«ТЕМІР ГЕНЕРАЛ» АТАНҒАН ҚАЗЫҒҰРТ ҚЫРАНЫ

Қазақ халқының данқты ұлдарының бірі қазақтың тұңғыш генералы,  Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры  атағын алған батыр атамыз генерал-майор Сабыр Омарұлы Рахимовтың туғанына биыл 123 жыл толмақ.

Админ

Ұлы Отан соғысында жауға қарсы  кескілескен шайқаста өз өмірін құрбан еткен, нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен генералдың атағын сақтап қалу біздің парызымыз деп санаймын. Ел еркіндігін,  бостандығын, қанымен қорғаған қазақтың тұнғыш генералы Сабыр Рахимовтың ерлік істерін қастерлеп, рухын көтеру, үлгі-өнеге тұту – баршамыздың борышымыз.

Рахимов Сабыр Омарұлы туралы ресми деректерге жүгінсек, 1902 жылы қазіргі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының Көкібел ауылында туған. Бірақ дереккөздерде нақты туған күні жайлы әртүрлі дата айтылады. 1945 жылы 26 наурызда Польшаның Данциг (қазіргі Гданьск) қаласында қайтыс болған. Сүйегі Ташкенттегі бауырластар зиратына жерленген. Әскери қайраткер, генерал-майор шенін 1943 жылы, Кеңес Одағының Батыры атағын 1965 жылы алған.

1922 жылы әскер қатарына шақырылған. Бакудегі әскери училищені бітірісімен (1925), Самарқанд қаласындағы атты әскерлер дивизиясында взвод, эскадрон командирі болған. 1925-27 жылдары Орта Азияда (Қарақұмда) Кеңес өкіметіне қарсы шыққандармен қарсы күрестегі ерлігі үшін «Қызыл ту» орденімен марапатталған.

1941 жылға дейін түрлі әскери мекемелерде қызмет істеді. Соғыс басталғанда полк, кейін дивизия қолбасшысы болды. 1941 жылы шілдеде жау қоршауын бұзып шыққандағы батылдығы үшін 2 рет «Қызыл ту» орденімен марапатталып, «полковник» шенін алды. Оның дивизиясы Дондағы Ростовта, Кавказда ұрыс жүргізді. 1943 жылы Мәскеудегі Бас штаб академиясына оқуға жіберілді. Академияны бітірген соң Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты. Соғыс жылдары ол басқарған дивизияның жауынгерлік туына 2 рет «Қызыл ту», «Суворов» және «Кутузов» ордендері тағылды. Сабыр Рахимов «Ленин», 4 рет «Қызыл ту», «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Суворов» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Сабырдың балалық шағы жайлы зерттеуші-қаламгер Бегімхан Керімханұлының жазбасында, болашақ генерал ат айылын тартып мініп, ержеткенге дейін жоқшылықтың қамытын киюмен болған дейді. 1907 жылы әкесі Омар қайтыс болған. Жесір қалған анасы Бахарайым ұлын жетектеп, Өзбекстандағы диірменші ағасы Рахымның отбасын паналайды. Сөйтіп, Сабыр атамыздың фамилиясы «Рахимов» болып жазылып кеткен.
Ол да бiр аңыз адам. Қаны қазақ болғанмен, Орта Азия халықтарына ортақ тұлға. Десек те, тағдыры мың бұрылым болған соң амал бар ма?! Қырық үш жылғы ғұмырында жасындай жарқ етiп өттi. Найзағайдай шарт сынды. Әйтсе де артында өшпестей өнегелi iзi қалды.

Гитлершiл фашистерге қарсы жүргiзiлген сұрапыл соғыста «Темiр генерал» атаныпты. Заманы отқа салып илесе, болат темiрдей пiсiп-жетiлмесе, ол Сабыр болар ма едi?! Батыр Рахимов атанар ма едi?! Ата-бабадан дарып, анадан ержүрек болып туған соң Отан үшiн, ел үшiн, кейiнгi ұрпақ үшiн отқа түспей тұра ала ма?! Кеудесiн оққа тосып, ажалға қасқайып қарай алар ма?! Қалай десек те, ол – заманының дара тұлғаларының бiрi.

…1945 жылы 26 наурызда таңертең дивизияның командалық пунктiн жау минасы соққылады. Дивизия командирi Сабыр Рахимов, полковник А.Смирнов және командалық пунктiң басқа офицерлерi қатты жарақаттанды. 26 наурызда сағат 13.00-де есiн жимай генерал-майор С.О.Рахимов қаза тапты. Жоғарыда айтқанымыздай, денесi Ташкенттегi бауырластар мазаратына жерленді.

