Астанада ҚР Қарулы Күштері Қару-жарақ бастығының басқармасы Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына арналған іс-шара ұйымдастырды.
Оған Қару-жарақ бастығы басқармасының жеке құрамы, Ауған соғысының ардагерлері, елорданың № 48 және № 29 орта мектептерінің оқушылары қатысты. Салтанатты рәсім қаза тапқан жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздіктен басталды.
– Ауған соғысы – екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер қатысқан ең танымал және ірі қақтығыс. Біз ардагерлердің батылдығына, төзімділігіне және өшпес рухы үшін алғыс айтамыз. Сіздердің өмір жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін нағыз патриотизм мен азаматтықтың үлгісі, – деп атап өтті Қару-жарақ бастығы полковник Рүстем Қалықпаев.
Ауған соғысының ардагерлері отставкадағы полковниктер Ербол Смағұлов пен Қайролла Ілиясов бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әскери кафедрасында сабақ береді. Олар 80-ші жылдары радикализмнің, есірткі саудасының және терроризмнің таралу жолында тұрған Ауғанстандағы қызмет жылдары мен кеңес жауынгерлерінің ерлігі туралы естеліктерін айтты.
Ербол Смағұловтың айтуынша, ол аты аңызға айналған Қара майор Борис Керімбаевпен бірге иық тіресіп қызмет еткен. Нағыз батырмен өткізген уақыт оның жан дүниесінде өшпес із қалдырды. Е. Смағұлов – Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысушы, сонымен қатар тәжік-ауған шекарасын қорғау міндеттерін орындады. Жауынгерлік еңбегі үшін ол Қызыл Жұлдыз және 3 дәрежелі «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін» ордендерімен марапатталды. Бүгінде Ербол Смағұлов – «Парыз» басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» РҚБ төрағасы.
– Шиеленіс нүктелерінде өздерінің әскери борышын мүлтіксіз атқарып, соңына дейін антына адал болғандарға құрметім шексіз. Біз осы соғыста жақындарын жоғалтқандардың қайғысына ортақпыз, қаза тапқандардың есімдері мәңгі жадымызда қалады! Бүгін біз, ардагерлер, елдің және қоғамның өміріне белсене араласып жүрміз, мүгедектер мен қаза тапқан батырлардың отбасыларына қолдау көрсетеміз, жастарды патриоттық тәрбиелеуге ерекше назар аударамыз. Барлық соғыстар мен қарулы қақтығыстардың ардагерлеріне шын жүректен денсаулық, ашық аспан және бақ-береке тілеймін, – деді Е. Смағұлов.
Ауғанстан ардагерлеріне ерлік сабақтары үшін алғыс білдіре отырып, Қару-жарақ бастығы басқармасының басшылығы оларға естелік сыйлықтар табыс етті. Шара соңы естелік суретке түсумен және оқушылар дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.