Подполковник Байжұманов Ақылбек Дәулетбекұлы, 1976 жылы 17 наурызда Амантау ауылында дүниеге келген.
Амантау орта мектебін (1993), Еңбек Қызыл Ту орденді Қарағанды политехникалық институтын (1998) тәмамдаған. Аталған институттың әскери кафедрасын бітіріп, запастағы лейтенант шеніне ие болған.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Бастапқы әскери дайындық» мамандығы бойынша білім бакалавры (2013) және Педагогика ғылымдарының магистрі (2019).
13 жыл (2002-2015) Кеңес Одағының екі дүркін Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әскери мектеп-интернатында (оқу взводы, рота командирі) қызмет еткен. Түлектері ҚК, ҰҚК, ҰҰ қатарында қызмет етуде. Бәрімен жақсы байланыста.
Әскери қызметтегі еңбек өтілі 20 жыл. ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» және т.б. мерейтойлық медальдармен наградталған.
2018 жылдан Шахтинск қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы.
Жұбайы Айнұр Сүйіндікқызы Ақтоғай ауданы, Жәмші ауылының тумасы. Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қарағанды теміржол колледжінде қызметте. Ерлі-зайыптылар Әлихан, Нарғыз және Әмірхан атты үш бала тәрбиелеп отыр.
ЕЛ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТУ – ПАРЫЗ
– Саулығыңызды тілеймін! Жаңа жылдан кейінгі кездесуіміз жемісті болсын. Жалпы, жыл қалай басталды?
– Өткен жылды жақсы қорытындыладық, өкпеміз жоқ. Жаңа жылға жоспарымызды жасадық. Қысқаша осы.
Ал жаңалығына келетін болсақ, таяуда Республика Президентінің «Ana tili» газетіне берген «Менің мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбаты біраз тың тапсырмалар жүктеді. Мақалада ел өміріне қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәртебесіне, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге, әскери парад өткізуге, батырларды ардақтауға қатысты және басқа сұрақтар көпшіліктің ойынан дөп шықты деп ойлаймын. Отан қорғаушылардың бірі ретінде өз басым және біздің ұжым бұл сұхбатты қызу қуаттады. Сонымен қоса, жаңа жоспарлар жасауға кірістік. Алдағы уақытта атқаратын іс-шараларымызды анықтап, бағытымызды айқындап жатырмыз. Жылдың алғашқы күндері осылай айшықталып жатыр.
– Подполковник мырза, Шахтинск қаласы – қасиетті өңір, шерте білсе - сыры көп, тыңдай білсе - мұңы көп. Қойнауы тұнған тарих.
Қазақтың осындай киелі де, қасиетті өңірін таныстыра кетсеңіз. Мұндай жерде ҚІЖБ-ны басқару қаншалықты жеңіл немесе ауыр?
Тентек кентінің негізінде құрылған Шахтинскіге қала мәртебесі 1961 жылы 15 тамызда берілген. Шахтинск – кеншілер қаласы, облыс орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Батысында Абай ауданымен, оңтүстігінде Нұра ауданымен, шығысында Сарань қаласымен шектеседі. Қалада 57 мыңнан астам тұрғын бар. Маңайдағы Шахан, Долинка, Новодолинский кенттері біздің қаланың құрамына кіреді. Қарағанды облысының өнеркәсіптік базалық саласын қайта өңдеу, электроэнергиясын, газды және суды бөлу деп қарастырсақ, оның экономикалық дамуында көмір өндірісі кәсіпорындарының алар орны зор. Көмір өндірісі «Qаrmеt» AҚ структуралық құрылымдары «Шахтинская» шахтасы, «Казахстанская», «Тентекская», «Ленин атындағы шахта» сияқты ірі өндіріс орындарын (шахталарды) атап өтсек болады. Біздің өңірдің осындай тарихи ерекшеліктері бар.Ал бұл жерде бөлімді басқару жеңіл немесе ауыр деп бөлектеп айта алмаймын. Себебі, қай жұмыстың да оңайы жоқ. Әр мамандықтың өз ерекшелігі бар. Мысалы, біздегі мерзімді әскери қызметке шақыруды қарастырсақ, шақырушылар көбінесе Шахтинск технологиялық колледжіне түседі. Осы аталған оқу орнында 700-ден астам студент оқиды. Олардың көбі диплом алысымен негізінен әскерге барып келіп жұмысқа тұрады. Әскери жиындарға немесе жұмылдыруға арналған дайындықтарға әскери міндеттілер шахталардан шақыртылады. Бұл бағытта ел арасында жүргізіп отырған үгіт-насихат жұмыстары, басқа да іс-шаралар оң нәтижесін беруде. Ал әскери жоғары оқу орындарына үміткерлерді және келісімшарт бойынша қызметке шақыру жағы қиындау. Ол жағы өндірісті аймақтарға тән ерекшеліктер екені түсінікті болар.
– Қызметке кіріскеніңізге біраз уақыт болды. Бұрынғы қызметіңізбен салыстырып өтейікші, өткен уақыт аралығында облыстың, кенді қала Қарағанды мен Шахтинсктің ерекшелігімен танысып, ҚІЖБ жұмысын жаңа жолға қойып үлгерген шығарсыз. Мүмкін болса, әңгімемізді ұжымыңыздың тарихына шолу жасаумен бастасақ.
