Ұлы Жеңіске үлес қосқан қазақтың Ұлы батыры!

1941-1945 жылдар аралығын қамтыған Ұлы Отан соғысы II дүниежүзілік соғыстың шешуші майданы болды. Бұл соғыс қаншама адамдардың ғұмырын қыршынынан қидырып, отбасынан, баланы әкеден, әйелді ерінен, ананы баласынан айырды. Дүниежүзілік соғыс қасіреті әлем жұртының жадында мәңгі қалды. Биыл осы сұрапыл соғысқа 80 жыл толып отыр. Осыған орай XX ғасырдың ең жарқын тұлғасы, белгілі жазушы, Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының жауынгерлік ерліктері туралы естеліктерді еске алып отырмыз.

Админ

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Әжесінің тәрбиесінде болып, кейін көрші ауылдағы әкесі Момыштың тамыры Иванның үйінде жатып оқып, орысша тілін меңгерген. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап әжесінің қолында өседі.

Б.Момышұлы ұлағатты өмір жолымен, тәуекелшіл ер мінезімен, оның майдан даласындағы батырлығымен бізге үлгі! Ол – өзі басқарған әскери құрамалармен бірге Отан соғысына бастан аяқ қатысқан жауынгер.

1941 жылы ІІ дүниежүзілік соғыс басталысымен Бауыржан ағамыз даңқты генерал-майор И.В. Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды, батальон, лейтенант шенінде жүріп-ақ, полк командирі қызметтерін атқарды. 

Соғыс жылдарында майдан даласында ерлік көрсетіп, қанды шайқастарда шыңдалған командирлер, әрине, жетіп жатыр. Бірақ қоршауын бір рет емес, сан мәрте бұзып-жарып өткен, сол қоршаулардан қарамағындағы жауынгерлерін аман-есен алып шыққан Б. Момышұлыдай ержүрек командир сирек болар…

Соғыстың қайнап тұрған кезінде жазушы Александр Бектің «Волоколомское шоссе» атты романы жарық көргені көпшілігімізге мәлім. Кең тынысты бұл роман Бауыржан Момышұлының батальонының ержүрек шайқастарын жан-жақты баян етеді. Соғыс кезінде комбат туралы дәл мұндай романның шығуы ерекше жаңалық еді.

Мұрағат деректері бойынша Б. Момышұлының айырықша батырлығын ескерген генерал И.В. Панфилов 1941 жылдың қараша айында оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғанын айтады. Араға біраз уақыт салып, 1942 жылы сондай наградаға екінші рет ұсынылыпты. Бірақ екеуі де сол кездегі жоғарғы басшылық тарапынан жауапсыз қалған.

Батыр атағын алмауына Б. Момышұлының бетің бар, жүзің бар демей, шындықты бетке айтып салатын туа біткен турашыл мінезі себеп болған секілді.

Қалай десек те, бұл халық мойындаған батырға жасалған тарихи әділетсіздік болғаны рас.

Жарты ғасырдан астам бұрынғы оқиғаларды қайта жаңғыртып, шаң басқан құжаттарды қопарып зерттеп, соның арқасында кезінде кеткен тарихи әділетсіздікті түзетуге қол жеткізіген. Соның арқасында 1990 жылы                       Б. Момышұлына (қайтыс болғаннан кейін) Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазақта айтады ғой: «Жақсы адамның қадірін тірісінде бағала» деп, өкінішті, әрине.

Қазақ елінің бүгінгідей гүлденіп дамуына қан майданда қолына қару алып, ал бейбіт заманда қаламымен өлшеусіз үлес қосқан Б. Момышұлы сынды алыптардың сіңірген еңбегі зор.

Батырға Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы – республиканың еңбекшілері мен қалың жұртшылығы, көптеген асыл тұлғалары, соғыс және еңбек ардагерлері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, халық қалаулылары Кеңес Одағының Батыры атағын беруде тарихи әділдікті қалпына келтіру мәселесін табандылықпен көтеріп келген екен. Қоғамдық пікірді қолдап,            Б. Момышұлының соғыс жылдарындағы ерліктері туралы тың мәліметтерді ескере отырып, Қазақ КСР Әскери комиссариаты мен Панфилов дивизиясының ардагерлері оған жоғары атақ беру туралы өтініштерін білдірген.

Расында да, Б. Момышұлы – республикаға кеңінен танымал және аты аңызға айналған тұлға! 1932 жылдан Кеңес Армиясы қатарында болып, соғыс майданын бастан өткерген, взвод, батальон, полк, дивизияны басқарған қайсар да, қайратты жауынгер болды.