Кейінгі жылдары қазақ генералының есімін ұлықтау көлемді де кеңінен етек алды. Сабыр Рахимовтың құрметіне Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында көшелер, Қазығұрт ауданында ауыл аты берілді. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шымкенттегі республикалық «Жас ұлан» әскери колледжі Сабыр Рахимов есімімен аталады. Бүгінгі таңда Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылындағы орта мектепке де Сабыр Рахимовтың есімі берілген. Ташкент қаласында Сабыр Рахимовқа ескерткіш орнатылған. Польша Республикасының бір траулері генерал Рахимов есімімен аталады. Шымкент қаласында Тәуке хан даңғылы бойындағы «Жеңіс» саябағы генерал Сабыр Рахимовтың атында. Саябаққа кіреберісіне биіктігі 4 метр 20 сантиметр, ал тұғырымен қосқанда 7 метрден асатын ескерткіш орнатылған.

«Жеңіс» саябағында орналасқан «Ерлік» музейі 2012 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың бастамасымен ашылған болатын. Негізгі бағыты – жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу. Қазіргі таңда музей қорында 6 мыңға жуық экспонаттар қоры сақталған. Маңызы бар музей экспонаттары Екінші дүниежүзілік соғыс туралы майдан даласынан сыр шертеді, Тың игеру жолындағы, тылда еңбек жасаған ардагерлер туралы, 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеген жауынгерлер туралы мәліметтер берілген.

«Ерлік» музейінде 2021 жылы генерал-майор Сабыр Рахимовқа арнайы бұрыш ашылған болатын. Музей қорында генералдың фотосуреттерінің, құжаттарының көшірмелері, батыр туралы жазылған кітаптар бар. Келушілер генерал туралы деректермен таныса алады. Музей кез келген қоғамдық ортада ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық орталық ретінде көп қырлы әлеуметтік ақпараттар институты болып үлкен рөл атқарады.  

Музей – тәлім-тәрбие беретін ғылыми әрі рухани мекеме. 2020 жылы «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің көмегімен музейде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған  «Желтоқсан ақиқаты» атты арнайы бұрыш ашылды. Сонымен қатар, 2021 жылы 1949-1991 жылдар аралығында Ядролық сынақ айлағына айналған Қазақстан жеріндегі ядролық сынақтар жүргізілген полигондар және сол өңірлерде әр жылдары әскери борыштарын өтеген ардагерлердың ерлікке толы істеріне арналған «Ядролық сынақ майданы» бұрышы ашылды. Бұл жұмысқа «Семей Сынақ» қоғамдық бірлестігінің мүшелері көп қолдау жасады. Ал 2023 жылы Армения мемлекеті мен Әзербайжан Республикасы арасындағы ұлтаралық қақтығысқа қатысқан жауынгерлер туралы Қазақстан Республикасы «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің Республикалық Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының «Ерлік – ұрпаққа ұран» тақырыбында арнайы бұрышы ашылды.

Бүгінгі бейбіт өміріміз бен біртұтас елдігіміз – аға ұрпақ өкілдерінің жанқияр ерлігі мен еңбегінің, қайсар рухының жемісі. Сондықтан да олардың ерлік істерін алға сүйреуге міндеттіміз.   

 Бүгінгі таңда, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!

Егеменді еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

 

 «Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің»

МКҚК «Ерлік музейі» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Бердіқұлова Айгүлдің сөзін қағазға түсірген Марат ЖҮНІС-БЕК                       

 

   

   

  

 

 

__Последние новости

  • Басты назарда

"Білек күші - ер азамат белгісі"

28/01/2025 - 19:19
Админ
  • Басты назарда

ЖАРАЛЫ ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖАН СЫРЫ

28/01/2025 - 16:38
  • Басты назарда

Курсанттардың білімі таразыланды

28/01/2025 - 10:34
  • Басты назарда

ЖЕКЕ ҚҰРАММЕН ӨТКЕН ДӘРІС

27/01/2025 - 17:33
  • Басты назарда

Айтулы күндегі пресс-тур

26/01/2025 - 16:30
  • Басты назарда

Тәрбиешілер күніне арналған шара

25/01/2025 - 10:24
  • Басты назарда

103 жастағы майдангерді құттықтады

21/01/2025 - 16:31
  • Басты назарда

ЕРЛІГІ ЕЛ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙДІ

21/01/2025 - 10:30
  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ШЕРУГЕ ДАЙЫНДЫҚ

19/01/2025 - 16:22
  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ТӘРБИЕШІЛЕРДІҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ

19/01/2025 - 11:19