Шынашақтай қыздың шыққан биігі көп

Әскерде журналист қызметін атқарып жүрген 15 жылдан артық уақыт ішінде Әсем Жәкенова туралы сан мәрте мақала жаздым. Қанша екені есімде жоқ. Дегенмен, Әсемнің жауынгерлік және дене дайындығына қатысты жақсы жаңалықтарын ести қалсам, жетістіктерін жаһанға жария етуге асығып тұрамын. Бұл сұхбатқа шынашақтай қазақ қызының Қазақстанның тұңғыш дербес ұлттық бітімгершілік контингентінің құрамында Сирия Араб Республикасының Голан жоталарында бітімгершілік миссиясын орындап келгені арқау болды.

Админ

   Әсем Жәкенованың «Ынтымақтастық жауынгері» халықаралық әскери-кәсіби шеберлік байқауында, әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары» халықаралық жарысының шеңберіндегі «Әскери-медициналық эстафета» байқауында Қазақстанның Қарулы Күштері командасының жүлделі орын алуына қосқан еңбегі орасан зор. Ол – «Достастық жауынгері» әскери-кәсіби шеберлік байқауының да үздігі. Сан түрлі сайыстардың кезеңдерінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының, оған қарасты өзі қызмет ететін 44736 әскери бөлімінің абыройын талай рет асқақтатты. Жекелеген есепте әрдайым кәсіби біліктіліктің жоғары деңгейін көрсетті. Мықтылығын мойындатты.

   Сержант үшін ұрыс даласындағы салмағы 65-70 кг, бойы 165-170 см, оқ өтпейтін кеудеше мен жалпыәскери шлем киген, жеке АК-74М қаруы бар шартты жаралыны іздеу, оған дәрігерлікке дейінгі жәрдем беру, сыртқы қан кетуді уақытша тоқтату, бірінші жарасын таңу әрі қауіпсіз жерге сүйрелеп жеткізу секілді алғашқы көмек көрсетудің негізгі шарттарын орындау – күнделікті жаттығулар арқылы жинақталған тәжірибе. Ал, Макаров пистолетінен, АК-74М автоматынан, 7,62 миллиметрлі Драгуновтың мерген винтовкасынан оқ ату – жылдан-жылға жаңартылған көрсеткіштер. Сондықтан да болар көпшілік оны «мерген қыз» деп атайды.

   Әсем Жәкенованың лауазымы – аға барлаушы-санитар. Барлаушының басты міндеті: қарсыласты тауып, оның орналасу аумағын, күші мен құралын, қимыл-әрекетінің сипатын, ұрыс қабілетінің координаттарын анықтау, байланыс құралдары мен қару-жарақ түрлерінің нақты орнын белгілеу, сол территорияның қорғаныс құрылыстары мен инженерлік-химиялық бөгеттерін барлау, сондай-ақ қарсыластың қолындағы қару жарақтың жаңа үлгілерін қолға түсіру. Барлаушы шапшаң, шыдамды, салқынқанды, денесі шыныққан, қандай қиындық болмасын төзімді болуы керек десек, ол қасиеттердің барлығы сержант Жәкенованың бойында бар.

   Оның әскери қызметтегі барлаушылығы мен мергендігі бір төбе, спорт әлеміндегі бағындырған белестері бір төбе. Ол – әскери-қолданбалы спорт түрлерінен ТМД және ҚР Қарулы Күштері арасындағы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, қол жекпе-жегінен спорт шебері, дзю-до және самбо күресінен спорт шеберлігіне үміткер. ММА аралас жекпе-жектен кәсіби жауынгер әрі панкратионнан халықаралық санаттағы спорт шебері. Әсем Жәкенова полигондардағы оқу-жаттығуларында берілген тапсырмаларды ер-азаматтармен тең дәрежеде орындайды. Нәтижелері асып түспесе, еш кем түспейді. Тіпті ұлы мен қызына аяғы ауыр кезде де жарыстарға қатысып, босанғанға дейін дене шынықтыру жаттығуларын оңай орындап жүрді. Бүгінгі күні балалары кәсіби жүзу спортымен айналысады, жаттығу залында да дене шынықтырумен шұғылданады.

 

«Миссияға мықты жүрек керек...»

 