Мәскеу түбіндегі қорғаныс шайқастарында Волоколамск бағытында 1941-1942 жылдың күзгі-қысқы операцияларда даңқы шықты. Горюный деревнясы мен Матренино теміржол станциясы маңындағы шайқастарда оның батальоны 600-ге дейін неміс солдаты мен офицерін, 6 танкін жойып, 18 ауыр және жеңіл пулеметтерді, 2 зеңбіректі, 3 радиостанцияны, құпия құжаттары бар 2 штабтық машинаны басып алды. Лопастино-Десятидворка деревнясы ауданындағы жаудың позициясына жарты взвод жауынгерлері мен жеңіл зеңбіректері бар түнгі рейд кезінде 200-ге жуық неміс басқыншысы жойылды. Крюково деревнясындағы ұрыстарда Б. Момышұлының атқыштар полкі жаудың жаяу әскерін, 18 танкін және басқа да көптеген әскери техникасын жоя алды. Осы және басқа да көптеген әскери іс-қимылдарда Б. Момышұлы батылдық танытып, жеке үлгісімен жауынгерлерін батыл әрекеттерге баулып, өзіне бағынышты бөлімшелерді тактикалық тұрғыдан дұрыс және шебер басқарды.

Б. Момышұлының осы және басқа да ерліктері үшін 316-атқыштар дивизиясының командирі И.В. Панфилов 1941 жылы 7 қарашада Ленин орденіне ұсынса, 1942 жылы тамызда 8-ші гвардиялық атқыштар  дивизиясының командирі Серебряков Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Бірақ жоғарыда айтқандай, белгісіз себептермен екеуі де назардан тыс қалыпты.

Кейін, Б. Момышұлы полк және дивизия командирі ретінде 1942-1943 жылдардағы Калинин майданындағы шабуыл операцияларына және 1945 жылдың көктемінде Курланд жерінде неміс әскерлерін талқандауға белсене қатысты. Тек 1945 жылдың ақпан-наурыз айларында Приекуле станциясы ауданындағы операцияда 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы                              Б. Момышұлы басқарған миссия жаудың қатты бекінген бекіністерінің үш шебін бұзып өтіп, 8 шақырымға дейін алға жылжып, 15 елдімекенді азат етті, 950 неміс солдаты мен офицерін, 25 зеңбірек, 50 пулемет пен миномет, 35 танкті жойды. Майданда көрсеткен осындай ерліктерінен                                                      Б. Момышұлының Отанға деген ілтипатын байқамауға болмас.

Соғыстан кейін Б. Момышұлы Кеңес Армиясы Бас штабының Әскери академиясын бітіріп, әскери ұстаздық қызметпен айналысты.

Б. Момышұлының каллиграфиялық жазуымен жазылған күнделігінің көшірмесі мен жеке құжаттарының түпнұсқасы елордамыздың төрінде орналасқан ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің «ХХ ғасырдың әскери тарихы» залында келушілер назарына ұсынылған. Бұл күнделікті оқи отырып та, оның өмірінің жауынгерлік кезеңдерін ғана емес, сондай-ақ ел тарихын, сол күрделі кезеңнің ауқымды оқиғаларымен жақын танысуға болады.

Бүгінгі күні егеменді ел болып, қазақ деген ұлт болып отыруымыздың өзі ата-бабаларымыздың ерлігінің арқасы. «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» Бауыржан Момышұлы атамыздың осы айтылған бір сөзі жастары отансүйгіштікке баулитыны анық ақиқат. 

 

Аға лейтенант Ақжолқызы Мөлдір,

ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінің

ғылыми қызметкері

 

__Последние новости

  • Басты назарда

103 жастағы майдангерді құттықтады

Кеше, 16:31
Админ
  • Басты назарда

ЕРЛІГІ ЕЛ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙДІ

Кеше, 10:30
  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ШЕРУГЕ ДАЙЫНДЫҚ

19/01/2025 - 16:22
  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ТӘРБИЕШІЛЕРДІҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ

19/01/2025 - 11:19
  • Басты назарда

ЖАУЫНГЕР ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН

18/01/2025 - 17:21
  • Басты назарда

Біріккен штабтық жаттығу тексерілді

17/01/2025 - 16:17
  • Басты назарда

Жаңа нысандар пайдалануға берілді

17/01/2025 - 11:15
  • Басты назарда

Мерекелік қуаныш сыйлады

14/01/2025 - 15:04
  • Басты назарда

Отан отбасынан басталады

14/01/2025 - 11:01