Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жасалған «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемесі Қазақстанның Әскери-теңіз күштеріне 2015 жылы пайдалануға берілген болатын.
Заманауи қару-жарақ және навигация жүйесімен жарақтандырылуы Әскери-теңіз күштері флагмандарының біріне Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясын қорғау жөніндегі міндеттерді ойдағыдай шешуге мүмкіндік береді.
– «Сарыарқа» кемесінің технологиялық мүмкіндіктері және жеке құрамды даярлаудың жоғары деңгейі абыройлы қызметтің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Кеме экипажы Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де өткізілген оқу-жаттығуларға қатысып, халықаралық Армия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері болды, - деп еске салды «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі 3 дәрежелі капитан Дамир Матаев.
Кеме бортында Әскери-теңіз күштерінің дамуына елеулі үлес қосқан жүздеген әскери қызметшілер даярлықтан өтті. «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемесін жасау елдің қорғаныс қабілетін нығайту жөніндегі ауқымды бағдарламаның бір бөлігіне айналды.
Кәсіпқойлықтың жоғары деңгейі және әскери теңізшілердің жанқиярлық қызметі әскери командаға дивизион құрамындағы ең жақсы әртекті кемелердің бірі мәртебесін берді.
Теңіз жаяу әскері алтын медаль иеленді
Облыстық ұлттық спорт түрлері клубында әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен жеке-командалық чемпионат өтті.
Оған теңіз жаяу әскерлері бригадасының, барлау полктерінің, аумақтық қорғаныс бригадаларының, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базаларының және байланыс батальондарының 60-тан астам әскери қызметшісі қатысты. Турнир бес салмақ дәрежесі бойынша жеке жарыс форматында және командалық есепте өтті.
Жарысты «Батыс» ӨңҚ әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының директоры Асылбек Қалиев және Атырау облысындағы «Тарлан» қазақ күресі федерациясының вице-президенті Айбек Серғазиев бақылады.
Жарыс қорытындысы бойынша төрт алтын медаль жеңіп алған Ақтау гарнизоны теңіз жаяу әскерлері бригадасының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Орал гарнизонының аумақтық қорғаныс бригадасы, үшінші орынды Атырау гарнизонының барлау полкі меншіктеді.
Үздік спортшыларға чемпиондық белбеу, кубоктар, медальдар, грамоталар табыс етілді. Ақпан айының ортасында олар қазақ күресінен Алматы облысында өтетін ҚР Қарулы Күштерінің чемпионатына қатысатын болады.