Біздің жастық шағымыз әлемнің 1/6 бөлігін алып жатқан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының дүркіреп тұрған кезінде өтті.
Ол уақыт Кеңестер Одағының: «Кемелденген социализм құрып жатырмыз!» деп ұрандатқан кезі болатын. Сол алып елдің идеялогиясын бізде бір кішкентай мүшесі ретінде Октябрят, Пионер, Комсомол болып, бір ауыздан қолдап, алдыңғы аға буын ата-апаларымыз, аға-апайларымыз талай қиын-қыстау қайғылы жағдайларды бастан өткізгендерін, Кеңестер Одағы заманында көптеген ақтаңдақтар болғанын білмей өстік. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде мұғалім ағайларымыз бен апайларымыз Отанды сүю, Отанды қорғау, Отанға адал болу бағытында көптеген тәрбие сағаттарын жүргізетін. Сондықтан болар Отан алдындағы борышын ауылдас үлкен ағаларымыз аман-есен абыроймен атқарып оралғанда, сыпталған тұла бойларына жарасып тұратын әскери киімдеріне қызыға қарайтынбыз. Әскерде денешынықтыру дайындығы жақсы сарбаздар құрметте болатынын, олардың қиындықтарға төзімді келетінін және оларға қызмет барысы жеңіл болатынын да сол ағаларымыздың әңгімелерінен есітіп, қатарластарымызбен бірге денешынықтыруға жақсы көңіл бөле бастаған едік.
Жылдар өтіп Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының әскери комиссариатымен Отан алдындағы борышымды атқаруға 1981 жылдың 5 мамырында мен де аттандым. Шымкент қаласының жинақтау бекетіне облыс аудандарынан келген әскерге шақырушылар көп уақыт өтпей әскери эшалонға отырғызылып, кең байтақ Қазақстан мен Ресей федерациясын кесіп өтіп, жол бойында әскери эшалонға басқа әскерге шақырушылар мінген вагондар тіркеліп, 13 күн дегенде Украинаның батысындағы Львов облысының Старожинец қаласына келіп тоқтадық. Старожинец қаласында Қызыл Тулы Прикарпатье әскери округы 66-шы ұландық ауыр танк дивизиясының 128-ші ұландық ауыр танк полкі орналасқан екен. Осы полктің 3-ші оқу батальонының 3-ші оқу ротасында (учебка) 2 жылдық әскери қызметім басталды.
Әскери бөлімнің бақылау-өткізу бекетінен кіргеннен кейін бірден әскери бөлімнің моншасына апарды. Моншада шашымызды алып, бойыңа сай киім-кешек, керзі етік пен шұлғау беріп, жуынып-шайынып, бірдей әскери киім (гимнастёрка) киіп моншадан шыққанда, 13 күн бойы әскери эшалонда танысып, достасып бірге келген жерлестеріміздің өзін біразға дейін танымай, бір-бірімізді іздеген қызықты кез әлі естен кетер емес.
Моншадан шыққаннан соң оқу бөлімнің офицерлері мен сержанттары әскери бөлімнің алаңында жас сарбаздарды сапқа тұрғызды. Полк командирі подполковник Зеленоградов әскери бөлімнің құрылымы, мақсаты туралы қысқаша айта келіп, жарты жыл оқыту-дайындық курсынан өткеннен кейін, бүгінгі сапта тұрған жас сарбаздардың бірі танк командирі, бірі механик-жүргізуші ал енді бірі «наводчик» болып шығатынын, әскери тәртіп пен талаптарды қатаң сақтау қажеттігіне назар аударды. Оқу бөлімінің жауапты офицерлері әскери бөлім 1942 жылдың қараша айында Дондағы Растовта жасақталғанын, бастапқы кезде полк құрамында бары-жоғы 28 ғана ауыр танк болғанын, жауынгерлік жолын ұландық атақпен Берлинді алумен аяқтағанын, броньдалған әскери техника қуатты күш екендігін айтып, танкшы болуға желпіндірді.
