардағы С.Попов, қатардағы Г.Дорофеев, қатардағы В.Крук, қатардағы А.Лашук, қатардағы А.Сорокин, қатардағы А.Хадыров, қатардағы А.Шляпников.
Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзеткен, халқымызға қорған болған осы ер есімдері ел есінде мәңгі қалар.
1989 жылдың 2 ақпанынан бастап батальон Ауған жерінен Ташкент облысы Бройлерное кентінде, одан кейін Самарқан қаласында орналасқан.
Содан кейін 1990 жылдың 19 маусымынан бастап батальон осы Қарабұлақ ауылына 62362 әскери бөлімінің орнына орналасып, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамына кірді.
Батальон Қазақстан бойынша жанар-жағармай және әскери мүліктерді тасумен айналысты.
2018 жылы батальонға 30131 әскери бөлімін қосып, Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкы статусы берілді.
Айтулы күні әскери бөлім командирі баяндама жасап, әскери қызметшілерге мерекелік төс белгі мен алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті. Салтанатты шараға аудан әкімі Ұлан Досымбеков арнайы келіп құттықтап, жылы лебізін, игі тілектерін жеткізді.
– Міне, бүгінгі күні Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқан аға ұрпақ пен жас буынды әскери бөлімнің 45 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Әскери ар, намыс, айбын және даңқ символы – әскерилер жүрегіндегі жауынгерлік ту қашанда биікте тұрып, ел игілігі жолында ерен еңбегі мен күш-қуаты ешқашан таусылмасын. Еліміздің өркендеу жолында аянбай атқарып жатқан қызметтеріңізде төзімділік танытқандарыңыз үшін алғысым шексіз, - деді әскери бөлім командирі полковник Сәкен Мукимбеков.
Салтанатты шара соңы көркемөнерпаздардың мерекелік концертімен жалғасты.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі