Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Алматыда "Industrial AI: жаңа дәуірге арналған технологиялар" ұранымен басталған Digital Almaty 2025 VII Халықаралық цифрлық форумында қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы заманауи цифрлық бастамаларды таныстырды.
Іс-шарада Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев ЕАЭО елдері үкімет басшыларының алдында қорғаныс саласында жасанды интеллекті қолдану туралы баяндама жасады. Форумда ұсынылған негізгі жобалардың бірі әскери есепті автоматтандыруға арналған "Срочник 2.0" жүйесі болды. Бұл әскерге шақырылғандармен жұмыстың ашықтығын арттыруға, жұмылдыру дайындығын оңтайландыруға және азаматтардың қажетті ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жүйе деректерді автоматты түрде талдайды, әскерге шақырылушылардың санаттарын анықтайды, SMS хабарламалар жібереді және әскерге шақырылушылардың қай әскер түрлеріне жіберуге болатынын айтады.
– Өткен жылдардан айырмашылығы, Digital Almaty 2025 жасанды интеллекті қолданатын шешімдерге бағытталған. Осыған байланысты біздің баяндамамыз да, ұсынылған стенд те қорғаныс саласындағы цифрлық инновацияларға арналған. Жасанды интеллект шақыру науқаны мен үгіт-насихат жұмыстары аясында ғана емес, сонымен қатар әскери қызметшілердің күнделікті өмірін цифрлық трансформациялауда да белсенді қолданылады. Ол бірқатар тапсырмаларды орындауды жеңілдете отырып, күнделікті процестерді автоматтандыруға көмектеседі, — деп атап өтті Дархан Ахмедиев.
Қорғаныс саласына озық технологияларды енгізуге бағытталған Defence Tech бағытын дамытуға ерекше назар аударылды. Оның аясында хакатондар, дөңгелек үстелдер, стратегиялық сессиялар және акселерациялық бағдарламалар өткізіледі. 2023 жылы Astana Hub-та Defense Tech кеңсесі ашылды, ал жақын арада Алматыдағы Офицерлер үйінде өкілдік ашу жоспарланған. Бұл технологиялық компанияларды қорғаныс инновацияларына белсенді тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек форумда Қазақстанның Қарулы Күштеріне озық технологияларды әзірлеу мен енгізуді қолдайтын Defense Tech қорғаныс қауіпсіздігі саласындағы инновацияларды дамыту орталығының, Даму институтының стенді таныстырылды.
Қорғаныс саласындағы цифрлық шешімдердің дамуы Қорғаныс министрлігінің жаңа цифрлық дәуірде елдің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін жоғары деңгейде қамтамасыз ете отырып, озық технологияларды енгізуге деген ұмтылысын көрсетеді.