Әсем, Таяу Шығыстағы даулы аумақта бітімгершілік миссиясын орындауға не түрткі болды? Әскери қызметте форма киіп, сырт көзге салқынқанды көрінгенімізбен, үйде жаны нәзік әйел, балаларымызға бақыт тілеген анамыз ғой. О баста отбасының қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында БҰҰ-ның бітімгершілік отрядының құрамына өтіп, ең қауіпті миссия саналатын Батыс Африкадағы Мали мемлекетін таңдағаным рас. Бір жыл дайындықтың барысында басымдықтарым түбірімен өзгерді. Яғни, бұған дейін басты деген дүниелер маңызын жоғалтты. Соғыс жүріп жатқан мемлекеттің халқына бітімгер ретінде көмек көрсетсем деген ниет туындады. Голан жоталарындағы бітімгершілік миссиясының ерекшелігі сол, контингент құрамына әскери әйелдер де алынды. Сіз – миссия орындауға жіберілген санаулы әскери әйелдің бірісіз. Сынақтан өту қиын болмады ма? Бірнеше кезеңдік дайындық, бір жыл отбасымыздан жырақта болдым. Жауынгерлік, дене дайындығы, моральдық-психологиялық жағынан бізді жан-жақты әзірледі. 480 адамның арасынан сүрінбей шықтым. Барлық көрсеткіштерім бірінші сатыда болғандықтан, өз-өзіме сенімді болдым. Күш-жігерімді салып, тырысып жүріп, ағылшын тілін де үйреніп алдым. Осылайша іріктеуден өттім. Қазақстанның алғашқы дербес ұлттық бітімгершілік контингентінің құрамында «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» бітімгершілік миссиясын орындауға баратынымды дайындықтың соңында ғана шештім.   Миссияның маңыздылығын шет мемлекетке табан тірегенде  сезінген шығарсыздар? Иә, ұшақпен аман-есен Дамаск қаласына ұшып келгенде жергілікті халықтың қиын жағдайын өз көзімізбен көрдік. Соғыс болып жатқан жерде қайбір жетіскен өмір бар дейсің. Төбесі тесік, қабырғасы жоқ үйлер. Жейтін тамағы, ішерге суы жоқ кішкентай балалардың жүгіріп жүргені жүректі ауыртты. Әлемнің ең тұрақсыз әрі даулы аймақтарының бірі – Голан биіктігінде 10 шақты мемлекеттен келген бітімгерлермен БҰҰ базасында міндетімізді бірге атқардық. Дініміз бен діліміз, тіліміз мен салт-дәстүріміз алуан түрлі болса да, бір мақсатта қызмет еттік. Бір командада жүріп, дос болып кеттік. Сирия халқы маған өте ұнады. Экономикасы ауыр күйзелісті басынан өткізіп жатса да, ерекше мейірімді, жүректері таза.    Қалай дегенмен, Голан көп бөлігін Израиль басып алған, шығыс бөлігі Сирияға тиесілі әскери маңызды стратегиялық аумақ қой. Үрей мен қорқыныш сезімі болмады ма? Иранның Израильге 300-ге жуық зымыранымен стратегиялық маңызы бар нысандары мен әскери базаларына соққы жасаған күнді ешқашан ұмытпаспын. Зуылдаған зымырандардың қызыл отын өз көзіммен көргенде қатты шошыдым. Отбасымды, бала-шағамды енді көрмей қаламын ба деген қорқыныш биледі бойымды. Тағы бір есіме түскен жайт: кезекшілікте тұрғанда кішкентай балалар тамақ, су сұрап келеді. БҰҰ ережесі бойынша бізге тыйым салынған. Осындай сәттерде көз-жасымды тыйып, байсалдылық көрсету қиынға түсті. Голан биіктігі – Израиль мен Сирия жарты ғасырдан астам уақыт қақтығысып келе жатқан аймақ. Биіктік біріншіден, Израильге Сириядағы әскерлердің қозғалысын бақылау үшін зор мүмкіндік, екіншіден, құрғақ аймақ үшін негізгі су көзі болып саналады, үшіншіден, ол жерде мұнай кен орны бар, климаты жағымды. Бізге Голан жоталарындағы атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау жүктелді. Күндіз 40 градус ыстықта, бүкіл экипировкамен, қару-жарақпен жүріп, түнде ұйықтамай, елдің тыныштығын қорғап тұруға тырыстық. Әрбір патрульдік кезекшілік қауіпті болды дейсіз ғой? Миссияға қатысу – біреулер айтқандай оңай шаруа емес. Кейбір адамдар ел көріп, жер көріп, қыдырып келді деп ойлауы мүмкін. Шын мәнісінде қаншама күш-қайратыңның кеткенін, жүйке жүйесіне қаншалықты салмақ түскенін осы жолды жүріп өткен адам ғана түсінеді. Қалай дегенмен, соғыс болып жатқан аумаққа бардық. Бұрын-соңды көрмеген көріністі көрдік. Менің ойымша, қақтығыс пен соғыс оғы төбеден жауып тұрған елге бару әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін мықты жүрек керек. Психология керек. Әсем, өзіңіз секілді әскерде жүрген қыз-келіншектерге мереке қарсаңында қандай тілек айтасыз? Барша қыз-келіншектерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әрине, ең басты тілек: елімізде бейбітшілік болсын! Ешқашан соғыс болмасын! Жеріміз тұтас, еліміз тату болсын! Отан қорғаушылар ел алдындағы парызын адал орындасын! Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Алуа СӘКЕНҚЫЗЫ

__Последние новости

  • Басты назарда

Ер жігіттің жолын ұстанған ару

Бүгін, 17:23
Админ
  • Басты назарда

Шынашақтай қыздың шыққан биігі көп

Бүгін, 10:20
  • Басты назарда

Арманы асқақ ару қыз

Кеше, 17:23
  • Басты назарда

Сүйіспеншілікке шақырған шара

Кеше, 09:01
  • Басты назарда

Жеке құрамға түсіндіру сабағы

10/03/2025 - 17:00
  • Басты назарда

Көпбалалы әскери ана

10/03/2025 - 15:26
  • Басты назарда

Әуе шептерін қорғаушылармен кездесті

10/03/2025 - 10:59
  • Басты назарда

«Қазақша Quiz» дағдысында сынға түсті

09/03/2025 - 16:58
  • Басты назарда

Рухты елдің ұрпағы қайсар

08/03/2025 - 16:47
  • Басты назарда

Бозбалалар әскерге баруға дайын

08/03/2025 - 09:44
  • Басты назарда

Оқушы назарындағы әскери өмір

07/03/2025 - 16:41
  • Басты назарда

Әскери өмірмен танысты

07/03/2025 - 12:40