ЦИФРЛАНДЫРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Бүгінде Қарулы күштердің қауіпсіздік жүйесіне жасанды интеллектпен жабдықталған бейнесараптау жүйесі енгізіліп келеді.

Админ

Ол әскери объектінің аумағына заңсыз кіруге тырысатын бөгде адамдарды анықтауға, адамның келбетін, автомобиль нөмірлерін тануға, адамдардың жиналуын және үй-жайлардан шыққан түтінді де анықтауға қабілетті. Цифрлық трансформация әскери білім беру жүйесіне де әсер еткен. Барлық әскери оқу орындарын біріктіретін көпфункционалды білім беру платформасы құрылған. Қорғаныс министрлігінде «Әскери қызметшінің кабинеті» сервисі іске қосылған. Онда барлық баянаттарды, анықтамаларды және басқа да қызметтік құжаттарды бірнеше минут ішінде беруге және алуға болады. Бұдан басқа, қызметтік тұрғын үйге кезекке қою, Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналының тұрғын үй-жайды жалдау шартын жасасу және ұзарту мемлекеттік қызметтері электрондық форматқа ауыстырылған. Енді бұл қызметтер E-gov және e-Gov mobile қосымшалары арқылы көрсетіледі екен.

Ал енді ел әскеріндегі цифрландыру процесін жан-жақты талдап, оқырманға түсіндіріп көрелік. Жалпы, әр дәуірдің тарлан тарихы адамзат баласының алдына өзінің заманына сай жаңа талаптар қойып отыратыны бесенеден белгілі. Қазақстан Қарулы Күштері құрылымдарында жүргізіліп жатқан соны жаңалықтың бірі сала жұмысын цифрландыру. Бүгінгі әңгімені осы төңіректе өрбітпекпіз. Әрине, жаңа бастаманың өз қиындықтары бар. Ол түсінікті де. Өйткені біз бұрын қағазға, журналға жүгінсек, осыдан біраз жылдар бұрын компьютерлендіруге көштік. Кеңседегі келісім қағаздарынан бастап құжаттардың орындалуына дейінгі көзге көріне бермейтін ұзынарқа жұмыстар біртіндеп соған ауысты. Ал енді цифрландыру дегеніміз не, оған көшкенде не ұтамыз немесе тиімділігі қандай?! Осындай жағдайларды мейлінше түсіндіріп көрелік.

Сөзіміз түсінікті болу үшін алдымен Қарулы Күштер құрылымдарынан нақты мысалдар келтіре отырып, бір ғана қорғаныс істері жөніндегі құрылымдар (департамент, басқарма, бөлім) жұмысын тілге тиек етейік. Мәселен, бұрын аталған сала мекемелерінде әскерге шақыруға жататындар, әскерге шақырылғандар және запасқа шыққандарды есепке алу және есептен шығару кітаптары (шағын бөлімдерде арнайы тіркеу журналдары) болатын. Ендігі жерде осы есептердің бәрі цифрландырылып, бір ғана электронды арнаға жинақталатын болады.

Бұл не береді? Біріншіден, департаменттегі (басқармадағы, бөлімдегі) есеп жүргізетін орындаушының саны қысқарады және қол жұмысы азаяды. Бұдан басқа біртіндеп қағазбастылық тоқтайды. Яғни, үнемділік пен тиімділікке жол ашылады.

Екіншіден, әскерге шақыруға жататын жасқа толған бозбала автоматты түрде есепке алынады және шектеулі жасқа жеткен кезде де сол тәртіппен есептен шығарылады. Демек, тіркеу жұмысы екі жаққа да тиімді біржүйелілікке өтеді.