Осы ұжымға келгеніме 6 жыл болды. Істің мән-жайын толық меңгердім деп есептеймін. Себебі, бұған дейін бірнеше жыл бөлімше бастығы, бастықтың орынбасары лауазымдарын атқарып, біраз тәжірибе жинақтадым. Қазір бөлім бастығымын. Ал одан бұрын Кеңес Одағының екі дүркін Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінде істегенмін. Әрине, әскери мектепте кәмелетке жасы толмаған балалармен жұмыс істеудің жауапкершілігі жоғары. Оны толыққанды сезіне білу керек.Қазіргі ұжымға келетін болсақ, біздің ұжым өте ұйымшыл. Арамызда көп жылдан бері істеп келе жатқан тәжірибелі, іскер мамандар аз емес. Қызметте әр жағдайлар болады, соған түсінікпен қарауға және әділ шешім қабылдауға тырысамын. Қарамағымдағы әскери қызметкерлер де, азаматтық персоналдар да дәрежемді және қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің дәрежесін түсірмеуге тырысады. Қазіргі таңда қызметтік, жұмылдыру іс-қимыл облыстық басшылықтан жоғары бағамен бағаланып жатқанына куәмін.
– Ақылбек Дәулетбекұлы, Шахтинск қалалық бөлімі мен Қарағанды облыстық Департаменті арасында қандай іскерлік байланыс қалыптасқан? Жалпы, өзге өңірлермен салыстырғанда өндірісті өңірде жұмысты ұйымдастырудың ерекшеліктері бар ма?
Ондай байланыс міндетті түрде бар ғой. Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес қызметтің барлық түрі тығыз байланыста жалғасуда. Жоғарғы басшылықтан берілген тапсырмалардың және қойылған талаптардың, сұраныстардың уақтылы орындалуы күнделікті қадағаланып, есеп беріп отырамыз. Мәселен, 2024 жылы көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқаны берілген тапсырмаға сай жүргізіліп, жоспар көктемде өткен шақыру кезеңінде 110 пайызға, ал күзгі қорытынды 109 пайызға орындалды. Департаменттен лауазымдағы адамдар тексеруге немесе көмек беруге атсалысып жатады. Жоғарыда айтып өткенімдей, әскери есепте тұрған шахталарда жұмыс жасайтын адам саны көп болғандықтан, оларды жұмылдыруға байланысты іс-шаралардың нәтижесінде әскер қатарына шақыру оңайға түседі. Екінші жағынан, ұжым мүшелерінің тұрақты және нәтижелі жұмысы оң жемісін беріп отыр.– Подполковник мырза, сіздердің негізгі жұмыстарыңыз әскерге шақырумен байланысты. Әрине, жауынгерлік дайындық, жауынгерлік әзірлік, ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары, оқ ату даярлығы және басқа да толып жатқан сабақ түрлерінен тыс қалмайтындарыңызды білемін. Дегенмен, әскерге шақыруды ұйымдастыру, жүзеге асыру сіздер қызмет ететін әскери құрылымға ғана тиесілі. Сондықтан осы мәселені жүзеге асыру барысына тоқталсаңыз.
– Біз үшін әскерге шақыруды ұйымдастыру жұмысы өте маңызды. Жергілікті атқарушы органдармен, оның сыртында басқа да мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірігіп көптеген іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, полиция бөлімі әскери қызметтен бас тартып жүрген шақырушыларды іздеуге атсалысып, оларды шақыру медициналық комиссиясына жеткізіп отырады. Ол да бізге үлкен көмек.
Сондай-ақ, соңғы жылдары мерзімді әскери қызметке шақыру Ережесіне бірқатар өзгерістер еңгізілді. Осы жаңалықтарға тоқталып өткім келеді.
Кез келген сарбаз үшін әскерден келгеннен кейін 2 жыл ішінде ҰБТ қорытындысын есепке алмай, ақылы негізде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігі қарастырылған. Одан басқа, мерзімді әскери қызметке барған әскери қызметшілерге 14 айға кредиттік демалыстар беріледі. Меніңше, бұл дұрыс шешім. Нәтижесі де оң болуға тиіс.
– Жеке құрамның далалық жаттығуларға және жиындарға қатысуы қаншалықты қалыптасқан?
– Қысқы және жазғы оқу кезеңі басталған уақытта жеке құрам жұмылдыру даярлығын арттыру үшін немесе командалық-штабтық жаттығулар кезінде осы іс-шараларға қатысады. Жылдық қорытынды кезінде жеке құрам Спасск кентіндегі әскери бөлімнің полигонында тапанша (пистолет) және «АК-74» автоматынан норматив тапсырады. Нәтижелері жаман емес.
– Бөлімнің жергілікті мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен байланысы қалай дамуда?
– Бөлімде жергілікті мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Оның ішінде Ауған және Қарулы Күштер ардагерлерінің ұйымдарымен бірлесіп, салтанатты түрде әскерге шығарып салу рәсімін, мектеп-колледждерде Ерлік сабақтарын жүргізу, әскери бөлімдерде «Әскердегі бір күн» акциясын өткізу іс-шаралары ешқашан үзілген емес.
Әскери міндеттілерді әскери жиынға жібереміз, әскери жоғары оқу орындарына кандидаттарды іріктеп жолдаймыз, мерзімді және келісімшарт қызметіне шақыру жұмыстарымен тұрақты айналысамыз. Жылына Шахтинск өңірінен кемінде 140-тан астам шақырушыларды азаматтық борышын өтеуге жібереміз.
– Өз тарапыңыздан алып-қосарыңыз бар ма?
– Ұжым атынан сізге де рахмет айтамын. «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы жанымызға жақын басылымдар ғой, әскери қаламгер достарымызға шығармашылық табыстар тілеймін!
Сұхбатты жүргізген Марат ЖҮНІС-БЕК