Әскердегі бірінші күніміз әскери бөлімнің бірнеше 4 қабатты казармаларына оқу роталарын жайғастырумен жалғасын тауып, рота взводтары «кубриктерге» орналастырылды. Сержанттардың көрсетуімен «гимнастёркаға» ақ жаға тігу, шұлғау орап керзі етікті жылдам кию, жаздық-қыстық бас киімге инеге оралған ақ, қара және хаки түсті жіптерді шаншып қою, қойын қалтада тек әскери және комсомолдық билет және бет орамал мен тарақтың болу талабы қойылды. Әр сарбаздың өз жатын орнын сақадай етіп жинап, жамылғыштың (одеяло) қырын шығару әдісі үйретілді. Соңынан ротаның жеке құрамы казарманың ұзын коридорына сапқа тұрғызылып, коридордың орта тұсында тұрған турник пен әртүрлі спорттық инвентарлармен жас сарбаздардың қандай жаттығулар жасай алатындығы тексерілді. Міне, осы кезде жастық шағымызда әскерде болып келген ағаларымыздан естіп-білген: «Әскери қызметке баратын жастардың денешынықтыру дайындығы мықты болу керек» деген кеңестерін назарға алып, денешынықтыруға жақсы көңіл бөлгеннің пайдасы тиіп, дайындығы жақсы жас сарбаздар бірден көзге түсіп, әскердегі бірінші күннен абырой-беделге ие бола бастады. Әлі есімде сапта тұрған маған кезек жеткенде, оқу взводы командирінің орынбасары аға сержант Албулесса: «Ал сарбаз қолыңнан не келеді? Көрсет күшіңді» деп маған тесіле қараған болатын. Мен турникке секіріп тартылып, бірден 12 рет «подъём с переворотом» және 8 рет «выход силой» жасағанымда, аға сержант Албулесса: «Бәрекелді. Жарайсың!» деп арқамнан қағып, келесі сарбазға кезек берді. 18 жасар арықша келген молдован жігіт Бачинский турниктің құлағында ойнап, 80 рет «Солнце» жаттығуын жасағанда, денелі дағыстандық жігіт Ақаев 24 кг гір тасты (гир) тоқтамай әр қолымен 35 реттен көтергенде, татар жігіт Кудюшкин қиналмай 60 рет жататірек (отжимание) жасағанда таңырқамаған адам болған жоқ деп нақты айта аламын. Күнде таңертең 1 шақырым, кей кездері 5 шақырымдық кросс жүгіргенде де, ауылда аяққа шұлғау орап, етік киіп өскен жас сарбаздарға осы қашықтықтарды жүгіріп өту де аса қиын бола қойған жоқ. Мерзімді әскери қызметім осылай өз жалғасын тауып жатты...
Батыр Бауыржан Момышұлы бабамыз: «Тәртіпке бағынған ел – құл болмайды, тәртіпсіз ел – ел болмайды» деді емес пе?! Әскери бөлімнің қолбасшылығы мен офицерлерінің еңбегі болар, жарты жыл оқытып-үйрету полкінде қызмет өткерген кезде де, соңынан 1,5 жыл Мукачево қаласында орналасқан танк полкінде мерзімді әскери қызметті атқарған кезімде де, сарбаздардың бір-бірімен жаға жыртысуы, әлімжеттік жасауы болған емес. Сол екі жылда бірін-бірі сыйлаған, құрметтеген, тәртіп пен парызын адал атқарған, бірі екіншісіне сенім арта алатын қызметтес достар болып бір сапта тұрдық.
Ата-ананың берген тәрбиесі мен әскери қызмет атқарған кездегі тәртіпке баулу талаптары, адамның алдына қойған мақсатына қол жеткізуіне және өз парызын абыроймен орындауына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
Осы күнге дейін жалындаған жастық шақ кезімде Отан алдында атқарған 2 жылдық әскери борышымды мақтан тұтып, сол кезде қалыптасқан өмірлік қағидаларымды ұстанып келемін.
Қалижан ОМАРОВ
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің
отставкадағы полковнигі