Анықтай кетейік. Бұрын әскерге бармай қалса жігіттер намыстанып, өзін қоярға жер таппайтын. Ал қазір ше? Жасыратыны жоқ, бүгінде әскерге бармау үшін түрлі-түрлі сылтауларды ойлап табатын жастар көбейіп кетті. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу дегенді ерсі көретіндер де бар. Сала мамандары мұндай азаматтармен тиісті жұмысты жүргізіп-ақ келеді. Бірақ бір жерде тіркеуде тұрған жасөспірім екінші жерде, тіпті екінші қалада тұрып жатыр. Ондайларды таба алмағандықтан полиция қызметкерлеріне де арыз-шағым түсіріп жатады. Бірлесіп атқарып жатқан іс-шаралар жеткілікті. Ал цифрландыру кезінде осының барлығы да бірізділікке келтірілмекші.

Үшіншіден, осы уақытқа дейін тұрақты тіркеуде бір жерде, ал әскери есепте екінші жерде тұрған азаматтар аз болған жоқ. Осыған орай тағы да сала мамандары арасында анықтау, тіркеу, есепке алу сұрақтарына қатысты үлкен проблемалар туындайтын. Ендігі жерде миграциялық көші-қон кезінде тұрғылықты жері ауысқан азаматтың әскери есептік құжаттары да автоматты түрде тіркелетін болады.

Бұл атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардың бірлі-жарым сатысы ғана. Енді осы жұмыстардың қайтарымына және экономикалық тиімділігіне қатысты бірер сөз.

Қорғаныс министрлігінің сала жұмысына жүргізген талдауына жүгінсек, цифрландыру жүргізілгеннен бергі аз ғана уақыттың ішінде 133 мыңнан аса 17 жасқа толған жасөспірімдер тіркеуге алыныпты. Ал бұл цифр бұрынғы жылдары 110-120 мыңнан аспаған екен. Демек, қағаздық есеп жүйесінің қалай дегенде де тиімділігі цифрландырудан төмен болған.

Мұның сыртында әрбір жасөспірімнің алған білімі, оқыған оқу орындары және басқа ерекшеліктері туралы ақпараттар да осы құжатта электронды түрде белгіленген. Ал, осындай жұмыстарды жүзеге асыру барысында 1 млрд-тан аса теңге үнемделген екен. «Өлі жандар» есептен мүлде жойылды.

Азаматтарды автоматты түрде тіркеуге алудың нәтижесінде бұрынғыдай тіркеу куәлігі (приписное удостоверение) берілмейтін болды. Бұл шамамен 170 мың адамды құрайды. Бұл жерде де қаншама қағаз, қаншама уақыт және адам ресурсы қысқартылды.

Тағы бір күрделі проблема бар. Бұрын әскерге шақыруды кейінге шегеру немесе мерзімді әскери қызметтен босату мәселесі оған негіз беретін себептерді нақтылайтын құжаттар жинаумен анықталатын. Бұл екі жақты да, анығырақ айтқанда, әскерге шақырылушыны материалдық және моральдық тұрғыда біршама шығынға ұшырататын. Мәселен, қажетті құжаттарды жинау, көшірмелерін растау, оны тиісті орынға тапсыру үшін кей жерлерде ақша төлеуге, оның сыртында белгілі мөлшерде уақыт бөлуді талап ететін. Сала маманы үшін де тиісті құжаттарды анықтау, зерделеу, түгендеу, тіркеу, толтыру сияқты күрделіліктер мен ыңғайсыздықтар туындайтын. Ендігі жерде бұл процестің барлығы да электронды хат алмасу арқылы және электронды нақтылу арқылы жүзеге асатын болады. Нақтырақ айтсақ, әскерге шақыруды кейінге шегеру электронды құжаттың тиісті бағандарын толтыру арқылы жүзеге асырылады. Ол жерде мұндай мүмкіндіктің не үшін және қанша мерзімге берілгені көрініп тұратын болады. Демек, әскерге шақыруға жататын адамның жергілікті басқару органына келіп-кетуі қажет етілмейді. Бұл дегеніңіз ең алдымен уақытты ұтымды пайдалануға және екіжақты тиімділікке жол ашады.

Нәтижесінде адамның әскери қызметтілікке қатысы туралы аталған деректердің барлығы бұрынғыдай қолмен жасалатын жолмен емес, автоматты түрде электрондық тәртіппен Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігіне жіберіледі. Ал азаматтар әскери қызмет туралы деректеріне «Egov» және «Mgov» порталдарындағы «Жеке кабинет» арқылы қол жеткізе алады. Мұндай қызметтерді жүзеге асыру арқылы бюрократиялық процестерге жол бермеуге толықтай жол ашылады және құжатты орындауға әлдеқайда аз уақыт жұмсалады.

Сонымен қатар әскери қызмет атқармаған азаматтарға бұрынғыдай әскери билет берілмейді. Олардың тиісті құжаттары тұтастай электронды түрде ғана болады.

Жасыратыны жоқ, қазір көптеген азаматтардың кредиттік қарыздары бар. Бұл қатарда әскерге шақырылушылардың да бар екені жасырын емес. Әрине, өмір болғасын, тіршілік болғасын оған ешқандай тосқауыл қоя алмаймыз. Бірер жыл бұрын осы мәселені оңтайландыру мақсатында кредиттік қарызы бар сарбаздарды мерзімді қызметті өткеру кезінде төлемнен уақытша босату туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ оны жүзеге асыру кезінде әртүрлі түсініспеушіліктер және банк саласы қызметінде бюрократтық жолдар көрініс алып жатты. Цифрландыру кезінде азаматтың мерзімді әскери қызметте болғанын дәлелдейтін артық құжаттар жиналмайтын болады, ондай дерек электронды түрде «жеке кабинетте» көрініп тұрады. Деректерге жүгінсек, қазірдің өзінде барлығы 40 мыңнан аса мерзімді әскери қызметшінің құжаттары зерделеніп, олардың 10 мыңнан астамына кредиттік қарызды төлеу процесін кейінге шегеру туралы жеңілдіктер берілген.

Міне, осылайша бір ғана құрылымның жұмысымен нақтылы мысалдар келтірдік. Әрине, бұған қарап саланың атқаратын басқа да кешенді іс-шаралары тоқтап қалады деген ой тумауы керек. Тек жаңашаландырудың барлығы да заман талабына сай жүзеге асырылып жатқанын және алдағы уақытта да солай бола беретінін қайталап айтқымыз келеді. Әрине, есеп жүргізуді  цифрландырудың тағы басқа да тиімділіктері аз емес. Сөз орайы келгенде енді солардың біразына тоқталып көрейік.

Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери құрылымдар арасында «Әскери-техникалық мектеп» деген ірі мекеме бар. Мектептің орталық аппараты және көптеген облыстар мен аудандарда білім ордасының филиалдары жұмыс істейді. Жалпы бағыты әскери-техникалық мамандар даярлау. Мұнда негізінен жоғары білімі бар азаматтар әскери-техникалық бағытта білім алады және білім алушылардың (нақтысында әскери қызмет өткерушілердің) жас шектеуі бар. Сонымен қатар бұл жердегі білім алу түрі мен әскери қызмет өткеру түрі белгіленген тәртіппен ақылы негізде жүргізіледі.

Цифрландыруға байланысты бұл бағытта әзірге үш түрлі өзгеріс енгізілуде. Біріншіден, есепке алу мен әскери-техникалық маман дайындауға жолдама беру ендігі жерде автоматты түрде жүргізілетін болады. Екіншіден, есепке алу түрлері жартылай автоматтандырылмақшы. Үшіншіден, өте қажетті немесе қат мамандықтарды автоматты түрде есепке алу, олармен тиісті жұмыстарды дер кезінде жүргізу процесі жылдамдайды. Осылайша, сала жұмысын бірізділікке келтіру мақсаты жаңа форматта толыққанды жүзеге асырылуда. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл бағытта қазірдің өзінде қол жеткізіп отырған жетістіктер аз емес.

Енді жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, жалпы әскери құрылымда қандай өзгешеліктер болып жатыр немесе алдағы уақытта қандай өзгерістер болады деген сұраққа жауап беріп көрейік.

Бір сөзбен айтқанда, қазіргі таңда толықтай қолданысқа енгізілген «Jauynger.kz» жобасының түпкі нәтижесінде ҚР Қарулы Күштерінің барлық құрылымы цифрландыруға түбегейлі көшетін болады. Бұл әлемдік деңгейдегі даму процесінен қалыс қалмау мақсатында жүзеге асырылатын үлкен және кешенді қадам. Біздің бәріміз күнделікті ақпарат ағымында алыс-жақын шет елдердегі жағдайлармен таныспыз, елді қорғау мақсатында жасалып жатқан қадамдардың көбінен хабардармыз. Әскерді басқарудың өзі электронды басқаруға көшіп жатқанын жақсы білеміз. Бейнелеп айтқанда, әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз Қазақстанның айбарлы әскерінің мәртебесі төмендемеуі үшін жаңа қадамдарға нық басуымыз керек. Оған бір адамдай атсалысу бәріміздің ортақ міндетіміз болмақ.

Енді осыны зерделеп көрейік.

Тағы да бір сұрақты ғана жеке дара талдап айтуға тура келеді. Мәселен, біздің әскеріміздің келісімшарт жүйесіне көшкеніне біраз жылдың жүзі болды. Ол қалай жүзеге асушы еді?! Бірден атап өтейін, келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру мерзімі шамамен 180 күнді құрайтын және әскери қызметке үміткер барлығы 14 түрлі жолдан өтетін. Анығырақ айтсам, шақырылушының шешім қабылдағанынан әскери бөлімге келіп қызметке кіріскенге дейінгі аралықта әскердің кейбір түрінде бұдан аз мерзімде, ал кейбір түрінде бұдан да көп мерзімде уақыт өтетін. Бұл екі аралықта адамның ынтасы басқа жаққа ауып кетуі де мүмкін еді. Тіпті кейбіреулер әр деңгейдегі жоғары басшылықтың бұйрықтары шыққанға дейін өзінің тиісті құжаттарын тапсырған уақытын да ұмытып қалып жататын. Ол жасырын емес. Есепке алуды цифрландырудың нәтижесінде бұл мерзім 30 күнге дейін қысқаратын болады және ендігі жерде үміткер 8 түрлі жолдан өтеді.

Нақты айырмасы қандай, не өзгерді? Санамалап көрейік. Бұрын келісімшарт бойынша әскери қызметке үміткер бірінші кеңес алу үшін алдымен жергілікті әскери басқару органына келеді. Екінші, қатынас қағазын (отношение) алу үшін әскери бөлімге барып алдын-ала келіссөз жасайтын. Үшінші, бөлім командирінен алған қатынас қағазын қайтып барып жергілікті әскери басқару органына тапсыратын. Төртінші, ол жерден шыққасын тиісті құжаттарды жинауға кірісетін. Бесінші, жиналған құжаттар жиынтығын жергілікті әскери басқару органына өткізеді. Алтыншы, осылардан кейін құжаттар арнайы тексеруге жіберіледі. Жетінші, медициналық талдаулар жинақталады. Сегізінші, үміткер аудандық медициналық комиссиядан өтеді. Тоғызыншы, қайталап медициналық талдаулар жинақталады. Оныншы, облыстық мединалық комиссиядан өтеді. Он бірінші, психологиялық тестілеуден өту керек. Он екінші, осыдан кейін барып үміткердің әскери қызметке лайықты немесе лайықты емес екені анықталады. Он үшінші, үміткердің жеке құжаттамасы жасақталады. Он төртінші, осылардың барлығы жасалып біткеннен кейін ғана үміткер әскери бөлімге қызметке жіберіледі.

Көріп отырғанымыздай, бұл процестердің жүзеге асуы бірінші кезекте адамның көп уақытын алады. Әлбетте көп жерде бюрократтық жағдайларға да тап болуы мүмкін. Есеп жүргізуді цифрландыру, міне, осындай істерді көп деңгейге жеңілдетпек. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл әдістің сегіз түрі бар. Олар: бірінші, сервисті пайдалану. Екінші, бос лауазым таңдау және тапсырыс жіберу. Үшінші, тапсырысты тексеру. Төртінші, жеке құжаттарды тексеру. Бесінші, үміткердің құжаттары арнайы тексеруге жіберіледі. Алтыншы, медициналық комиссиядан өту мен психологиялық тестілеуден өту бір мезгілде жүзеге асырылады. Жетінші, үміткердің әскери қызметке лайықты немесе лайықты емес екені анықталады. Сегізінші, үміткер әскери бөлімге қызметке жіберіледі.

Міне, осылардан кейін қаншама жеңілдіктер болатынын және оның тиімді тұстарын аңғару қиын емес. Айтып отырғанымыздай, рәсімдеу жұмыстарының барлығы да автоматты түрде жүргізіледі. Бұл дегеніңіз жемқорлыққа бой ұрудың сөзсіз алдын алады. Демек, жобаның мәртебесін осы жерден көріп отыруға әбден болады. Бұған қоса медициналық сараптама құжаттарын толтыру мен жүргізуде де көптеген алға жылжушылық бар екенін байқаймыз. Мәселен, бұрындары әскерге шақырылушы өзі жинақтаған зерттеулері мен емханалардан алған қорытындыларын қағазға шығарып өткізетін. Бұл жерде мектеп қабырғасында жүрген кездегі медициналық тексерулерден өту нәтижелері де керек болатын. Ал жаңа тәртіпке өту барысында үміткерге қатысты 100-ден аса ақпараттық деректер бір жерге тоғыстырылады. Оның ішінде жеке басының деректерімен қоса, медициналық тексерулері мен емделуден өткен жерлеріне дейінгі барлық деректер болады.

Ақпараттандыру жұмыстары туралы да айта кету маңызды. Әскерге шақыруға жататын азаматқа бұрынғыдай шақырту қағазы ұсынылмайды. Мұның барлығы электронды түрде қалта телефонымызға хабарлама ретінде түсіп тұрады. Мысалы, «Мұрат Асанұлы, сіз әскерге шақыруға жатасыз. Көрсетілген күні көрсетілген мекенжайға келіп (немесе барып) тиісті құжаттарыңызды тапсыруды сұраймын». Мұндай смс-хабарлама алғаннан кейін азамат көрсетілген құжатты ұсынуы шарт. Ал оларды бітіргеннен кейінгі смс-хабарламада соның қорытындысы және келесі талап айтылады. Мысалы, «Мұрат Асанұлы, сіздің сараптамаларыңыздың қорытындысы дайын. Сіздің мынадай мекенжайға келіп, медициналық тексеруден өтуіңізді сұраймын».

Міне, осылайша жергілікті әскери басқару органдарының келесі кезектегі тапсырмалары орындалады.

Қорыта айтқанда, Қарулы Күштер салаларын цифрландыруға өткізу заман талабы. Біз одан қалыс қалмауға тиіспіз.

Сөз соңында біз қаужаған тақырып бойынша ресми деректерімен бөліскен ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Омаров Руслан Серікханұлына алғысымызды айтамыз.

 

Марат ЖҮНІС-БЕК

__Последние новости

  • Басты назарда

ЦИФРЛАНДЫРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Кеше, 10:14
  • Басты назарда

ЖАРАЛЫ ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖАН СЫРЫ

30/01/2025 - 16:17
  • Басты назарда

Әскери топограф

30/01/2025 - 10:49
  • Басты назарда

"Білек күші - ер азамат белгісі"

28/01/2025 - 19:19
  • Басты назарда

ЖАРАЛЫ ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖАН СЫРЫ

28/01/2025 - 16:38
  • Басты назарда

Курсанттардың білімі таразыланды

28/01/2025 - 10:34
  • Басты назарда

ЖЕКЕ ҚҰРАММЕН ӨТКЕН ДӘРІС

27/01/2025 - 17:33
  • Басты назарда

Айтулы күндегі пресс-тур

26/01/2025 - 16:30
  • Басты назарда

Тәрбиешілер күніне арналған шара

25/01/2025 - 10:24
  • Басты назарда

103 жастағы майдангерді құттықтады

21/01/2025 - 16:31